Өткен жыл қорытындылары қаперге алынды
Қазалы аудандық сотында баспасөз конференциясы өткізілді. Онда аудандық сот төрағасы Дидар Мұратбекұлы 2017 жыл ішіндегі сот әділдігін жүзеге асыру барысындағы атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
Д.Мұратбекұлының статистикалық мәлiметтеріне сүйенсек, тауық жылы 322 адамға қатысты 281 қылмыстық іс тіркелген. Осы мерзімде 275 құжат қаралған.
Қылмыстық кодекстің 67, 68-бабы 76 дерек бойынша қолданылды. Соның арқасында 84 сотталушы қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Оның ішінде 65 қылмыстық іс медиатордың қатысуымен қаралған.
Өткен жылдың 12 айында 1837 арыз, 41 іс түсіп, 1838 іс қаралып аяқталған. Оның 1028-і сот бұйрығы, 617-сіне шешім шығарылды. 40 іс қараусыз қалдырылып, 122 іс өндірістен тоқтатылған. 2 арыз қабылдаудан бас тартылса, 26 талап арыз кері қайтарылған.
Ескере кететін жайт, тоқтатылған азаматтық істердің 5-і партисипативтік рәсім арқылы тоқтатылған. Талап арыздардың барлығы да «Сот кабинеті» арқылы түскен.
Әкімшілік істерге орай аудандық сот жүйесіне 1471 іс қабылданған. Алайда, 2-і кері қайтарылған. 1423-і 1423 адамға қаралып, 1248 іс бойынша 1248 құқық бұзушыға әкімшілік шара көру жөнінде қаулы қабылданған. 158 дерекпен 158 айыпталушы әкімшілік жауаптылықтан босатылды. 17 заң тәртібіне бағынбағанға тәрбиелік ықпал ету шаралары белгіленген, 51 жеке қаулы шығарылған. Мерзімі бұзылып қаралған, тоқтамға алынған әкімшілік істер жоқ.
Жиын барысында Д.Мұратбекұлы теріс қылықтар бойынша қылмыстық кодекске бұйрықтық іс жүргізу тәртібі енгізілгендігін айтты. Сот төрағасының айтуынша, бұл Еуропа мемлекеттерінен келіп жатқан жаңалықтың бірі.
Сондай-ақ, аудандық сот цифрлық бағдарлама бойынша электронды нұсқада жұмыс істеуді жүзеге асырып отыр. Электронды қолтаңбаны қолданып жүргізілген іс бұрмаланбайды. Нәтижесі шыққаннан кейін прокурорға немесе тікелей сотқа жіберіледі. Қағазбастылық азайып, уақыт үнемделеді әрі деректер өзгерілмейді.
Баспасөз мәжілісін қорытындылаған Д.Мұратбекұлы, үстіміздегі жылы атқарылуға тиісті жұмыстармен таныстырып, татуластыру рәсімдерін қолдану басты назарда болатынын жеткізді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.