Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Момо» мерт қылмасын

«Момо» мерт қылмасын

Ғаламтор желісінің дамуы мен қолданылуы күн өткен сайын еселенген қарқынмен дамып жатқанына ешкім дауласа қоймас. Оның күнделікті өмірдегі жедел шаруалар мен шешімі қиын мәселені оңтайландыруға көп септігін тигізіп отырғаны рас. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді зиянды жақтары да аз емес. Дейтұрғанмен адамзат ендігі жерде онсыз өмір сүре алмайтындай жағдайға жетті. Әсіресе кішкентай балаларға бұдан артық ойыншық та, ермек те жоқ. Ал әлеуметтік желілерді дендеп алған арамзалар бұны балаларға қастандық жасауда ұтымды пайдаланып келеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жеткін­шектерді өз өзіне қол жұмсауға шақырып, қоғамды дүр сілкіндірген “Көк кит” ойынын халық әлі ұмыта қойған жоқ. Себебі ол мақсатына жетті. Бірнеше қазақстандық жасөспірімнің өмірін қиды. Артынша тиісті органдар мен балаларға жауапты адамдардың жұмылуымен ел аумағынан толықтай жойылды десек болады. Бірақ біраз уақыт бұрын осыған ұқсас “Момо” деп аталатын жаңа ойын жарыққа шыққанын білеміз. Сол қорқынышты кейіпте өңделген құбыжық қызды ғаламтор желісінен іздейтін қызылордалықтар саны соңғы уақытта күрт өсіп кеткен. Бұл туралы жақында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада өткен кездесуде елге белгілі медиа тренер Асхат Еркімбай айтқан еді.

Асхат алдымен өңірдің әр түкпірінен келген журналистерге “Гугл” ақпараттық сайтынан облыс тұрғындары көп іздеген сөздерді арнайы бағдарлама арқылы назарға ұсынды. Нәтижесінде үздік үштікке әлемге танымал кинофильмдер жайғасты. Ал қызылордалықтар қызығушылық танытқан тіркестер бестігін “Момо” сөзі қорытындылады.


– Мен еліміздің көптеген қалаларында болып, осындай статистика жасадым. Өздеріңіз көріп отырғандай Сыр өңірі “Момо” ойынын ойнайтын балалар саны жағынан көш бастап тұр. Оның не екенін білмейтіндер үшін айта кетейік, “Момо” жеткіншектерге қорқынышты әрі қиын тапсырмалар беру арқылы суицид жасауға итермелейтін ойынның бір түрі, –
деді Асхат. Сондай-ақ жиналғандарды халықтың белсенділігі тұрғысында анықталған статистикамен таныстырды.

Қауіпті ойынды ғаламтор желісінен іздеуші­лердің саны әсіресе сенбі, жексенбі күндері артатын көрінеді. Бұл мектеп қабырғасындағы балалардың сабақтан босап, телефонды ермек қылатын сәтіне тура келіп тұр. Ал оқу жылы соңында берілетін тоқсан күндік демалыста “Момоның” тұрақты ойыншыларынан бөлек “гугл”-дан іздеушілердің қатары жүзден асып жығылады. Түсінген жанға бұл өңірдегі жүздеген балаға қауіп төніп тұрғанын аңғартады.


“Момо” туралы ақпарат ең алғаш испандық интернет ресурстарда пайда болды. Уақыт өте келе оның түптамыры “Құс әйел” және қытай, жапон аңыздарынан шыққаны анықталды. Мифология желісі бойынша жүкті әйел белгілі бір жағдайда қайтыс болып, осыдан соң жер бетіндегі барлық балаларды түрлі кейіпке еніп, қорғап жүреді-мыс. Ал біз білетін “Момо” мүлдем бөлек.


Ойын шарты бойынша әуелі іздеуші үрей туғызатын қыздың суреті қойылған қолданушыны WhatsApp желісінен тауып алып, хат жолдау керек. Бір қызығы, “Момо” кез келген тілде жауап жаза алады. Бұдан соң қорқынышты әрі қиын тапсырмаларды кезең кезеңімен құрбанына жолдай бастайды. Егер орындай алмаса баланың өзі туралы мәліметтерді жіберіп, суицидке итермелейді. Оны да орындаудан бас тартса жақындарына, ата-анасына қастандық жасайтынын айтып қорқытады.


Осыдан аз уақыт бұрын елдегі барлық мектеп оқушылары үшін үш айлық жазғы демалыс басталып кетті. Бесіктен белі шықпаған балаларға дейін ұялы телефоны бар екендігін ескерсек, олар ашық ақпарат алаңынан кез келген былыққа тап болуы мүмкін. Ал жұмыстан шаршап немесе өзінше демалғысы келетін ата-ана да баланың не нәрсеге үңіліп отырғанына қызығушылық танытпайтыны жасырын емес. Осы тұста қолына ұялы телефон ұстаған жеткіншектің ата-анасы аталған ойындардың орны толмас қайғыға душар етуі мүмкін екенін естен шығармағаны абзал. Әлі оң-солын танып үлгермеген мектеп оқушысына қымбат қалта телефонының қажеті қанша?
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
01 маусым 2019 ж. 2 688 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930