Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәт сапар, жас түлек!

Сәт сапар, жас түлек!

Өткен сенбіде республиканың барлық өңірін­дегі сияқты Қазалы ауданындағы білім ордаларында да соңғы қоңырау салтанаты өтті. Жүректерге қуаныш-шаттықпен қоса қимастық сезім сыйлаған шарада барша жас түлектерге ыстық ықылас пен ақ тілектер ақтарылды.

Биыл 10 жылдық мерейтойын тойлаған Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің білім, өнер және спорт саласындағы қол жеткізген жетістіктері жеткілікті. Ұлағатты ұстаз Күлзипа Нақан басшылық жасайтын білім ордасының шәкірттері республикалық, халықаралық дәрежедегі сайыстарда топ жарып, аудан намысын асқақтатып жүр.

Биылғы оқу жылын тәмамдаған мектеп-лицейдегі 1740 оқушының 582-сі үздік, 623-і оқу екпіндісі атанып, жалпы білім сапасы 77 процентке жеткен. Осы жылы мектеппен қоштасатын 64 түлектің оны – «Алтын белгіге», ал бесеуі – үздік аттестатқа үміткер.

«Болашақ – жас­тардікі» тақырыбымен өткен кеште гүл дестелері мен көмкеріліп, түрлі-түсті шарлармен безендірілген алаңға шыққан 11 «а», «ә», «б» сыныбының оқушылары мен жетекшілерін жиналғандар қошеметпен қарсы алды.

Салтанатты шараны мектеп директоры Күлзипа Нақан ашып, аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, «Құрмет» орденінің иегері, ардагер ұстаз Күләш Мергенбаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанат Сәрсенбай құттықтау сөз сөйледі. Алтын ұядан қанат қаққалы тұрған түлектердің қадамына сәт-сапар тіледі.

Келесі кезекте аталмыш оқу ордасының түрлі деңгейдегі білім, спорт, өнер додаларында алтыннан алқа таққан және республикалық, облыстық, аудандық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары атанып, мектеп-лицей абыройын асқақтатып жүрген дарынды шәкірттер шеруі алаң төрінде сап түзеді.

Мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары сөз алып, ұстаздарға ықылас гүлі тапсырылды. 11 сынып оқушылары 10 сыныптықтарға мектеп аманатын тапсырды.

Ақ тілектер мен ізгі ниет ақтарылған кеш соңында күміс қоңырау үні сыңғырлады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
Кент орталығындағы №266 мектеп-лицей тарихы тереңде жатқан, іргелі білім ораларының бірі саналады. Биылғы оқу жылында бұл қасиетті қара шаңырақтан 1600-ге жуық шәкірт тәрбие алды. Солардың арасынан 61 жас түлек алтын ұядан үлкен өмір аспанына қанат қаққалы отыр. Олардың 51-і ҰБТ-ға қатысса, 3-уі «Алтын белгіден» үміткер қатарында. Еңселі де, сәулетті мәртебелі мекеннің кең ауласындағы «Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла, соңғы қоңырау» атты салтанатты жиынды мектеп-лицей директоры Сейілхан Бердібекұлы сөз сөйлеп ашты.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрғиса Жалғасбаев мұғалімдер мен бітіруші түлектерді, ата-аналар қауымын есте қаларлық қуанышты сәтпен құттықтады. Бүгінгі жас өскіндердің ертеңгі күні тәуелсіз елдің өсіп-өркендеуіне лайықты үлесін қосатын абыройлы азаматтар сапынан табылуына тілектестігін айтып, жолдарына құтты қадам тіледі. Қажырлы еңбегімен танылған бір топ қызметкерлерге аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Бұдан соң ұс­таздар атынан Алма Жақыпова, Алмас Бақытов, ата-аналар Бақыткүл Нағыметова, Серік Нұралы, Зейнегүл Байкөбесова, Керімкүл Бөріқұлақова жүрекжарды лебіздерін жет­кізді.

11 сынып оқушылары Айдана Нұрқожа, Жұлдыз Қуантай, Әйгерім Жаңаберген, Сәуле Үсенәлі білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғысын жау­дырып, білім ордасына деген қимастықтарын сездірді. Парталастарының болашағы жарқын, арман-мақсаттары биік болуына ыстық ықыластарын білдірді. Кеш соңын ала бере сыңғырлай соғылған соңғы қоңырау үні жүректерге алабұртқан айрықша сезім сыйлады.
Сахи БАХИҰЛЫ
Мектеп бітірушілер құрметіне соғылған соңғы қоңырау салатанаты 25 мамыр күні Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектепте де өтті. Аталмыш оқу ордасынан 32 оқушы қанат қаққалы тұрса, олардың үшеуі «Алтын белгіге» үміткер.
Жастар жылымен астасқан шара бітіру­шілер шеруімен басталды.

Іс-шара шымылдығын құттықтау сөзі­мен ашқан мектеп директоры Зинегүл Жүсіпова үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған шәкірттеріне жоғары оқу орнына түсіп, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына атсалысатын айтулы азаматтар болуына сәтті сапар тіледі.

Салтанатты жиынға шақырылған құр­метті қонақтар аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш, білім бөлімінің өкілі Ерлан Өтепбергенов пен Серік Қуанышбаев, Гүлжаһан Шалболова бастаған ардагер ұстаздар ақжарма тілектерімен бөлісіп, жауапты кезең – ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары жетістіктерге қол жеткізуге ізгі тілегін білдірді.Облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп мектеп басшысына Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы – Түркісойдың «Қорқыт ата» медалін табыс етті.

Бұл күні ата-аналар мектеп ұжымына алғыстарын жеткізсе, алғашқы ұстазы мен сынып жетекшілері мектеп қабырғасындағы естеліктермен бөлісті.

Түлектер тебіреніспен толқынысқа толы сезіммен жүрекжарды лебіздерін айтты.

ҚР Мемлекеттік Туын Раушанбек Ахмет, Дидар Қадыр, Рамазан Темір, білім кілтін Айдана Жүсіпбек, мектеп аманатын Берекет Алмас, Нәзікжан Жарылқасын, Ұлжан Есет, Аружан Нұрланбек, Тоғжан Төрехан ізбасарларына ілтипатпен табыс етті. «Алтын белгі» үміткерлері Нұрбол Бектұрған, Дариға Тілектес, бірінші сынып оқушылары Дамир Қуанған мен Айханым Шынтемірова соңғы қоңырау қағу құметіне ие болды.

Алтын ұяларынан қимастықпен қош­тасқалы отырған оқушылар әсерлі ән, көңілді күй, ерекше билерімен шара көркін қыздырды.
Алтын МЕЙІРХАНОВА
Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атын­дағы №17 мектепте «Ұлы дала түлектері» тақырыбында соңғы қоңырау салтанаты өтті.

Кеш басталмас бұрын әсем безендірілген сахна төрінде 1 сынып оқушылары «Мек­тебім» әніне билеп, көрерменнің ықыласына бөленді. Бұдан соң – бітіруші түлектер мен сынып жетекшісі қошеметпен сахна төріне шақырылды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы ортаға әкелініп, Гимн орындалды. Мектеп директоры Эльмира Сматуллаева құттықтау сөз сөйлеп, 2018-2019 оқу жылында белсенділігімен ерекшеленген ұстаздар мен шәкірттерді түрлі номинациялар бойынша марапаттады. Бұдан соң аудандық мәслихат депутаты Жанат Көланова игі тілегін жеткізіп, бірқатар ұстаздарға аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Сонымен бірге мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Кенжалиеваның кеудесіне «Қорқыт ата» медалін тақты.

Осындай айтулы күні мектеп біті­руші түлектер ұстаздарын түрлі атаулы бағамдармен марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

Осыдан 20, 25 жыл бұрын мектеп қабыр­ғасынан түлеп ұшқан шәкірттер бақилық болған ұстаздары мен сыныптас достарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Ұстаздарға, достарға, білім ордасына деген сағыныштарын арнау өлеңмен әсерлі жеткізген түлектер сый-сияпат көрсетуді де ұмытпады. Барлығы бірге «Армандастар» әнін әуелете шырқап, ұстаздарын ортаға алып, би биледі.

Түлектерге бастауыш сыныпта білім берген Бағым Сахиева, Алма Алушаева, 11 сыныпқа дейін жетекшілік еткен Эльмира Әбсұлтанова ізгі тілегін арнады. «Білім кітабы» ізбасарларға салтанатпен тапсырылды. «Мектеп вальсі» биленіп, соңғы қоңырау сыңғырлата қағылды. Түлектерге ардагер ұстаз Қазыбай Саниязов батасын беріп, ақ жол, сәт сапар тіледі. Кеш соңында түлектер «Қош бол, мектебім» әнін орындап, ашық аспан аясына түрлі-түсті шарлар мен бейбітшіліктің белгісі – ақ көгершіндер қалықтады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
Қасиетті қара шаңырақ атанған Жанқожа батыр атындағы №70 мектепті бітірушілердің соңғы қоңырау кеші білім ордасының 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Тарихы әріде жатқан мектепті, осы күнге дейін 179 шәкірт «Алтын белгімен» бітірген екен. Іргелі шаңырақтың 1939 жылғы түлегі, КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы Роза Бағланова бүкіл қазақтың мақтанышы болса, әр жылдардағы түлектер арасынан 2 академик, 50-ден астам ғылым докторлары мен кандидаттары шықты.

Мұндағы соңғы қоңырауға арналған салтанатты мектеп директоры Қ. Сермахан ашып, биылғы оқу жылындағы қол жеткізілген жетістіктерді атап көрсетті. Мектепті 1976 жылы бітірген «Қазалы сусервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры, аудандық мәслихат депутаты С.Орынбаев аудан әкімінің Алғыс хатын мұғалімдер: Р.Бектібаева, Б.Түменбай, А.Сейтмамбет, М.Алманиязов, Л.Шамшадинова, А.Нұрқо­жаева, Н.Балғараев, Р.Орынбаева, Л.Тілеу­баева, Л.Арзахметова, А.Тұрымбетов, Ж.Оңғароваға табыс етті. Бұдан әрі кешке арнайы келген Қорқыт ата атындағы университеттің политехникалық факультет деканының орынбасары Э.Елеуова, кент әкімдігінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы Т.Құлмұратов, аудандық оқу бөлімінің қызметкері, әрі мектеп бітірушілерге бастауыш сыныпта жетекші болған Г.Шамшатова жас түлектерді мерейлі күнмен құттықтап, болашақтарына сәттілік тіледі.
Бақтыбай ЖӘКЕНОВ
Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектепте де соңғы қоңырау үні сыңғырлап, түлектердің қоштасу жиыны өтті.

Шара шы­мыл­дығы Гимнмен ашылып, мектеп директоры Төребай Шермаханов оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, ақ тілегін жеткізді. Үстіміздегі оқу жылының мектеп үшін табысты өткендігін айтып, сол үрдістің жалғаса береріне сенім білдірді. Сонымен қатар мектеп басшысы түлектерге ұлттық бірыңғай тестілеуде жақсы көрсеткішке жетіп, әркез биіктерден көріне берулерін тіледі.

Салтанатты шараға қатысқан ардагер ұстаз Тазагүл Жақсылық: “Әрбір шәкірт – бір жұлдыз, оны жарқырататын ұстаздардың сапалы білімі мен саналы тәрбиесі деп есептеймін. Алтын ұя мектептеріңнің абыройын асқақтата беріңдер. Баршаңа сәттілік тілеймін”, – деген ізгі ниетін жеткізді.

Маңызды басқосуда құйқылжыта ән шырқалып, мың бұрала би биленді.

Сондай-ақ бұл күні С.Сейфуллин атындағы №165 мектепте “Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла, соңғы қоңырау!” атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Жоғары деңгейде өткен салтанатқа ата-аналар, ардагер ұстаздар, 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер қатысты.

Айтулы мерекеде сөз алған мектеп директоры Ләззат Ізбасханова түлектердің алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуден сәтті өтулеріне тілектестігін білдірді.

Шара барысында жас түлектер үшін қобалжи күткен қоңырау үні естіліп, кезекті оқу жылы да аяқталды. Биыл 35 оқушы үшін күміс қоңырау соңғы рет соғылды. Жас өскіндер 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына шексіз алғыстарын айтты.

Жиында ата-аналар түлектерге өмірлік біліммен сусындатқан ұстаздардың үмітін ақтап, елдің абыройлы азаматтары болуына тілектестігін жеткізді. Жалпы С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің бітіруші түлектері биыл киелі білім ордасын табысты аяқтап отыр. Олардың көпшілігі облыстық, аудандық пәндік олимпиадалар мен түрлі білім додаларында оза шапқандар. Осылайша жастар ертеңге деген үмітін үкілеп, үлкен өмір даңғылына жол салды.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
28 мамыр 2019 ж. 6 612 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 39

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930