Салауаттылыққа тәрбиелейтін еңселі кешен
Кімнің болса да денсаулығын нығайтып, көтеріңкі көңіл-күй жағдайында жүруіне спортпен айналысудың тигізер пайдасы орасан зор. Сондықтан да Елбасы бұл мәселеге баса назар аударып, осы саланың өрістеп, өркендеуіне айрықша көңіл бөліп келеді. Жыл сайын еліміздің жер-жерлерінде заманауи талапқа сай спорттық нысандар бой көтеруде. Дәл осындай әлеуметтік маңызы бар ғимарат – 120 орындық спорт кешені 2014 жылдың қарашасында Әйтеке би кентіндегі Қ.Пірімов көшесі бойынан салынып, тұрғындар игілігіне берілді.
Бүгіндері айналасы саялы ағаштармен көмкерілген, екі қабаттан тұратын еңселі кешен алыстан көз тартып, төңірекке ерекше көрік сыйлайды. Күнұзағына мұнда келіп-кетушілер қарасы баршылық. Солардың арасынан мектеп шәкірттерімен бірге жас деңгейі әр түрлі адамдарды жолықтыруға болады. Барлығы да бос уақыттарын тиімді пайдалануды мақсат етіп, спортты жанына серік еткендер. «Шынықсаң, шымыр боласың» деген нақылдың мәнін жете ұғынған олар қолы қалт еткенде бойларына салауаттылық пен сергектікті қалыптастыруға дағдыланады.
Аудан орталығы тұрғындарын дене шынықтыру мәдениетіне тәрбиелейтін қасиетті орында қазіргі таңда футбол, баскетбол, волейбол, қазақ күресі, дзюдо, таеквондо және мүгедектер спорты секциялары жұмыс істеп, 500-ден астам адам жаттығады. Бұларға жоғары және арнаулы орта білімді 8 жаттықтырушы, 4 спорт нұсқаушысы қызмет көрсетеді. Араларында тәжірибесі толысқан, білікті мамандар аз емес. Мәселен, 2017 жылы Ақтөбе қаласында өткен белбеу күресінен ҚР чемпионатында 75 келі салмақ дәрежесі бойынша қола жүлдегері, 2018 жылғы Астана қаласындағы чемпионаттың күміс жүлдегері, ҚР спорт шебері, дзюдо жаттықтырушысы Серікбол Сембиев өз кәсібінің шынайы шебері.
Сондай-ақ, таеквондо, футбол, қазақ күресі жаттықтырушылары Серік Жиенбаев, Жандосбек Нәбиев, Жаңабек Нағашыбаевтар да міндетті істеріне мұқият қарайтын мақтауға лайық азаматтар.
Біз тілге тиек етіп отырған жайлы да сәулетті спортшылар ордасында түрлі деңгейдегі тартысты шаралар үзбей өткізіліп тұрады. Атап айтсақ, Астана қаласының 20 және Қызылорда қаласының 200 жылдығына байланысты қазақ күресінен, таеквандодан, кіші футболдан, волейболдан, баскетболдан, қол күресінен, гір көтеруден және шахматтан жарыстар ұйымдастырылды. ҚР Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесінде мемлекеттік қызметкерлер арасында волейбол, кіші футбол, үстел теннисі, шахмат, дойбы, садақ тарту және мылтық ату сайысы өтті. ҚР білім беру ісінің үздігі Марат Мамаевтың зейнеткерлікке шығу құрметіне арналған волейболдан ерлер арасындағы облыстық турнир де жанкүйерлер көңілінен шықты. Бұл жөнінде тізбелеп шықсақ, әлі де жалғаса береді. Бүгін тек жоғарыдағыдай басты-бастыларын айтып өтуді мақұл көрдік.
«Қазалы спорт клубы» мекемесінің директоры Нұрболат Әбиевтің:
– Тәуелсіздігіміздің тағылымы, рухани жаңғырудың әсері шығар соңғы жылдары спортпен шұғылданушы жастар қатары көбейе түсуде. Біз қашан да келушілерден қызметімізді аянып қалмаймыз, – деген әңгімесі жүрегімізге жылылық ұялатты.
Сахи ҚАПАР