Көркі көз тартады
Әйтеке би кентіндегі Қ.Пірімов көшесі бойындағы субұрқақ көпшіліктің кешкі демалысының шырайын келтіріп, тұрғындарға және кент қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлайды.
Көше көркін бұрынғыдан да аша түскен субұрқақ әсіресе, қазіргідей жаз маусымында балалар үшін таптырмас демалыс орнына айналған. Әсем де көрікті көше бойындағы асыр салған бүлдіршіндердің барлығы да мәз-мейрам.
«Кент көшелері жыл өткен сайын көркейіп келеді. Тұрғындар барып, демалатын жерлер көбейе түсті. Мәселен, апта соңында баламды ертіп кешкі серуенге шықтым. Қ.Пірімов көшесінің бойындағы субұрқақты көріп, ұлым ерекше қуанып қалды. Өзім де керемет әсер алдым. Аспанға атқылаған субұрқаққа қарап отырып біраз демалып қаласыз. Жадырап жеткен жаз мезгілінде көпшіліктің сүйікті орнына айналған осындай көшелердің ауданымызда көбейе бергенін қалаймыз», – дейді Ә.Молдағұлова көшесінің тұрғыны Жақсыгүл Серікқалиқызы.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында бой көтерген «Тәуелсіздікке 25 жыл» монументі, Жалаңтөс баһадүр мавзолейі, Бегім ана, «Асандар көтерілісі» құрбандарына арналған ескерткіштер мен тынығу орындарына халық тек көңіл көтеру үшін ғана емес, балаларға тәрбиелік мәні бар нысандарды таныстыру мақсатында келіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қаракөз ЕРМЕКБАЕВА