Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ескерткіштер сөйлеп тұр...

Ескерткіштер сөйлеп тұр...

Жақында Қазалы ауданындағы республикалық және жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер туралы ақпарат жинақталған QR-коды бар тақтайшалар орнатылды. Бұдан былай аудан тұрғындары мен қонақтар туған жердегі ескерткіштер туралы мәліметтерді еш қиындықсыз таба алады. Ол үшін қолында QR-код оқитын арнайы мобильді бағдарлама жүктелген ұялы телефон болса жеткілікті.
Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда ештеңеге таңқала алмайсың. Сондықтан біздер бұл мүмкіндікті кеңінен пайдалануымыз керек. Алдымен смартфон не планшетке Play Market және App Store-дан "QR-код reader" бағдарламасын жүктеп алып, тақтайша бетіндегі QR-кодты сканерлеу арқылы ашып, ескерткіш жайлы ақпаратты қазақ тілінде ала аласыз.
Мәселен, ұялы телефон арқылы "Жеңіс" саябағындағы Кеңес Одағының батырларына, Социалистік еңбек ерлеріне, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған мүсіндер жанына орнатылған QR-кодты сканерлесеңіз, онда бұл мүсіндер қай жылы қойылғаны және ел үшін, жер үшін жанын берген жандар туралы толық ақпарат ала аласыз. Ал, Ұлы Отан және азамат соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне қойылған "Ер есімі – ел есінде" ескерткіш тақтасындағы QR-кодты оқытсаңыз, олардың ерліктері туралы баяндайды.
– Мұндай QR-коды бар тақтайшаларды "Қызылорда облысының тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазалы ауданының 32 ескерткіші мен тарихи-мәдени нысанына орнатты. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай жалғаса береді, себебі ауданда бұдан өзге де 63 мәдени-тарихи зор мәнге ие орындар мен ескерткіштер бар, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәдени және рухани ескерткіштерді қорғау жөніндегі әдіскері Бекет Табынбаев.
Ескерткіштерді ақпараттық технологиялар тілінде сөйлететін заманауи құрылғылар Қазалы ауданындағы республикалық маңызы бар ескерткіштің бесеуіне орнатылса, тек Сарбұлақ ауылынан солтүстікке 75 шақырым жерде орналасқан Бақатам кесенесіне ғана (ХІХ ғ.) қойылмады. Республикалық ескерткіштердің қатарында Қазалы қаласының ескі бөлігі, қала құрылыс кешені (1. Ноғай (Нұралы) мешіті 2. Ғанибай үйі 3. Ғанибай мешіті (қазіргі қалалық кітапхана) 4. Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық мұражайы ғимараты (Депутаттар кеңесінің ғимараты) ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы, Сараман-Қоса (Сарман-Қожа) мұнарасы (Х-ХІ ғ.ғ.), Құттыбай кесенесі (ХVIII-XIX ғ.ғ.), Теміржолшылар клубы ғимараты (бұрынғы шіркеу) (1904 ж) және Жанкент қалашығы (ІХ-ХІ ғ.ғ.) бар.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Цифрлы Қазақстан» жобасы жаңашылдыққа бастайтын нақты жоспар ретінде құнды. Оның игілігін барша жұрт, оның ішінде біздің аудан тұрғындары көріп жатқанына біз қуаныштымыз. Себебі, өскелең ұрпақ жаңа технологиялармен жабдықталған осынау тақтайшадан қолындағы ұялы телефонымен-ақ қасиетті Қазалы жеріндегі тарихи ескерткіштер мен аңызға айналған батырлар туралы еш қиындықсыз таныса алады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
30 қазан 2018 ж. 3 700 0

Сақ патшайымы – Зарина

11 қазан 2024 ж. 84

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 144

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 148

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031