Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Солтүстік өңір жұмысқа шақырады

Солтүстік өңір жұмысқа шақырады

Әйтеке би кентіне «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан шыққан арнайы делегация келді. Олар аудан тұрғындарына «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесін ұйымдастырып, қатысушыларға 3741-ге жуық жұмыс орынын ұсынды.

Аталған бағдарлама шеңберінде жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге өзге аймақ адамдарын өз қалауымен қоныс аударту мәселесі жүзеге асырылады. Мәселен Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл және Түркістан облыстарында халық тығыз орналасқандықтан жұмыс көзі аздық етіп отырғаны анық. Осы аймақ тұрғындарын жұмысқа тарту мақсатында келген делегация мүшесінің бірі – Павлодар облысының көші-қон бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева. Оның айтуынша, бағдарламаға қатысуға өтініш берген кезде жеке басты куәландыратын құжат көшірмесі, отбасы құрамы туралы мәлімет, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуді растайтын құжаттың, еңбек кітапшасының, білімі және келген жерінде тұрғын үйінің жоқтығы туралы жергілікті атқарушы органның анықтамасы қажет.

Бағдарлама аясында әрбір отбасы мүшесіне отыз еселенген айлық есептік көрсеткіш (88 375) мөлшерінде бір реттік көшуге субсидия беріледі. Қалалық және ауылдық жерге қоныс аударамын деушілерге отбасы мүшелерінің санына қарай қаражат төленеді. Жұмысқа орналастырумен қатар оқыту, шағын несие беру жолдары да қарастырылған.

Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Қазанбасы ауылдық округінің әкімі Тұрғынбек Әбдібеков «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесіне физика, тарих, химия, биология, география, ағылшын тілі және бастауыш сынып мұғалімдерін іздеп келген. Бұл ауылдық округте 1547 адам тұрады. 1991 жылы ашылған Қазанбасы орта мектебінде 115 оқушы бар. Олар аралас тілде оқытылады. Мұғалімдердің орташа айлық жалақысы 50 мың теңге.

Ал Әулиеата ауданына қарасты Новонежин ауылдық округінде де мұғалімдер тапшы. Сонымен қатар механизатор, дәнекерлеуші мамандар да керек. Шығыс Қазақстанның Жарма ауданының жұмыспен қамту орталығы мамандары мұғалімдер, электргазбен дәнекерлеуші, кран жүргізушісі, автомобиль жөндеу слесары және онколог, рентгенолог, фтизиатр, псих­иатр, терапевт, ЛОР дәрігерін іздейді. Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында да жағдай солай.
Кездесу кезінде тұрғындар өзге өңірден келген сала мамандарына көкейдегі сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
30 сәуір 2019 ж. 1 307 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031