2018 жылы 368 мыңнан астам қазақстандық тұрақты жұмыс орындарына орналасты
2018 жылдың 11 айында 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына барлығы 632 мыңнан астам адам қатысты.
Қазақстанда Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2018 жылдың 11 айында 515 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 368 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды, деп хабарланды Strategy2050.kz ақпараттық агенттігінің сайтында.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2017-2021 жылдарға арналған аталған бағдарламаға барлығы 632 мыңнан астам адам қатысты, олардың жартысына жуығы ауыл тұрғындары (52,5%). Олардың ішінде 513 мың адам (81%) – жұмыссыздар, 119 мың адам – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (19%). 515 мың адам еңбекпен қамтылды, соның ішінде 368 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналасты.
Мемлекеттік бағдарлама аясында 2019 жылы цифрлық экономиканың жаңа сын-тегеуріндеріне еңбек нарығын дайындау және жаңғырту бойынша бірінші кезектегі шараларды қабылдау жоспарланып отыр. Осыған орай, Мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік дағдылар мен біліктіліктерді алудың, жаппай кәсіпкерлікті дамытудың және еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға арналған тиімді жүйені құруға бағдарланатын болады.
Осылайша, отандық экономика салаларын цифрландыру және технологиялық жаңғырту жағдайында еңбек нарығын жаңа дағдыларды меңгерген білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Индустрия 4.0 үшін бұрыннан келе жатқан жұмыскерлерді қайта даярлауды ұйымдастыру үшін еңбек ресурстарын қайта даярлау тұрғысынан жаңа тетік қарастырылуда.
Жұмыстары қысқарып қалған мамандар еңбек ресурстарының ағынын басқару жөніндегі жол картасы аясында қайта даярлау бағдарламалары бойынша оқытылады. Жұмыстары қысқартылған жұмыскерлер жұмыс берушілер қайта даярлау бағдарламалары бойынша оқытудың кемінде 50% құнын бірлесіп қаржыландырған жағдайда қайта оқытылады. Қайта даярлау бағдарламалары бойынша оқыту құнының қалған 50%-ын мемлекет қаржыландырады.
Жобада Индустрия 4.0 қағидаттарына негізделген экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары өнімді жұмыс орындарына жұмысқа орналасуды қамтамасыз ету мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды жүргізудің тәсілдерін оларды жұмысқа орналастыруға бағдарлай отырып қайта қарау көзделген. Осы мақсатта жыл сайын өңірлердегі еңбек нарығының қажеттіліктерін талдау және болжау негізінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға арналған сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар тізімі бекітіледі.
Бұдан өзге, еңбек күші тапшы солтүстік өңірлерге адамдардың қоныс аударуын ынталандыру үшін, сондай-ақ ол жақтарға көшкен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Бағдарламаға тұрғын үй салу мен сатып алудың жаңа тетігін енгізу көзделген. Аталған тетікті Солтүстік Қазақстан облысында пилоттық режимде сынақтан өткізіп, одан кейін басқа өңірлерге де тарату ұсынылған.
Сонымен қатар, мемлекеттiк бағдарламалар, инвестициялық жобалар аясында және ШОБ саласында жұмыс орындарын құруға мониторинг жүргізу тұрғысынан мемлекеттiк органдарды үйлестіру жұмыстары күшейтiлетiн болады. Осы мақсаттарда жобалық басқару құралдарын қолдана отырып өңірлер мен экономика салалары тұрғысынан жұмыс орындарын құру бойынша біріктірілген карта әзірленеді.