Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет мамандары марапатталды

Мәдениет мамандары марапатталды

Бейсенбі күні аудандық мәдениет бөлімінде алқа мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов, ауылдық округ әкімдері мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Алдымен жақында аудан әкімінің өкімімен мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшылық қызметке тағайындалған Болат Жолтаев көпшілікке таныстырылды.

Бұдан соң бөлім басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы тұрған міндеттер жайына тоқталды.
– Былтыр ауданда 1044 мәдени-рухани шаралар өткізілді. Оның барлығы елдегі жетістіктер мен адамгершілік, имандылық құндылықтарды насихаттауға бағытталды. Атап айтқанда «Өнерге қанат қаққандар», «Талантыңмен таң қалдыр» атты өнер байқаулары, «От ауызды, орақ тілді шешен» тақырыбында шешендік сөз шеберлерінің сайысы, «Айгөлек», «Би ырғақтары» атты аудандық бишілер додасы, «Асыл әжем» әжелер байқауы ұйымдастырылды. Сонымен бірге «Әйел – ару, әйел – жар» атауымен аудандық жыр мүшәйрасы, «Қазақ тілім мәңгілік» ақындар айтысы, жазушы Әбсаттар Оспановпен кездесу, жергілікті сазгер Кемеңгер Өтептің шығармашылық кеші өткізілді.

Ақылы қызмет бойынша өткен жылға белгіленген межені 20 кәсіпорын 100 процентке орындаса, кент және Лақалы ауылдық клубтары жоспарды артығымен орындады.

Биылғы жылдың мамыр айында Басықара ауылдық клубы Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың 95 жылдығына орай «Ерте сөнген шоқ жұлдыз» атты облыстық өнер байқауын, қалалық мәдениет үйі вокалды аспапты ансамбльдердің дәстүрлі облыстық Ретро фестивалін, Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйі «Әнге айналған – Туған жер!» атты облыстық әуесқой сазгерлер байқауын өткізуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты аталған іс-шаралардың өз деңгейінде өтуі үшін жергілікті әкімдіктер қаржы мәселесін шешіп, уақытында өткізуді назарға алуын сұраймын. Ағымдағы жылы да көптің көңілінен шығатын қоғамдық-саяси маңызды конкурс пен концерттер ұйымдастырылатын болады, – деді Б.Әбенұлы.

Жиын барысында үлгілі ісімен танылып жүрген сала мамандары марапатқа ие болды. Соның арасында Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінің директоры Бектұрған Жібекәліге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Аудандық балалар музыка мектебі директорының орынбасары Мұрат Жебе мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі Злила Мұстафаева облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің марапатын иемденді. Кенттік және қалалық мәдениет үйінің музыкалық жетекшілері Рақымжан Мақсатбаев пен Бақыткелді Надиров облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хатын алды. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі Разия Бекетаева «Кітапхана ісінің ардагері» атанса, аудандық тарихи-өлкентану музейі филиалының меңгерушісі Сәкен Әлішев республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының «Мәдениет» медалін тақты. Тағы бірқатары аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, қошеметке бөленді.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ
06 сәуір 2019 ж. 2 041 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 184

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 127

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031