Алғысқа бөленген абзал жандар
Қазалы теміржол ауруханасының гинекология бөлімінде қайнаған тіршілік. Мұнда ұжым мүшелері тұрғындарға тәулік бойына үздіксіз қызмет көрсетеді. Науқастар күндіз жолдамамен келсе, кейбірі түнгі мезгілде жедел жәрдеммен жеткізіледі. Түрлі сырқатпен түскен келіншектерге бөлімшеде шұғыл және жоспарлы, сонымен қатар жоғары сапалы медициналық тексеру жүргізіледі.
Нәзікжандылардың дертіне дауа іздейтін бөлім меңгерушісі Асқар Ахметовтың қарамағында 13 адам жұмыс істейді. Барлығына бас-көз болатын жауапты мейіркеш Ұлжан Даликенова әйелдерге емдеу шараларын жасап, аяжандарға кестелік тәртіп бойынша тапсырма берсе, мейіркештер: Мінажат Ашықбай, Сақыпжамал Смет, Айсұлу Темірбай, Гүлжахан Таңатова, Рза Жанәділова қызметін уақытымен орындап халықтың алғысына бөленуде. Ал Жақсыгүл Махамбетова, Жаңагүл Сембаева, Райкүл Қанатова, Мәрия Көшер, Сұлукүл Шектібаева, Шынар Шүкір бөлімнің тазалығына ерекше көңіл бөліп, палаталарды мезгілімен жуып, жарқыратып қояды.
12 орынға есептелген бөлімге әйелдер көбіне 21 аптаға дейін түсік тастау қаупімен көптеп келіп жатады. Асқар Садуақасұлының айтуынша, соңғы 4-5 жылда жатырда бала өспей қалу факторлары күрт өсуде. Оның алдын алу үшін жүктілік кезде әйел ана ашулануға, күйзеліске түсуге, уайымға салынуға болмайды. Сонымен қатар, салқын тигізбеудің алдын алуы қажет. Ағзаның иммунитетін көтеріп, қалыпта ұстау мақсатында құнарлы тамақтанып, дәрігердің кеңесімен түрлі дәрумендерді қабылдағаны жөн.
"Гинекология негізінде әйелдің организміне ғана тән аурулар мен оның репродуктивтік жүйесі қызметін зерттейтін медицинаның бір саласы болып табылады. Ол әйелдердің анатомия-физиологиялық, психикалық ерекшеліктерін және бұл процесстердің бұзылуын қадағалайтын ғылым деуге негіз бар. Осы саладағы мамандар жүктілік пен тууға қатысты бастапқы кезеңнен соңғы кезеңге дейінгі әйел организміндегі өзгерістерді бақылайды", – дейді бөлім меңгерушісі.
Асқар Ахметов теміржол ауруханасындағы жас дәрігер. Еңбек жолын бұдан екі жыл бұрын учаскелік акушер гинеколог болып бастаған. Жұмыс барысында емделушілерді УЗИ аппаратымен тексеріп, нақты диагнозын қояды. Жедел жәрдеммен түскен науқастарға жатырдан тыс жүктілік отасына қатысады. Мұндай дәрігерлік тәжірибені медицина саласындағы әріптесі әрі ұстазы Қазыбек Еспаев үйреткен болатын.
– Асқар Садуақасұлы дәрігерлік қызмет жасаған уақытында апатты жағдайда қажетті жедел жәрдем көрсете білетін білікті маман. Аурудың диагнозын анықтау барысында медицинаның соңғы жетістіктерін қолданады. Жұмыс кезінде мейіркештерге алғашқы жедел көмек қалай көрсетілу керек екенін үйретуден жалықпайды. Ол өзінің білімділігінің арқасында көптеген науқастардың ауруына арашашысы болған жан, – дейді бөлімнің жауапты мейіркеші Ұлжан Даликенова.
Бүгінде ана мен баланың денсаулығы мемлекеттің десмографиялық, әлеуметтік-экономикалық қуатын қалыптастырады. Сондықтан ана мен баланы қорғау мәселелері денсаулық сақтау жүйесінің басты бағыты саналады. Ал Қазалы теміржол ауруханасының гинекология бөлімінің қызметкерлері тиянақты жұмыстарының арқасында осы үдеден шығып, қазалылықтардың алғысына бөленіп келеді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА