Мейірімді мейіркеш
Сырқат жандарға сапалы қызмет көрсетіп, олардың дертінен айығуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген мейіркеш Гүлмира Шамшаеваның осы салада жүргеніне биыл отыз үш жыл.
Жанарынан мейірім, жүзінен жылылық нұры тамып тұратын мейіркеш Арқалық қаласындағы медициналық училищені бітірген соң, өзі туған Қазалы қаласындағы емханаға №1 ересектер аймағындағы мейіркеш болып жұмысқа орналасты. Бұдан соң, әр жылдары №1 балалар аймағындағы мейіркеш, медстатист міндеттерін атқарды. Жуырда ғана баланың дамуын бақылау бөлмесіндегі қызметіне ауысқан Гүлмира Қаниқызы босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі аналарға кеңес беріп, 0-5 жас аралығындағы балаларға көмек көрсетеді. Ұжымда сыйлы маман отбасында да немерелерінің сүйікті әжесі. Жолдасы Серік Қонысұлымен өмірге үш бала әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Қызы Эльмира анасының жолын қуып, медициналық білім алды.
Гүлмира еңбекке араласқалы әріптестерінің де, емделушілердің де сүйіктісіне айналды. Тапсырмаға тиянақты мейіркеш: «Медбике болу бала күнгі арманым. Мамандықты игеріп, қолыма дипломымды алғанда ерекше қуандым. Жүрегің қалаған жұмысты істеу қиынға соқпайды. Мен онан шаршамаймын, керсінше қуат аламын. Емделушіңіздің сізге риза кейіппен қараған көзқарасының өзі неге тұрады», – дейді.
Иә, үлкен-кішіден алғыс арқалаған Гүлмира Қаниқызы аудандық емхана кәсіподақ комитеті мен Қазалы қаласы әкімінің де «Алғыс хатын» иеленген. Оның еңбекқорлығын, өз ісінің шебері екендігін оның қызметін көрген сырқаттармен сырласқанда білдік. Әрдайым мұнтаздай киініп, ширақ жүретін мейіркеш келіншек дәрігерлердің тапсырмасы мен науқас жандардың өтініш-тілегін барынша ыждаһатты орындайды. Сырқат адамға алдымен қажеті – мейірімділік, ізеттілік десек, бұл қасиеттер мейірбан мейіркештің бойында бар. Мұны аурухана басшылары ғана емес, емделушілер де жиі айтады.
«Бүгінде балтыры сыздап, басы ауырмайтын жан кемде-кем. Менің де қан қысымым жиі көтеріліп кетеді. Дәрігердің тағайындаған дәрілерін үйде алатын кездерім болады. Осындайда Гүлмирадан көмек сұраймын. Уақытымен келіп, жағдайымды сұрап, ем-домын жасайды. Қарапайымдылығы мен өз мамандығына деген сүйіспеншілігіне ризамын», – деп ағынан жарылды қала тұрғыны Алтынай Қыпшақбайқызы.
Ұжымның мақтанышына, емделушілердің алғысына бөленген Гүлмира Қаниқызын төл мерекесі қарсаңында абыройың асқақтай берсін дейміз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА