Балаларға күш-қуат берген бөлім
Ауырма!
Ауыруға жоқ құқың, балам!
Сен ауырсаң, ауырар бүкіл ғалам!
Сен ауырсаң, күн сөніп, аспан жылап,
Жер шары боп кеудеңде лүпіл қағам!..
– деп белгілі ақын Иран-Ғайып Оразбаев жырлағандай, сәбиі сәл сырқаттанып қалса аналардың жаны жай таппасы анық. Осы сәтте ауырған жерін нақтылап айтарға тілі жоқ балаларға аудандық ауруханадағы балалар бөлімі ем-дом жасап, оларға күш-қуат сыйлайды десек артық айтқандық емес.
Аудандағы түрлі сырқатпен ауырып, ем іздеп келетін балалар бөлімі 20 орынға арналған. Бірақ осыншама ғана науқас қабылдаймыз деп қарап отырмайды. Қажет уақытында еміне шипа іздеп келгендерді мүмкіндігіне қарай қабылдайды. Науқас балаларға дәрігер Болтай Нұрмаханова мен Гүлзат Өтепова және 8 мейіркеш, 10 кіші мейіркеш күндіз-түні қалтқысыз қызмет етеді.
– Аудандық ауруханадағы балалар бөлімі ұжымы әрдайым ауызбіршілікпен жұмыс істеп келеді. Соның нәтижесінде өткен жылы бала өліміне жол берілмеді. Есесіне бір жасқа дейінгі балалардың аурушаңдығы көбейген. Мәселен былтырғы жылы біздің бөлімде 675 науқас ем қабылдаса, соның 420-сы бір жасқа дейінгі бала. Кей кезде 45 науқасқа дейін қабылдаған күндер болды. Ол уақытта мейірбикелер мен дәрігерлер бөлмесін де пайдалануға туралы келді. Осы жерде аудандық аурухананың бас дәрігері Гүлжихан Тасеменқызына айтар алғысымыз шексіз. Қысылтаяң кезеңде әрдайым бізге қолдау білдіріп, қолынан келген көмегін аямайды, – деді бөлім меңгерушісі Болтай Серікқызы шаруа жайынан сыр ақтарып.
Жаңа ғимаратқа көшкелі бері емделуші аналар мен балаларға барлық жағдай жасалған. Әр палата аса қажетті дүниелермен жабдықталған.
– Менің балам науқастанып, балалар бөліміне жатқаныма 3-ші күн. Мұндағы дәрігерлер нәрестемнің денсаулығын жақсарту үшін қолдан келген барлық мүмкіндікті жасап жатыр. Дәрігер дереу диагнозын анықтап, мейіркештерге тапсырма берді. Олар өз кезегінде балаға қажетті дәрі-дәрмекті уақытында салып, әлсін-әлсін тексеріп отыр. Соның арқасында баламның беті бері қарап, жазылып келеді.
Бөлмеміз таза да жып-жылы. Оның үстіне жаңа ауруханаға көшкелі жылы су беріліп, бөлме сайын әжетхана мен жуыну бөлмесі жұмыс істейді. Бұл мен сияқты жас анаға өте қолайлы болып тұр, – дейді Нұргүл Нарбаева.
Бөлім меңгерушісінің айтуынша, өмірге келген балалардың жағдайын жақсартпас бұрын, алдымен, нәрестелі аналардың денсаулығы мықты болуы қажет. Бұл ретте жас аналарға айтылар сын көп. Олардың бірқатары балаларды табиғи ана сүтімен емес, жасанды дүниелермен қоректендіреді. Негізінде жаңа босанған нәресте 2 жасқа дейін, болмаса кем дегенде 1 жасқа дейін ана сүтін емуі тиіс. Өйтпеген жағдайда олардың имунитеті әлсіздікке ұшырап, вирусқа қарсы тұру қабілеті нашарлайды. Осыған орай бөлім дәрігерлері аналарға алдымен өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үнемі айтып, түсіндіріп отырады.
Балалар бөліміне негізінен өз сілекейі мен қақырығына тұншыққан нәрестелер көптеп түседі. Мұндай қысылтаяң шақта дәрігерлер сілекей мен қақырықты соратын және оттегі беретін аппаратты пайдаланады. Осы заманауи медициналық құралдың арқасында ақ халатты абзал жандар талай сәбидің өміріне араша тұрған.
Қазалы аудандық орталық ауруханасы дәрігерлердің білім-біліктілігін көтеруді үнемі басты назарда ұстайды. Онан балалар бөлімінің медициналық қызметкерлері де тыс қалған емес. Бүгінгі таңда бөлімде І категориялы бір дәрігер мен екі мейіркеш, жоғары санатты бір, ІІ категориялы төрт мейіркеш қажырлы еңбек етуде. Жақын күндері бірнеше қызметкер “Балалық шақтағы ауруларды ыңғайластыра емдеу” курсына жіберіледі. Бөлім меңгерушісі бізбен әңгіме арасында мұндай білім жетілдіру курсынан барлық қызметкер де өтетіндігін жеткізді. Дәрігерлер қауымының ақпараттар ағыны жедел дамыған уақытта замана көшінен қалмау үшін жасап жатқан әрекеттері көңілге қуаныш ұялатады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ