Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әне қарашы, жетіқарақшы ...

Әне қарашы, жетіқарақшы ...

Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орнында жүргенде жастардың ойын-сауық кештеріне жиі баратынбыз. Онда біздің көңіл көтеру – жөнсіз би мен масайғандар соқтығысып жүретін отырыстардан тіпті бөлек болатын. Туған күнде домбыраны бас аспап етіп, шерте білетіндерді алдыға салып, әзіл айтыс ұйымдастырамыз. Енді бір мерекеде жазба ақындардың дәурені жүріп, кезекпен өлең оқимыз.

Үшінші курста ғаламтор арқылы Ақұштап Бақтыгерееваның мерейтойына арналған мүшайраны көзім шалып, жазған өлеңдерімді жолдадым. Бірер жұмадан кейін іріктеуден өткенімді, екінші кезеңіне қатысу үшін Орал қаласына баруым керектігі туралы хат алдым. Университет берген азын-аулақ тиын мен шәкіртақымның басын біріктіріп, Жайық жаққа жүріп кеттік. Шекарадағы шексіз тексеруден шаршап, көне шаһарға жеткен бойда қазалылық достар күтіп алды. Көптен көріспеген біздер үшін мүшәйрадан бұрын бас қосып, көңілді отырыста болу артығырақ еді. Кешқұрым ас ішіліп болған соң, қазақтың керемет әндеріне кезек берілді. Төменірек отырған Бақытжан есімді ұзын бойлы жігіт қабырғаға сүйеніп тұрған гитарасын қолына алып, Табылды Досымовтың әндерін тамжылтты. Біршама уақыттан кейін, кезекті отыздар шамасындағы бұйра шашты ағасына берді. Мұңлы әуендерді бабына келтіріп шырқайтын ол жиылғандар назарын өзіне аударды. Бәріне мәлім әннің қайырмасын мен де қосыла шырқадым.
– Әне қарашы, жетіқарақшы,
Бізді қимай сөніп барады,
Қимаймын сені, ұмытпа мені
Сенсіз өмір өтіп барады.
Өлең жолдарында айтылатын махаббат сезімінің не екенін білмесек те кішкентай кезде оны ерекше тебіреніспен әуелетуші едік. Есік алдындағы сәкіде жатып, аспандағы жарыса жанған жұлдыздарға қарап, бұл әуенді айтпай көз ілу мүмкін емес-тін. Сананың балалық шақ деген бөлімінде атаусыз сақталған әннің авторы кім екенін сұрауым мұң екен, қызыл кеңірдек тартыс басталып кетті. Бірі: «Азия» тобының әншілері орындайды, әнді солар жазған», – десе екіншісі, қазалылық композитордың әні екенін дәлелдеумен әуре. Айтысқандардың арасынан кейінгісінің тұжырымы көңіліме қонғанын несіне жасырайын. Кейінірек жерлес сазгердің есімі Қайрат Ілиясов екенін анықтадым. Ал жақында көпшілікке танымал әннің авторымен әңгімелесудің сәті түскен еді.
«Жетіқарақшы» әнінің қалай дүниеге келгені туралы сөз қозғамас бұрын Қайрат аға 1983 жылы Ілиясовтар әулетінен құралған «Сая» вокальды-аспапты ансамблінің тарихын бір шолып өтуді жөн көрді. Ол тұста халыққа тек ұлттық аспапта орындалатын әндер ұсынылғандықтан, гитара, барабанмен сүйемелдейтін мұндай топ облыс көлемінде жалғыз еді. Өнер ұжымы мүшелерінің барлығы бір үйде тұрғанының артықшылығы – ән жазуда ақылдасып, бір шешімге келу оңай болған.
– Отбасында төрт қыз, алты ер баламыз. Үлкен екі апам ертерек тұрмыс құрып кетті. Қалған сегізіміз және үлкен ағамның Сая атты бес жасар қызы топ құрамында болдық. Күн сайын үйде барабан орнына қаламсап пен кітапты, ескі гитараны қолданып, көптеген әндерді шырқап дайындаламыз. Содан кейін Қуандық деген үлкен ағам аудандық мәдениет үйінің директоры Жәдігер Тұрсыновқа барып, жаңалық жасағалы жатқанын айтады. Жәкең келісімін беріп, екі күннен кейін болатын іс-шарада өнер көрсететінімізді жеткізді.
Уақыты келгенде халық алдында бір мезетте үш-төрт дауыста алты ән орындадық. Сол сәтте халықтың ыстық ықыласына бөленгеніміз әлі есімде. Концерт аяқталған соң директор ағамды шақыртып алып: «Осы топтың ресми директоры болып жұмысқа қабылдаймын. Барлық керек жарақтарың мен музыкалық аспаптарды тауып беремін. Бастысы «Сая» ансамблін ыдыратып алмауымыз керек», – деді. Біз де мойнымызға үлкен жауапкершілік артылғанын сезіндік, – дейді Қ.Ілиясов.
Бұдан кейін Ж.Тұрсынов ансамбль үшін Мәскеуден арнайы аппарат алдырады. Топқа сахналық киім тіктіріп, биші, домбырашылар қосып берген. Алыс-жақын елді мекендерді аралап, өнер көрсету үшін арнайы көлік те бөлді. Мұндай көмектің қайтарылымы ретінде саялықтар да көбіне астық егіліп, жиналатын уақыттарда жұмысшыларға ақысыз концерт беруден қолдары босамаған. Күндіз Қожабақы ауылында салы басындағы жұмысшыларға ән шырқаса, түнгі төртке дейін басқа егіншілерге концерт қойып жүрген. «Жетіқарақшы» әні де дәл осы мезгілде дүниеге келген. Бұл туралы композитор:
– Ауылдарда гастролдік сапарда жүрген бір күні тым кеш қайттық. Қайтарда жабық көліктің реті болмай, «КамАЗ»-дың қорабына мінуге тура келді. Аспан шайдай ашық, жұлдыздар жымыңдаған керемет түн еді. Біраз жол жүргеннен кейін «Әне қарашы, жетіқарақшы, бізді қимай кетіп барады» деген ер адамның дауысы шықты. Ұйқасына таң қалған бойы жалт қарадым. Қасымда аспанға қарап жатқан марқұм Көшкенбай ағам екен. Жанқожа батыр атындағы №70 мектепте суретші болып жұмыс істеген оның ақындық қабілеті бар еді. Сол сәтте менің де шабытым оянып, осы шумақтарды қазіргі әнге салып, ыңылмен әндетіп келдім. Үйге жетіп тынығып алған соң, таңертең ағам екі шумақтан тұратын «Жетіқарақшының» сөзін қолыма ұстатты. Кәсіби сазгер маман болмасам да Көшкенбай сол түнгі әнімді ұнатып, сөзін де соған шақтап беріпті. Содан кейін «Жетіқарақшымыз» талай киелі сахна төрінде шырқалды ғой, – деп еске алды.
Иә, кезінде үлкен танымалдылыққа ие болған «Азия» тобының да бұл әнді өз шығармалары ретінде орындап жүргенін кейін зерттеп білдік. Ал Оралдағы жігіттердің авторлық құқық жөніндегі тартысына сазгер былайша нүкте қойды.
– Қалада суретшілік қызметте жүргенімде магнитафоннан «Азия» тобының орындауындағы өз әнімді естіп, көңілім құлазып кетті. Іштен шыққан туындыңды біреудің иемденіп кетуі шынында жаныңа батады екен. Оның үстіне композиторлық атағым болмағандықтан олармен дауласу бекер екенін түсініп, қолымды бір сілтеуден басқа амал болмады. Сөйтіп жүргенде, біздің ауданға аталған топтың концерт қоюға келгенін естідім. Мән бермей, сурет салып отырғанымда жігіттер сол топтың солистін ертіп келді. Ал ол авторы мен екенін білмегенін, халық әні шығар деп ойлағандарын айтып ақталды. Мен де оларға кек сақтамайтынымды, 2-3 жылдан соң әнді қайта жаздыртатынымды жеткіздім. Солай істедім де. Бастысы Алланың да, адамның да алдында арым таза, – дейді Қайрат Ілиясов.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
02 сәуір 2019 ж. 2 842 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930