Үздік қызметкерге автокөлік мінгізді
Қазалылық Думан Нұрылла әрдайым өзінің іскерлігімен танылып, қатарластарының алдыңғы қатарынан көрініп келе жатқан жас кәсіпкер. Кәсібін гүл сатумен бастаған азамат бұл күнде бірнеше істің басын біріктіріп, аудан халқына қызметтің әр түрін көрсетуде.
Жас та болса, бас болып жүрген ол жақында қол астында жұмыс істейтін қызметкерін ерекше сыйлықпен қуантты. Ол "Нұрай" дүкенінің үздік қызметкері Бақытжан Мақшатқа автокөліктің кілтін табыс етті.
– Бақытжан менің қарамағымда көптен бері еңбек етеді. Осы уақыт аралығында ол өзінің іскерлігімен ерекшеленді. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда сауданың жүруі үшін өзгеше бір тәсілдерді ойлап таппасаң болмайды. Себебі, ауданда гүл сататын орындар көп. Сондықтан біз гүл сатып алған адамдарға қосымша қызмет түрін ұсынамыз. Мәселен клиенттер бізден гүл сатып алатын болса, онда біздің қызметкерлер түрлі мультфильм кейіпкерлерінің киімін киіп барып қуаныштарымен ортақтасады. Яғни ерекше тәсілмен құттықтайды. Бұл ретте Бақытжанды мақтан тұтамын. Сол себепті де оның еңбегін бағалап, автокөлікті сыйға беруді ұйғардым, – деді Думан бізбен әңгіме барысында.
Басшылықтың тарапынан автокөлік алған Бақытжанның да қуанышында шек жоқ. Бұған дейін жұмысқа жаяу қатынап жүрген ол енді өз көлігімен баратын болды.
– Біздің жұмыстың ерекшелігі сол белгіленген уақыт жоқ. Тапсырыстар түсіп жатса таң атқаннан кеш батқанға дейін жүре береміз. Сол кезде таксилетіп жүріп қатты қиналатынбыз. Енді міне ол күндерді ұмытатын болдық. Бізге қамқорлық танытып жатқан Думанға айтар алғысым шексіз, – дейді Бақытжан Мақшат.
Қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасын арттыратын мұндай әрекеттер қашанда көңілге қуаныш ұялатады. Ал Думан болса биылдан бастап қолға алынған бұл шара келесі жылы жалғасын табатынын айтты.
Жеңісбек СОВЕТҰЛЫ