Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Шамшырақ» шеберлікке шыңдайды

«Шамшырақ» шеберлікке шыңдайды

Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ тігіншілікке ден қойған Светлана Кенбай бүгінде тұтынушы талғамын тап басатын шеберге айналды. Қолынан іс келетін ісмер жас бойындағы қабілетін шыңдап, кәсіп көзіне айналдырып отыр. Киім пішу, тігу және үйрету бағытында жұмыс істеп жатқан шебер болашақта балшықтан бұйым жасайтын да ниеті бар екендігін жасырмады.

«Ең алғаш ойыншық қуыршағыма киім, тіпті көрпе-жастық тіктім», – деген Светлананың тігін өнеріне деген қызығушылығы аса жоғары. Мектеп бітіріп, Шымкент қаласындағы «Жалын» әлеуметтік-педагогикалық колледжіне оқуға түскен кезінде де өзіне және құрбыларына белдемше, жейде, көйлек тігіп беріпті. Ол кезде анасы Нұрсұлудың ескі тігін машинасын өзі туған Тұрмағамбет Ізтілеуов атындағы ауыл мен Шымкент қаласының ортасында ерінбей алып жүреді екен.

– Әкем Кенбай Мыңжасаров жиһаздың түр-түрін жасайтын ұста кісі. Тіпті, тракторды да құрастыра білетін. Анам Нұрсұлудың ауылда «пысық келін» деген аты бар. Нағашы әжем Жанай Әзірбекова Алтын алқа иегері. Қырық жылдан астам сауыншы болып еңбек еткен. Өз заманында депутаттыққа сайланған өте белсенді болыпты. Ол кісінің қолынан келмейтін іс жоқ. Құрақ құрап, ши тоқитын. Киіз де басты, тоқыма тігудің шебері. Маған тігіншілікке деген қабілет, икем осы кісіден келген болуы керек. Мектепте оқып жүргенімде Ағылшын, Шәкизат, Зәуре апайларымнан да үйренгенім көп болды. Колледжден кейін Шымкент әлеуметтік-педагогикалық институтында жоғары білім алдым. Туған ауылымдағы №29 орта мектебіне информатика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналас­тым. Мектепте жүргенде де аймақтық, аудандық, облыстық шараларға жиі қатысатынбыз. Аудан орталығынан маталар алып келіп, мектептің тігін машинасымен тігетінмін, – дейді Светлана Кенбайқызы.

Бірнеше жыл бұрын Әйтеке би кентіне келін болып түскен Светлана тігіншіліктен қол үзген жоқ. Кез келген ортаға тез сіңісіп кетеді. Осы мінезінен болар отбасында сыйлы келін әрі ұқыпты, еңбекқор, жауапкершілігі мол жан. Жолдасы Талғат Сағидуллаұлы неке қидырған сәтте келіншегі қалап сұраған тігін машинасын сатып алып берген. Заманға сай электронды түрде жұмыс істейді, он алты түрлі тігісі бар. Қазір бірыңғай осы тігін машинасын пайдаланады. Алғаш кәсіпкерлікке қадам басқан сәтінде Светлана шеберхана ашсам деп армандайтын. Бүгінде сол ойы жүзеге асты. «Шамшырақ» шығармашылық орталығын ашып, өзімен бірге екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Өткен жылы бизнес жоспар құрған жас кәсіпкер «Бизнестің жол қартасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз нес­иеге қол жеткізді.
«Шамшырақ» шығармашылық орталығы – мүмкіндігі шектеулі жандарға, әртүрлі жастағы ізденімпаздықпен дамуды мақсат еткен балалар мен ересектерді арт-терапияны біріктіретін шығармашылық кеңістікке бағыттап, құммен сурет салу, балшықтан бұйым жасау, киім пішу мен тігуді үйрету, би өнеріне баулу қызметімен айналысады.

– Орталықта кез келген киімді тігеміз. Тапсырыс бойынша жұмыс істейміз. Қазақы ою-өрнектермен әдіптеліп жатса, әдемі көрінеді. Осындай киімдерге тапсырыс түссе ерекше қуанып қаламын. Ою-өрнектің әрбірінің өз мағынасы бар, ұлтымыздың бітім-болмысы, мінезін көрсетеді. Ұлттық нақыштағы киімдер күнделікті өмірде көбірек тұтынылса деп ойлаймын. Сол себепті, заманға сай етіп, ою-өрнектермен әшекейлеп, киім тігудеміз.

Кәсіпкер боламын деушілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек көп. Қолдау көргендердің бірі менмін. Жастардың кәсіп ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтуына айрықша көңіл бөліп отырған Елбасына алғыс айтамын. Сондай-ақ «Атамекен» Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиал директоры Ермек Аймаханов пен кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреткен бизнес-тренер Арман Жарылқағановқа ризашылығымыз шексіз, – дейді шебер.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
24 наурыз 2019 ж. 2 145 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 182

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 124

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031