Бірлігі бүтін елге бақ қонады
Ежелден қазақ аруларының сұлулығы, ибалылығымен бірге ержүректігі және батырлығымен де аты шыққаны бәрімізге белгілі. Сақ патшайымы Томиристің, бертіндегі Әлия мен Мәншүк, Ләззат пен Сәбираның Отансүйгіштік қасиеттері бүгінгі жас өскіндерге өшпес үлгі-өнеге.
Бұл күндері әйел-аналар Тәуелсіз елдің қозғаушы күшіне айналып отыр. Осы ретте Қазалы өңірінде жеке кәсібін ашып, өз ісін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер қатары көбейіп келеді. Бұл – жан-жақты мүмкіндік жасаған ел ағаларының арқасы болса, бір жағынан қазақ қыздарының бойындағы жігерін танытса керек. Қазір ауданда 4 мыңнан аса кәсіпкер болса, соның 2 мыңға жуығы нәзікжандылар екен. Оның алдыңғы сапында Шәки Асқарова, Нәзима Дүрхандар болса, олардың ізін Гүлсая Құтжанова сынды жастар басып келеді.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған туған жерде көп баланы дүниеге әкеліп, олардың сапалы білім, саналы тәрбие алып, өмірден өз орындарын табуына лайықты үлесін қосып жүрген аналарымыз да баршылық. Бір ғана Әйтеке би кентінің өзінде 466 – “Алтын алқа”, 621 – “Күміс алқа” иегері тұрады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, теміржол, медицина, білім, мәдениет, тағы басқа да салаларда қажырлы еңбек етіп, мемлекет іргесінің нығаюына белсене араласып жүрген әйел-аналар қаншама?! Бұлардың бәрі де отбасында ұл-қыз өсіріп, отбасының ұйытқысы атанған асыл жандар.
Ардақты ару-аналар! Сіздерге әрдайым сәттілік пен шат көңіл серік болсын. Көгілдір көктемнің алғашқы күнімен қабаттаса жеткен төл мерекелеріңіз – Халықаралық әйелдер күні құтты болып, әрдайым әдемі, жылы жүздеріңіз жадырап жүрсін! Зор денсаулық, атқарып жүрген істеріңе толымды табыс тілеймін.
Жанат КӨЛӘНОВА,
аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы.