«Жаңару» жұмысын бастады

Алайда, оған жауапты органдарға қол ұшын созып, тұтас ел болып күрессек, жемқорлықтың алдын алармыз анық. Осыған орай жұма күні кент әкімшілігінің мәжіліс залында «Жаңару» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің алғашқы отырысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов қатысты.
Бірлестік құрамына медицина, теміржол сияқты халықпен тығыз байланысатын салада еңбек ететін азаматтар тартылған. Алдағы уақытта олар қызмет орнында қоғамдық қабылдау өткізеді. Елдің барлығы уақыттың тығыздығынан тиісті органға жүгіне алмайтынын ескерсек, бұл бастама біраз түйіткілді шешуге көмегін тигізері сөзсіз.
Мәжіліс барысында филиал мүшелерінің мүмкіндіктері мен функциялық міндеттерін таныстырған “Жаңару” РҚБ Қазалы аудандық филиалының басшысы Талайлы Әмитжанұлы: «Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүргізуге қатысу, қоғамда әлеуметтік әділеттіліктің орнығуына, азаматтардың, заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы және сапалы мемлекеттік қызмет алудағы мәселеге жең түре кірісуіміз қажет. Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының “Қоғамдық бірлестіктер туралы”, “Коммерциялық емес ұйымдар туралы” заңдарына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған принциптеріне сәйкес әрекет ететін боламыз», – деді.
Басқосу соңында бірлестік басшысының орынбасарлығына тағайындалған Берік Бисембаевқа кент әкімдігінің бірінші қабатынан қызметтік бөлме берілді.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде тұрғындардың талап-тілегін жедел қарастыру мақсатында «Жаңару» РҚБ парақшасы ашылды.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ