Қызылордада қоғамдық кеңес мүшелерінің форумы өтті
Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» облыстағы қоғамдық кеңес мүшелерінің форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева қатысты. Сондай-ақ, облыстық мәслихат, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшылары да өз ой-пікірлерін ортаға салды. «Ұлт жоспары аясында қолға алынған қоғамдық кеңес Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылды. Бұл ұйым қоғамда өзінің маңыздылығын көрсетті. Себебі, қоғамдық кеңес - атқарушы билік пен бұқара халықты нығайтуға дәнекер. Яғни, биліктің халық алдындағы жауапкершілігін күшейтумен бірге елдің сенімін қалыптастырады. Қазіргі сәтте алдымызда аталған ұйымның жұмысын заманауи тұрғыда жүргізу міндеті тұр. Осы тұрғыда қоғамның пікірін ескере отырып, бірлесе жұмыс жасасақ, ісіміздің нәтижелі болатыны сөзсіз», - деді Р. Рүстемұлы. «Қоғамдық кеңес» туралы қабылданған Заңның маңыздылығын сөз еткен мәжіліс депутаты Б.Кесебаева қазіргі таңдағы қоғамдық кеңестің билік пен халықты, түрлі сала өкілдерін біріктіретін басты механизм екенін баса айтты. Басқосу соңында форумға қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы Үндеу оқылды. Өңірімізде алғаш рет өткізілген форумда облыстық Қоғамдық кеңес алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын барынша күшейтіп, онымен күресуде бірлесе іс-шара қабылдауға уағдаласты.
inform.kz