Қылмысты құрықтау қажет
Жыл өткен сайын елде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді одан әрі дамыту үшін көптеген кешенді шаралар ұйымдастырылуда. Соған қарамастан құқық бұзушылықты толықтай жою оңай болмай отыр. Тәртіпті қоғамды қалыптастыру мақсатында орын алған оқиғалардан сабақ алып, алдын алу шарасына жең түре кірісу оң нәтиже беретіні анық. Бұл жұмыстар сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен құқық бұзушылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында талқыланды. Аталған жиынға ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, мектеп директорлары, психологтар қатысты.
Жиынның маңыздылығын түсіндіріп өткен аудан басшысы Мұрат Ергешбаев: «Біз қоғамдық тәртіпті және тұрғындардың мүлкінің заңмен қорғалуын қамтамасыз етуіміз қажет. Сол кезде ғана қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі арта түседі. Қазіргі таңда аудан бойынша қылмыс саны 603-тен 509-ға төмендегенімен, кейбір заң бұзушылықтар өсім алып келеді. Бүгінгі отырыстың мақсаты сол келеңсіздіктерді болдырмау жұмысын күшейту», – деді ол.
Бұдан соң жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтарды болдырмауға бағытталған шаралардың жай-күйі туралы аудандық полиция бөлімінің басшысы Еркін Сағымбаев баяндады. Оның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда орын алып отырған қылмыс жасаушылар көп жағдайда мас күйінде ұсталады. Дүкендердің ішімдіктер сатуда уақыт шектеуін елемеуі мәселені ушықтырып отырғанға ұқсайды. Ал оларды лицензиядан айыру үшін сол дүкенде жұмыс істейтін сатушының әрбіріне үш мәртеден хаттама толтырылуы керек.
Полиция бөлімінің басшысы мұғалімдерді кешкі рейд жұмысына жұмыла атсалысуға шақырды.
Бөлім басшысының аталған қылмыс деректерін жою үшін дайындаған ұсынысынан кейін, аудандық полиция бөлімінің ювеналды тобының аға инспекторы Айнұр Тен кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың және жыныстық қол сұғудың алдын алу туралы хабарлама жасады. Мұнан соң Қазалы ауданының прокуроры Бақытжан Мырзабаев білім саласы және құқық қорғаушылар жіберіп жүрген қателіктерді атап, өз ұсынысын жолдады.
Жиын соңында М.Ергешбаев ауданда орын алған қылмыс салдарымен күресті, жасөспірімдердің заңға қайшы әрекет жасамауының алдын алуды қатаң тапсырды.
– Балалардың бойында мейірімділік, адалдық сияқты адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудың маңызы зор. Келешек ел тұтқасын ұстайтын азаматтар саналы да тәрбиелі болып өссе, болашағымыз жарқын, келешегіміз кемелдене түседі, – деді аудан басшысы.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ