Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырағылық қылмыстың алдын алады

Қырағылық қылмыстың алдын алады

Сейсенбі күні аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған кент, қала, ауыл әкімдері мен бірқатар бөлім басшылары қатысты.
Жиында мал ұрлығын болдырмау, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балаларды қараусыз, панасыз қалдырмау мәселелері қаралды. Аудан басшысы өткен жылы 52, осы жылдың 8 айында 37 мал ұрлығы тіркелгенін, яғни бұл көрсеткіш азайғанымен кейбір ауылдық округтерде қылмыстардың өсіп тұрғанын айтты. Бұдан кейін мал ұрлығын болдырмау мақсатында қабылданған шаралар бойынша Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің әкімі Абай Рыстығұл баяндама жасады.
А.Қоңырбайұлы әкім болып тағайын­далған жылы ауылда мал ұрлығы өршіп тұрғанын байқаған. Осы мәселені шешу мақсатында жергілікті полиция мен ішкі істер бөлімімен бірлескен жұмыстар атқарылғанын айтып, нәтижесіне тоқ­талды.
– Ең алдымен жаңадан учаскелік полиция қызметкерін тағайындап, қасына көмекші, астына көлік бердік. Сол жылы жүйелі жасалған жұмыстың арқасында төрт қылмыстың басы ашылды. Оның екеуі – мал ұрлығы. Сондай-ақ, 2017 жылдың шілде, қыркүйек, желтоқсан айларында “Қуандық әулие” жерінен Ж.Калиевтің жеті, К.Байжігітовтің “Талды аша” учаскесіндегі үш бас жылқы малы ұрланып, әлі күнге дейін қылмыс ашылмай келеді. Меншікке қол сұғудың алдын алу мақсатында арнайы рейдтер ұйымдастырылып, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу нәтижесінде ағымдағы жылдың 9 ай көлемінде мал ұрлығы мен басқа да қылмыс түрлеріне жол берілген жоқ, – деді ауыл әкімі.
Сонымен қатар, аудан әкімі қазіргі таңда ең көп мал ұрлығы орын алған Арықбалық ауылы әкімінің міндетін атқарушы Жұбаныш Барақбаевтан жос­парлы жұмыстары жайында сұрады. Ал аудан прокуроры Бақытжан Мырзабаев төрт түлікті тіркеуге алу жұмыстарының ақсап тұрғанын, тіркеуге алынбаса келешекте іздестірілмейтінін жеткізіп, ұрлықтың алдын алу мақсатында ауылдық округтердің кіру және шығу қақпасына бейнебақылау камераларын орнатуды ұсынды. Сәйкесінше аудан әкімі бұл ұсынысты хаттамаға енгізуді тапсырды.
Бұдан соң жергілікті полиция мен аудандық білім бөлімінің басшылары кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша баяндама жасады. Мырзабек Тәжібайдың сөзіне сенсек, өткен жылы төрт мектеп оқушысы мен екі колледж студенті қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Беймезгіл уақытта көше кезетін жас­өспірімдер де жетерлік. Ал Бектұр Қали мектеп оқушыларының жазғы демалыс мезгілінде бақылаусыз қалып, соның салдарынан осындай жағдайлар орын алып отырғанын айтты. Білім бөлімінің басшысы ата-аналардың жұмысын балаға ыңғайлау, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды жұмысқа тарту және бейімдеу үйірмелерін ашу арқылы қылмыс деңгейін төмендетуге болады дейді. Жауапты тұлғалар аталған қиындықтарды болдырмау жөніндегі жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Жиын соңында аудан басшысы өзінің орынбасары Әлімжан Жарыл­қағановқа талқыланған мәселелер бойынша жұмысшы топ құрып, рейд жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, жасөспірімдерді тәрбиелеу жолында газет беттерінде рухани-тәрбиелік мақала жариялаудың да маңызы зор екенін атап өтті.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

29 қыркүйек 2018 ж. 2 004 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031