Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіптік білім түлегі – келешек кәсіптің иесі

Кәсіптік білім түлегі – келешек кәсіптің иесі

Қазақстан «WorldSkills Kazakhstan» қозғалысына 2014 жылы еніп, 2015 жылы елімізде алғаш рет ұлттық чемпионат өткізді. Ұлттық жарыстың мақсаты – мамандық иелерін дәріптеп, адамдарды кәсіп игеруге тарту.
Әсілі көпшілігіңізге бұл тіркес таныс емес. Сондықтан қысқаша айта кетсек, «WorldSkills» халықаралық қозғалысы техникалық мамандық­тарды насихаттау, дүние жүзі бойынша кәсіби мамандар даярлау, сапасын сынау, біліктілік мәртебесін көтеру үшін жұмыс істейді. Оның аудармасы «Әлемдік бағыт» дегенге саяды. Бұл жарыс әлемнің 75 мемлекетінде өтеді. Қазіргі таңда қауымдастық құрамына 75 ел мүше. Оның ішінде Қазақстан да бар.
Бұған дейін тек қана облыс көлемінде өткен ұлттық чемпионат алғаш рет Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде студенттер арасында байқау болып ұйымдастырылды. Оған Қызылорда облыстық оқу орталығының (әдістемелік кабинет) бөлім басшысы Бақдәулет Дүрманов қатысты. Байқауда аталған білім ордасында «Дәнекерлеу ісі», «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», «Ауылшаруашылығы машиналары мен тракторларын жөндеуші-слесарь», «Аспаз ісі» және «Дәнекерлеу технологиясы» бойынша мамандық меңгеріп жатқан студенттер қатысты.
Байқау кезінде «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» бойынша сайысқа қатысушылар «ВАЗ 2106» автокөлігінің қозғалт­қышын ДВС және беріліс КПП қорабын бұзып жинады. Болашақ ауылшаруашылығы машиналары мен тракторларын жөндеуші-слесарлар форсункаға диагностикалық жұмыс жүргізді және оны бөлшектеп, бүріккішті ауыстырды. Аккумуляторды өлшеу аспапатары арқылы тығыздығы мен қуатын анықтады.
Сондай-ақ поршенге сақиналарын салып, иінді біліктің мойын тіректерін өлшеді. Аспазшы қыздар салаттың бірнеше түрін дайындап, тәтті десерттің де дәмін татқызды. Болашақ дәнекерлеушілер резервуар құрастырды. Барлық қатысушылардың жұмысын арнайы бекітілген сарапшы мамандар қадағалап, бағасын берді.
«Студенттеріміз 2015 жылдан бері «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатына қатысып келеді. Алғашқы жылы «Тас қалаушы» құзыреттілігі бойынша өндірістік оқыту шебері Қайрат Айтпаевпен білім алушы Ерсұлтан Қасым үшінші орынды иеленген болатын. Бұдан кейінгі жылдары да колледж студенттері жүлдесіз қалмады. Бұл чемпионаттың болашақ мамандық иелері үшін маңызы зор. Олар білім ордасында теориялық біліммен қатар өндірістік шеберханаларда тәжірибе жұмысынан өтеді. Қоғамға қажетті кәсіп меңгеруге ниеттілер қатары жыл санап артып келеді», – дейді колледж директоры Темірбек Исмайлов.
Сайыс нәтижесінде «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» Ақниет Спан, «Ауылшаруашылығы машиналары мен тракторларын жөндеуші-слесарь» Ақылбек Бекен, «Дәнекерлеу технологиясы» Дархан Қилыбай мамандығы бойынша, «Аспаз ісі» Асылзат Егеубай бірінші орын иеленіп, облыстық байқауға жолдама алды.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

19 ақпан 2019 ж. 1 847 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031