Кәсіби техникалық білім – болашаққа барар жол
Елімізде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Осы орайда, Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепте «Кәсіби техникалық білім – болашаққа барар жол» тақырыбында мектеп оқушыларымен кездесу өтті.
Шараны Сәтбаев атындағы №216 мектеп директоры Зинегүл Балдырқызы жүргізіп, аталған білім ордасында кəсіби-техникалық білім беру аясында жүргізілген жұмыстарға тоқталды.
«Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жобасы аясында өткен шараға мектептің 9 және 11-сынып оқушылары, Қазалы аграрлы-техникалық колледж директорының оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Қ.Арзақынов, Қазалы гуманитарлық-техникалық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Д.Арықбаев, Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары М.Ақниязов, ішкі істер бөлімінің кадр жұмысын ұйымдастыру тобының инспекторы, полиция капитаны А.Бейбітәлі мен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің жетекші маманы Ж.Байтілес қатысты.
Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру – бұл азаматтардың қайта білім алуы мен тегін оқу курсынан өтіп, өз кәсібін бастауға жол бастайтын үлкен мүмкіндік. Біздің ауданымызда кәсіптік-техникалық білім беретін үш арнаулы орта оқу орны бар. Солардың бірі – 90 жылдық тарихы бар Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі. Колледж директорының орынбасары М.Ақниязов мәлімдегендей, бұл оқу орнында қазір 12 мамандық, 95 біліктілік бойынша студенттер білім алады. Колледжде 19287 кітап қоры мен 121 электронды оқулығы бар кітапхана, лингафон кабинеті, химия және физика лабораториясы, интернет орталығы, оқу-жаттығу залы және жылыжай бар. Студенттерге шәкіртақы, ыстық тамақ трансфер, жол жүру ақысы беріледі және жатақханамен қамтамасыз етіледі. Өндірістік практикадан өтуге 28 кәсіпорынмен келісімшарт жасалынған. 2017-2018 жылдары оқу онына 275 талапкер қабылданған.
Сондай-ақ, Қазалы аграрлы-техникалық және Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжіндегі оқу барысы, мамандықтар жайы оқушыларға түсінідрілді. Айта кетер жайттың бірі – биылғы жылы аталған колледждерге «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы негізінде 9-11 сынып бітірушілер оқуға түсе алады. Барлық мамандық грант негізінде оқытылады.
Кездесу барысында биыл мектеп бітіруші түлектерді қызықтырған ішкі істер саласындағы мамандыққа баулитын оқу орындары болды. Ішкі істер бөлімінің кадр жұмысын ұйымдастыру тобының инспекторы, полиция капитаны А.Бейбітәлінің айтуынша, Қазақстан Респбуликасы ІІМ Алматы академиясының техникалық факультеті ішкі істер органдарына «Ақпараттық жүйе», «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандықтары бойынша «техника және технология бакалавры» академиялық деңгейіне лайықты, жоғары білімді мамандар даярлайды. Академиядағы оқудың бүкіл кезеңі, яғни төрт жыл жедел әскери қызметті өтеуге теңестіріледі және ішкі істер органдар есебіндегі қызмет есебіне кереді. Бұндағы студенттер үш уақыт ыстық тамақпен, нысанды киіммен қамтылып, шәкіртақы алады. Академия түлектеріне «полиция лейтенанты» шені беріліп, ішкі істер органдарның аумақтық бөлімшелеріне міндетті түрде жұмысқа қабылданады
Аталған факультетке оқуға түсу үшін мектеп бітіруші түлектер ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде бесінші пән ретінде физика, профильдік пән –математика (7 баллдан кем емес) таңдайды. Айта кетер жайт, ҚР ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясы да талапкерлерді оқуға шақырады. Оқу орындары туралы толыққанды ақпаратты жоғарыда айтылған оқу орындары мен мекеме мамандарынан алуға болады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.