Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр спортының серпілісі

Сыр спортының серпілісі

Аудан әкімдігінде облыс аумағындағы дене шынықтыру және спорт ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатындағы көшпелі мәжіліс өткізілді. Босқосуда негізінен 2018 жылы Қызылорда облысы мен Қазалы ауданында қол жеткізілген жетістіктер жайы сөз болды.

Алдымен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлыбек Есбосынов өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарымен бөлісті. Оның айтуынша, осы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Әйтеке би кенті мен Ғ.Мұратбаев ауылынан спорт залын ашу жоспарлануда. Бұл жұмыстарды іске асыру үшін кәсіпкерлермен келісім жүргізіліп, ұсыныстар қарастырылуда.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов аймақ спортындағы соны серпілістерді тілге тиек етті. Биыл облыста мүмкіндігі шектеулі жандардың спорт клубы мен ат спорты клубы ашылды.

Сыр саңлақтары да 2018 жылды толайым табыспен аяқтады. Қызылорда облысының спорты республика көлемінде үздік деп танылды. Алматы қаласында Қазақ Спорт және Туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының ұйымдастыруымен «Жыл үздіктері – 2018» номинациясының жеңімпаздары марапатталған болатын. Сонда «Үздік спортқа жанашыр облыс әкімі» номинациясы бойынша Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жеңімпаз деп танылды. Сондай-ақ, «Үздік спорт басқармасы», «Үздік спорт мектебі», «Үздік баспасөз хатшысы», «Үздік аудандық спорт әдіскері – 2018» және басқа да номинациялар қызылордалықтарға бұйырды.
Сыр спортшылары биыл Олимпиада, Азия, Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 1 500 медаль жеңіп алды. Қала, аудан мектептеріне 8 автокөлік алып берілді. Сондай-ақ спорт басқармасының бағынысындағы мекемелер спорттық құрал-жабдықтармен (бокс рингі, күрес кілемдері, татами, даянг, ауыр атлетика штангасы, тұғыры және т.б.) қамтамасыз етілді. Соның арқасында Қызылорда облысы республикада үздіктер қатарынан көрінді, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, басқарма басшысы биыл спорт саласындағы жетістіктерге байланысты әкімдердің рейтингі шығарылатынын жеткізді. Осы ретте ел спортында өзіндік орны бар өңірдің үшін үздік үштіктен көрінуге мүмкіндігі мол екенін айтып, сол сында сәттілік тіледі.
Өз кезегінде аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бұқаралық спортты дамыту жолындағы өркенді істер биыл да өз жалғасын табатынын, осыған орай Қазалыда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен аулалардағы, парктердегі ашық спорт алаңдарын көбейту керектігін айтты. Ол үшін осы жылы аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлінетін болады.

– Былтырғы жылы аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауымен және Олжас Азатұлының ықпалымен Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс батыр стадионына жөндеу жұмысы жасалып, 6 ауылға жаттықтырушылар бөлінді. Соның арқасында бүгінгі таңда Кәукей, Бекарыстан би, Ү.Түктібаев, Жалаңтөс батыр, Жанқожа батыр ауылдарында күрес, тоғызқұмалақ, бокс және волейбол үйірмелері тұрақты жұмыс жасап, 400-ге жуық жастар сүйікті спорт түрлерімен айналысуда. Бұл тұрғыда әлі де атқарылар шаруа аз емес. Жақында ауыл-аймақта өткен есеп беру жиындарында Қазалы қаласы мен Жанкент, Бекарыстан би ауылынан спорт кешенін салу, Сарбұлақ ауылына күрестен жаттықтырушы маман бөлу жөнінде ұсыныс түсті, – деді аудан басшысы.

Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
02 ақпан 2019 ж. 1 324 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 72

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 76

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930