7 елді мекенде спорт кешенінің құрылысы басталды
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов атқарған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы БАҚ өкілдеріне баспасөз-конференциясын өткізді. Жиынға басқарма басшысынан бөлек, таеквондодан Қазақстан жеңімпазы Айнұр Есбергенова, дзюдодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Адия Сайын, каратэ-додан Әлем чемпионы Нұржан Ақпанбет, киокушинкай-кан каратэден Әлем чемпионы Айбек Шаукилов, ММА-дан Әлем чемпионы Ғани Әділсерік қатысып, жетісіктері, алдағы жоспарлары жайлы бөлісті.
Облыста дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші – тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту. Есепті кезеңде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 27% көтеріліп, 211 271 адамға жетіп отыр. Бұқаралық спортты одан әрі дамыту үшін бүгінгі таңда мемлекеттік - әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюджеттен 113,7 млн теңге бөлініп, 282 спорт нұсқаушысы 138 елді мекенді қамтып, 41 040 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді.
2017 жылы облыстық бюджеттен 7 елді мекенде, атап айтсақ Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында және Сексеуіл, Төретам кенттерінде спорт кешендерінің құрылысы басталды. Биылғы жылы пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептер желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында үстіміздегі жылы Қызылорда қаласы Мерей мөлтек ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалға беру жобасы іске қосылып, жоба аясында 1200-ге тарта баланы спортпен қамту жүзеге асырылды. Бұдан әрі, Шиелі ауданы Ақмая және Алғабас ауылдарынан дене-шынықтыру сауықтыру кешенін жалға алу жобалары іске қосылды.