Алименттің әлегі
Барша мұсылман қауымы бас иіп, айрықша қадір тұтатын қасиетті Құранда: «Әйел мен ер, олар бірдей құқыққа ие, алайда жауапкершілік жағынан ер адам бір саты жоғары тұрады», – деп жазылған. Осыдан-ақ отбасындағы əкелердің орны мен міндетінің жоғары екендігі аңғарылады. Алайда арамызда өз қанынан жаратылған ұрпағын тірі жетім етіп, «көкек əке» атанғандар көбейіп отыр.
Соның кесірінен бүгінгі қоғамда алимент алуға мәжбүр болған бала мен сот орындаушыларын жағалаған аналар саны көбейе түскен.
Туған баласын материалдық тұрғыда қамтамасыз етуден қашып жүргендердің қылығы қынжылтады. Борышкерлердің кейбірі жұмыс орнын, енді бірі жалақысын жасырғысы келеді.
Алимент төлеуден жалтарған осындай безбүйрек әкелермен күресті жеке сот орындаушылары жүргізеді. Бұл бағытта олар біршама шаралар қолдануда. Жалпы, жеке сот орындаушылар есебінде берешегі бірнеше миллионға жеткендер кездеседі. Мұндайларға шетелдік тәжірибені қолданып, алиментті өндірудің түрлі жолдары қарастырылады. Атап айтсақ, алимент төлемеген әкенің есепшотын жауып, елден тысқары шығуы шектеледі. Жүргізуші куәлігі уақытша тоқтатылып, кейбірінің мініп жүрген көлігін сатқызып, қарызын өтетеді. Кей жағдайда ерлі-зайыптылар өзара келіседі. Яғни, берешекті ері айлығынан қолма-қол береді немесе борышкер жұмыссыз болса, ата-анасының зейнет ақысынан төлеуге рұқсатын алады. Негізі заң жүзінде некеде тұрғандар ажыраспай-ақ, бір үйден кіріп-шықса да алимент ала алады.
– Жыл басынан бергі 11 айда 459 алимент өндіру туралы іс тіркелді. Оның 14-і әкімшілік жауапкершілікке, 4-уі қылмыстық жауаптылыққа тартылды, – дейді Қазалы ауданы бойынша жеке сот орындаушысы Есен Тілепбергенов.
Оның мәлімдеуінше, алимент төлеуден бас тартып, жасырынып жүрген азаматтар үшін заң да, талап та бар. Жеке сот орындаушылары жұмыссызбын деп сылтау айтатындарға жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбек етіп, алимент берешегінен құтылуды талап етуге құзырлы. Дегенмен, көпшілігі денсаулығы жарамайтындықтан қоғамдық ақылы жұмыстан бас тартатынын жеткізеді. Егер де борышкер 3 ай көлемінде тиісті қарызын өтемесе, ҚР әкімшілік кодекстің 669-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осылайша заң тәртібіне көнбегендер тиісті айыппұл салынады.
«Заң бойынша борышкер бір бала үшін табысының төрттен бір бөлігін, екі балаға үштен бір, ал үш және одан көп балаға жартысын төлеуі тиіс. Азаматтық іс жүргізу кодексіне сот орындаушыларының өндірісі мен мәртебесіне қатысты бірқатар өзгертулер енгізілді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің алимент бойынша борышкерлерге қатысты баптарындағы айыппұл төлеу және түзеу, қоғамдық жұмысқа мәжбүрлеумен қатар, енді балаларына беретін алиментін төлемеген борышкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, екі жылға бас бостандығынан айырылады. Бірақ біз тәжірибе жүзінде бас бостандығын шектеуді қолданудамыз. Сонда да алименттің əлегі азаяр емес», – деді Есен Басенұлы.
Əрбір отбасының қорғаны – əке мен шеше. Бауыр етің – балаңнан безіну адами тұрғыда пендешілікке жат қылық. Дүниеге келген перзентін тәрбиелі де, білімді етіп, қоғамның пайдалы азаматы қатарына қосу ана мен әкенің бұлжымас парызы. Дей тұрғанмен, бұл міндеттің салмақты тұсы әрине, алдымен әкеге артылады. Өйткені анаға тәрбие мәселесі жүктелсе, материалдық жағынан қамтамасыз ету әкенің борышы екендігіне ешкім де шек келтірмейді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА