«Тәуелсіздік» не деген қастерлі ұғым едің
1991 жылдың 16 желтоқсаны Қазақ елі сан ғасырлар аңсаған азаттықтың ақ таңын қарсы алған күн. Бұл күні қаншама қыршыннан қиылған боздақтардың жаны, ата-бабаларымыздың елімізді қорғау үшін төккен қаны, ақ жаулықты аналарымыздың көрген тауқыметінің кермек дәмі, ел ұлдарының Тәуелсіздіктің темірқазығын қағуға жұмсаған еңбегі ақталған күн.
«Тәуелсіздік» не деген қастерлі ұғым едің?! Кез келген жақсылықты түсіну үшін жамандықты, тәттінің қадірін білу үшін ащыны, бақыттың қадірін тану үшін қайғыны көру керек секілді «Тәуелсіздік» деген ұғымның қадіріне жету үшін еліміздің бодан болған күнін еске алуымыз керек секілді...
Алтай мен Атыраудың, Есіл мен Еділдің арасында жатқан ұлан ғайыр атырапты мекендеген тұмса табиғаты бар, шапса тұлпардың тұяғы тозатын, ұшқан қыранның қанаты талатын, жерінің асты алтынға, үсті астыққа бай, Менделеев кестесіндегі барлық элементтер табылған, ұлы алып тұлғаларды тудырған Қазақ елі КСРО-ға бодан болған қасіретті жетпіс жылдың ішінде не тауқымет, басынан нендей нәубет өткермеді. Туған жері барлық байлыққа тұнып тұрса да ашаршылықтан қырылып, өз жерінде өзінің билігі жүрмей, қазақ қазақ бола тұра өз елінен пана таба алмай тарыдай шашылып кеткен болатын. Ол аз десеңіз КСРО-ның барлық атом сынақтары үшін Қазақ елі зертхана ретінде таңдалды. Күні бүгінге дейін сол нәубеттің келтірген кесірі өзінің күшін жоя қойған жоқ...
Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзiнiң егемендiгi мен тәуелсiздiгi үшiн күресiп келдi. Өзiнiң ең жақсы қасиеттерiнiң: қатер төнген сәтте бiрiгiп, ұйымдаса бiлуiнiң, сондай-ақ басқа халықтармен бейбiтшiлiк, келiсiм мен тату көршiлiк жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзiнiң мемлекеттiгiн қалпына келтiре алды.
Міне, көзді ашып жұмғанша Егемен ел атанғанымызға жиырма жеті жыл толыпты. Тәуелсiздiктiң кезектi жылдығын атап өту бiзге ең алдымен той тойлау үшiн емес, ой ойлау үшiн керек. Тәуелсiздiктiң тайғақ кешулi жолында алдымыздан шығатын асу-асу белдер де болады. Ұлттың ұлан асуында ұйытқи соғатын желдер де болады. Сол асу-асу белдерде белiмiздi талдырмауымыз керек. Сол ұйытқи соғатын желдерде ұлы мұраттарымызды ұмыт қалдырмауымыз керек. Нағыз Тәуелсiздiкке қиын iсте тәуекелге бара алатындардың ғана қолы жетедi. Осы тұста көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерін атап айтқым келеді:
«Қиындық атаулыны жеңетiн бiр-ақ күш бар, ол – бiрлiк. Елiңдi, жерiңдi қорғау үшiн бiрлiк қаншалықты қажет болса, Тәуелсiздiк жемiстерiн, бүгiнгi қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшiн де ол сондай қажет.
Тәуелсіздік – тарихтың толқыны, шайқалмай, уақыттың соққысын байқамай өз бетінше тұратын тұғыр ғана емес, оны қолда ұстап тұратын тек шарболаттай шындалған рух, наркескен жаңашыл мінез, арайлы ақ таң үшін күрес. Міне, мәңгілік жасайтын елдің өмірлік ұстанатын кепілі – осы. Мыңжылдықтар тоғысар тұста тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгінгі қазақстандықтардың пешенесіне жазылды».
Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық өлшемде шексіз жауапкершілік жүгін артты. Біз осынау ұлы тағдырды қабыл алып, бірлігіміз бен еңбегіміз арқылы тарих сынағынан сүрінбей өтіп келеміз. Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрды. Сол себепті, Тәуелсіздік күні – баршамыз үшін, күллі қазақстандықтар мен әлемнің барлық қиырындағы достарымыз үшін ұлы мереке. Баршаңызды Ұлы дала елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мейрамкүл ОРАЗАЛИЕВА