Құртпен емделудің көмегі көп
Бүгінде халық арасында дәрілік шөп ішу, уқалау, хиджама жасау, алтын ине, сүлік салу сынды ем кеңінен пайдаланып келеді. Табиғи жолмен жүргізілетін мұндай шипа кейбір науқастың дертіне дауа болып та жүр. Жақында сырқаттардың денсаулығын осындай жолмен қалпына келтіруге өз мүмкіндігін жұмсап, аянбай атсалысып жүрген Ұлмекен Жамшитоваға жолықтық.
Ол келушілерге сүлік салып, ауырған жерін уқалау әдісімен ем жүргізеді. Оның айтуынша, сүлік – денсаулық, сұлулық пен жастықтың фабрикасы іспетті. Әулие құртпен емдеу ежелден бар әдістердің бірі. Медицинада отыз ғасырдан астам қолданылып келеді. Оны көптеген аурудың алдын алып, оларды емдеу және организмді тазалау үшін қолданған. Медициналық сүлік тұщы суда тіршілік етеді. Оның сілекейінде гирудин және гиалуронидаза деген заттар бар. Гирудин қанның ұюына кедергі келтірсе, гиалуронидаза дене талшықтарындағы зат алмасу барысына әсер етеді.
Ұлмекен Қаниқызы сүліктің сілекейі қабынуға қарсы күресу, иммундық жүйені қоздыру, қан тамырларының склероздық процесін азайту, қан ұю үрдісін болдырмау және ұйыған қанның түйіршіктерін езу қасиеттеріне ие екендігін жеткізді. Ғалымдар сүліктің сілекейінен дестабилаза деген фермент жасап шығатынын анықтап отыр. Сүлік салу гирудотерапия деп аталады.
Қазір кардиология, офтальмология, дерматология, хирургия, гинекология, урология, неврология және герентология саласында кеңінен қолданылады. Осы арқылы күретамыр, қан тамыры, тері ауруларына, өкпе, бас сақинасы, инфаркт, инсульт, глаукома, простатит, «с» гепатитін, цирроз, асқазан жарасынан жазлуға мүмкіндік мол. Әйелдердегі миома, киста, қалқанша безі аурулары емделеді. Сондай-ақ, өт жолын тазалап, гайморит тәрізді сырқаттарға шипасын тигізеді. Ең ғажабы, сүлік салудың көмегімен арықтауға да болады екен.
Гирудотерапияның тиімділігі сүлік адамның артық арам қанын сорып алады. Сөйтіп, қан айналысын жақсартады. Оның сілекейі биологиялық белсенді заттарға бай. Осы түрлі ферменттерден тұратын сүлік сілекейі адамның иммунитетін күшейтіп, ағзасын жасартады. Сонымен бірге, қанның ұюына тосқауыл қоятын гирудин және 100-ге жуық биологиялық пайдалы дәрумендер сүлік сілекейінің басты айырмашылығы.
Бұл күндері Ұлмекен Қаниқызы «Дәулет энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғимаратында келушілерге қызметін көрсетуге дайын. Оның ескертуінше бұл жәндікті туберкулезбен сырқаттанып жүрген, анемия, қан қысымы төмендерге және 12 жасқа дейінгі балаға салуға болмайды. Қолданылған сүлік қайта салынбайды, көміліп тасталады. Әулие құртты арнайы Алматыдағы гирудоорталықтан алдырады. Оларға Мәскеу мен Бакуден заңды түрде рұқсаты бар биофабрикада өсіріліп келеді екен. Ем аларда иіс су мен сабын қолдануға болмайды. Себебі, сүлік химиялық иісті ұнатпайтындықтан науқасқа жабыспай қояды.
«Жалпы, сүліктің варикозға арналған, дәріханалық және косметикалық түрлері мен үлкен, орташа, кіші көлемділері пайдаланылады. Аяқтағы варикоздарды емдеу үшін майда түрі қолданылса, беттегі әжім мен оның қан айналысын жақсарту үшін орта көлемді сүлік салынады. Қазіргі уақытта негізінен қан қысымы жоғарылар, цирроз ауруына шалдыққандар, асқазан мен өт жолдарын тазартып, гаймориттен емделушілер көптеп келеді. Сондай-ақ, жаз бен күзде аллергиясы шығатындар уақытымен ем алса, айығып кетеді. Кішкентай емшілерді адамның салмағына қарай қоямын. Мәселен, 70 келі салмағы барға 1 курсына 40 сүлік салынады. Бұл жәндік тістеген жер 6 сағаттан тәулік бойы қансырап тұратындықтан оның үстіне залалсызданған сулық пен мақта қалыңдатып салынып, орап тасталады. Жүргізілген сеанстардан соң жақсарып, уақыт өте қызметіме қайта жүгінетіндер аз емес. Таныстарымның шақыртуы бойынша Астана, Маңғыстау, Қостанай, Рудный, Теміртау қалаларына барып, қасиетті құрттардың көмегімен сырқаттанғандардың денсаулығын қалпына келтіруге үлесімді қосамын», – дейді Ұ.Жамшитова.
Қазіргі таңда дәрігерлер сүлікті науқас адамның жүрек қызметі нашарлап, бауыры ұлғайғанда, тромбофлебитте, миокарда инфарктінде, жүректің демікпелі ұстама ауруында (стенокардия), ми-қан тамырларының қысылуында қолданады. Сүлік салып, емдегеннен кейін сырқаттың дене қызуы қалпына түседі, қан қысымы, қандағы қант мөлшері төмендейді, ұсақ қан қатпарлары жойылып, ісікке қарсы, ауырсыздандыру тетіктері іске қосылады. Гирудотерапияны гинекологиялық сырқаттарға қолданғанда әйелдер айығады, оларда гормондық зат алмасу жылдам қалпына келеді. Сүлік салу бедеулік, эндометрит, эндометриоз тәрізді жатыр мен созылмалы аурулардың алдын алады. Әсіресе, емші құрт операциядан кейін тез жазылуға әсер ететіндігі дәлелденген. Осыған орай соңғы кездері дәрігерлер операциядан соң сүлік салуға кеңес береді.
Денсаулықтары жақсарған тұрғындар Ұлмекен Қалиқызының қызметіне дән риза.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
ainur.jk@mail.ru