Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстық медициналық мекемелерге автокөліктердің кілті табысталды

Облыстық медициналық мекемелерге автокөліктердің кілті табысталды

ҚР Тұңғыш Президенті күні Қызылорда қаласында медициналық мекемелерге арнайы автотехникалардың кілтін табыстау рәсімі, сондай-ақ 112 бірыңғай диспетчерлік қызметінің тұсаукесері өтті.

Облыстың медицина мекемелеріне 7 мамандандырылған реанимобиль, шақыруларға қызмет көрсететін 15 "Ларгус" және 37 "УАЗ" автокөлігінің кілті табысталды.

Аймақ басшысы Қ.Көшербаев денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін құттықтап, Елбасы Н.Ә. Назарбаев әрбір Жолдауында адам капиталын дамытуда халықтың денсаулығын нығайтудың маңыздылығын атап өтетіндігін айтты. Мәселен, биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Үкіметке 5 жыл ішінде денсаулық сақтау саласына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігін тапсырды, бұл осы саланың халықаралық деңгейде дамуына мүмкіндік береді.

"Денсаулық сақтау саласы аймағымыз үшін маңызды салалардың бірі болып табылады. Соңғы 5 жылда республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен, апатты деп танылған медициналық нысандардың 64 пайызын жаңадан салуға мүмкіндік жасадық. Соның ішінде, Арал, Қазалы, Шиелі ауруханаларын салуға қол жеткіздік.
Сондай-ақ, Жалағаш ауданында орталық аудандық аурухана құрылысын қаржыландыру мәселесі шешіліп, құрылыс ақпан айында басталады. Медицина саласына мемлекеттік-жекеменшікті әріптестікті тартып, 61 жобаны қарастырып отырмыз, бұл республика бойынша үздік көрсеткіш. Денсаулық сақтау саласында кадрлар даярлауға облыс әкімінің гранттары бөлінді, қазір 72 бакалавр мен резидент еліміздің медициналық ЖОО-да білім алуда. Біздің дәрігерлер бірнеше ай бойы Корея, Ресей Федерациясының клиникаларында білімін жетілдірді", - деді аймақ басшысы.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Евгений Ким жедел-жәрдем, полицей, төтенше жағдайлар, өрт сөндіру, газбен қамту, анықтама қызметі біріктірілген «бірыңғай кезекші диспетчерлік 112» қызметі жобасын таныстырды.

Жол көлік оқиғасы кезінде жарақаттан кейінгі өлім-жітімді азайту мақсатында жергілікті полиция қызметінің 400-ге жуық жол патрульдік полиция қызметкері жарақат алған науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсету қағидаттары бойынша оқудан өтті. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметінің жол бойындағы 30 бригадасына зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қобдишасы берілді.

Соңғы жылдары жарақаттар мен уланулардан болатын өлім себептері аймақ тұрғындарының қаза болу себептерінің алғашқы бестігіне кіреді. Осыған байланысты «2018-2019 жылдарға арналған жарақат алу және жазатайым оқиғалар, оның ішінде жол көлік апаты кезіндегі медициналық көмек көрсету кезіндегі интеграциялық моделін енгізу бойынша» Жол картасы бекітілді. Жол картасының аясында 2016 жылдан бері облыс тұрғындарына травматологиялық көмек көрсетудің 3 деңгейлі жүйесі ұйымдастырылды.

Жедел жәрдем қызметінің жұмысы облыс бойынша емделушілер туралы барлық деректер базасын басқаратын бірыңғай орталыққа шоғырланған. Бұл науқастарға уақытылы және тиімді көмек көрсету үшін емделушілер туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жазатайым оқиғалардан өлім биылғы 10 айда 31,3 пайызға төмендеді.

Аймақта барлығы 75 бригада, арнайы санавиация техникасы және бірыңғай медициналық Сall-орталық жұмыс істейді. Барлық санитарлық автотехника GPS қондырғылармен жабдықталған, қызметкерлер халықаралық шұғыл медициналық көмек стандарттары бойынша оқудан өтті, жедел жәрдем қызметінің жұмысын жетілдіру мақсатында емханаларға 10 жедел жәрдем бригадасы берілді,

Нәтижелі реанимация көрсеткіші 2 есеге жақсарды, ауруханаға дейінгі өлім жағдайлары 2,9% төмендеген, жол көлік оқиғасы орнына жету уақыты 31,7 пайызға жақсарды, шақыруларға кешігу көрсеткіші а 47,3 пайызға төмендеді.
03 желтоқсан 2018 ж. 1 043 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031