Денсаулық сақтау саласы – Елбасы назарында

Жақсылықпен басталған жыл басында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт қалыптастыру мақсатында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеуді тапсырды. Жолдауда жарияланған он бағыттың ішінде салауатты өмір салтын ұстану үшін денсаулық сақтау ісі әрбір азаматқа қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиістігін, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту, жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға ерекше назар аудары қажеттігі айтылған.
Елбасы қазіргі таңда медициналық технологияның жедел дамуына және халықтың өмір сүру жасының ұзақтығына байланысты медициналық қызметке сұраныс артып, медицина диспансерлік ем қолданудан амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажеттігін жеткізді. Бұл тәжірибе бұрыннан әлем елдерінде қолданылып келе жатқандығын, сондықтан оны батыл әрі белсенді түрде енгізу керектігін, сондай-ақ, Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетінін атап өтті. Бұдан бөлек, ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттігі де айтылған.
Жолдаудан туындайтын негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылатын жұмыстарды сапалы орындау – баршамыздың міндетіміз деп білемін. Сондықтан барлық күш-жігерімізді біріктіретін кез келді, ағайындар!
Күншығар ӘБІЛОВ,
амбулаториялық-емханалық қызметі бар Қазалы аудандық орталық
ауруханасының бас дәрігері.