Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ей, Қазалы, атың неткен ыстық-ты...

Ей, Қазалы, атың неткен ыстық-ты...

Журналист, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрперзент Домбай есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Ол – өз жерлесіміз. 1958 жылы ауданымыздағы Қожабақы ауылында дүниеге келді.
Үкімет жолдамасымен еңбек жолын Жезқазған өңірінде бастады. Жергілікті басылымдарда жауапты қызметтер атқарды. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жезқазған облысы бо­йынша меншікті тілшісі болды. Аймақтық «Мыс­ты өңір» газетіне басшылық жасады. Қазіргі таңда республикалық «Ана тілі» газеті бас редакторының бірінші орынбасары.
Қаламы жүйрік журналист ойлы, сырлы өлеңдерімен де жыр сүйер қауымды қуантып жүр. Биыл оның «Елім деп соғар жүрегім» атты өлеңдер жинағы Алматы қаласында жарық көрді.
Біз жерлесімізге шығармашылық табыс тілей оты­рып, бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынамыз.
Қазалы
Қазақ исі бұрқыраған аймағым,
Асыл заттай ала бөтен ардағым.
Арда туған ұлдарыңның бірі едім,
Ақ жүрекпен асқақ жырды арнадым.

Ей, Қазалы, атың неткен ыстық-ты,
Сағынышым көзден жасты ыршытты.
Сенде ылғи тұп-тұнық боп таң атты,
Сенде ылғи күлімсіреп күн шықты.

Сен шежіре бүгіп жатқан сан сырды,
Білсек дейміз ақиқатты, бар шынды.
Сылқым сұлу – Сырдан аққан лай су,
Перзентіңе ішкен кезде бал сынды.

Оттан түспей бұрқ-сарқ қайнап қазаның,
Тарқамаған қыз-қыз қайнап базарың.
Оғыздарға орда болған Жанкенттің,
Жан сырына қанықтыршы, Қазалым.

Азулы ер Азияны қаратқан,
Аспандағы жұлдыздайын дара аққан.
Тәуеп етіп, топырағыңа табындым,
Жалаңтөстей баһадүрді жаратқан.

Жауға қарсы жолбарысша атылды,
Теңдік сұрап ұйқысыз таң атырды.
Сен туғыздың елім десе, жер десе,
Жанқожадай жанын берген батырды.

Содан соң да жылжымады бекер күн,
Көп болуын тілеп өсті ел ердің.
Жалындаған жастықты аңсап, ақыры
Жарық күнге Ғаниыңды әкелдің.

Қаяу болса жарасар ма көңілге,
Күй шалқыса несі айып төріңде.
Әнсіз тірлік тірлік пе деп тәйірі,
Тарту еттің Розаны өмірге.

Қазақтықты қазық қылып бекіттің,
Жас өскінді жаман жолдан жеріттің.
Ұрпағыңды ұлылыққа ұйытып,
Бабалардың соңдарына еріттің.

Шежірені шерткен кезде шалдарың,
Құлақ қойып тыңдай қалар жан-жағым.
Інілердің бойындағы ізеттік,
Ағалардан тарайтынын аңғардым.

Таба алмадым мін, кемшілік біріңнен,
Шығып келе жатырсыңдар сенімнен.
Келіндердің сәлемі де сүйсінтті,
Қол қусырып, инағаштай иілген.

...Дәстүр дәмін ықыластана тарттырар,
Ондай жандар тұғырында нық тұрар.
Қазақ қалай қазақ болу керегін,
Қазалының қазақтары ұқтырар.
Қазағым
Алла өзі қолтығыңнан демеп тұр,
Нұрлы күнге жолыңды ашып жебеп тұр.
Қалғытпауың үшін ой мен санаңды,
Серпіліс те, сілкініс те керек бір.

Бақ дегенің қона бермес басыңа,
Бақытты шақ бабаң күткен осы да.
Ес жиюың екіталай қайтадан,
Тізгін беріп қойсаң егер қасыңа.

Армандаған күнің еді осы күн,
Ақырында алшы түсті асығың.
Қол астында мұнарланған биігің,
Жақындады жеткізбейтін қашығың.

Енді күнің қарамасын ешкімге,
Өз-өзінен өспейтін бе ед (і) өскін де.
Ұлтың үшін ұмтылатын сәт қазір,
Ертең болар кеш мүлде.

Ажырамау айың туған кезіңнен,
Сән кетпеуі сұңғылалы сөзіңнен.
Не болмаса ұшырып ап бақ құсын,
Сан соғуың... бәрі,бәрі өзіңнен!..
Алматыда тұратын қазалылықтар
Бір адамның баласындай өздері,
«Ақұдайдан» басталады сөз легі.
Бір-біріне тіл қатқанда ұғысып,
Көбіректеу «Сенен» гөрі «Сіздері».

Ұйымшыл да, бірліктері мығым-ақ,
Көңілдері көл суындай тұнық-ақ.
Жөніне қап Алматыңыз, жөнелер,
Әңгімені елге қарай бұрып ап.

Жаңалығы қозғалады ауылдың,
«Жағдайы» да сөз болады қауынның.
Арманы жоқ әңгімеге ілігер,
Қазалыға жауатұғын жауынның.
Суымайды елге деген құштарлық,
Топырағын тақса дейсің тұмар қып.
Ел алдында иіледі шыбықтай,
Әрқайсысы болса-дағы шынар тік.

Тойы болса барып бірге тойлайды,
Бармасыңа елдегілер қоймайды.
Ой дегенің таусылған ба, алдымен,
Туған жердің амандығын ойлайды.


Сөкпеңіздер жершіл ме деп оларды,
Оларға жат жерге бөлу адамды.
«Туған жерсіз қадір болмас Отанда»,
Деп шіркіндер сөз қозғайды орамды.

Елді сүйсе жөнсіз кінә тағар кім,
Белгісі ғой адамдықтың, бұл ардың.
Кіндік кескен атажұртқа аяулы,
Махаббаты ерекшелеу олардың.

...Тек мейірімнен жаралғандай қазағы,
Құшақ жайып, қамқор қолын созады.
Аңсар ауып аңсамасқа қоймайтын,
Құдретің-ай, сенің осы, Қазалы!
Ауылым
Ауылым. Қазақтың мінезіндей,
Онда кеңдік, мейірім бар.
Ауыл. Қазақ – егіз үндей,
Қосыла жырлап тұрдыңдар.

Ауыл аппақ армандар,
Ұясына ұқсайды.
Бітімі бөлек бар шалдар,
Бәтуалы сөзге бастайды.

Қышқылтым дүние жоққа тән,
Түтініне дейін тәп-тәтті.
Ауылдан ырзық, бақ табам,
Ауылым – кием ардақты.

Сіміре жұттым ауаңды,
Көкірек сарай тазарды.
Көрмесем көңіл алаң-ды,
Ала бер мейлі мазамды.

Ала бер мейлі мазамды,
Ұмыту сені зор күнә.
Аудара алмай назарды,
Қарайлай берем артыма.

Соңымда тұрсың қол бұлғап,
Оралатыныма сенесің,
Дейсің де: намыс, ар қымбат,
Бойыма қуат бересің.

Кеңейсін сенің өрісің деп,
Жақсылықтарға үндеген.
Ауылым аман болсын деп,
Тілеп жүремін күнде мен.
Жанқожа
Жауын көрсе жайнаған,
Бойда қаны қайнаған.
Ер боп туып ертерек,
Елдің жайын ойлаған.

Ел деп соққан жүрегі,
Елмен бірге тілегі.
Дұшпаны да, досы да,
Жанқожаны біледі.

Жерін сүйген жанымен,
Тең еді ол арымен.
Ардан артық бар ма екен,
Ар қымбат қой бәрінен.


Намыс бойын кернеген,
Намыссызға ермеген.
Кездескенмен дүлей күш,
Беті қайтып көрмеген.

Сынар жерге сынбаған,
Сүйегі асыл ер бабам.
Кегі кеткен кекшілден,
Кегін алмай тынбаған.

Қорғаны еді жұртының,
Ұлысы еді ұлтының.
Жұртым аман болсын деп,
Таппады ғой бір тыным.

...Ататын таң, күн жаңа,
Нұрға бөлеп тұр дала.
Қазағыңа – барыңа,
Жар бола гөр, жан баба!
Соңыма неге қарай берем...
Өткен күн, өткен жылдар сағындырған,
Балалық қызық еді-ау сағым қуған.
Ілесіп жыл көшіне бір күндері,
Жастық та жетіп еді жалындаған.

Жастық шақ ол да кетті қолын бұлғап,
Айтқанмен оралмайды тілек мыңдап.
Пойыздай жөңкіле алға тартқан,
Барады көз алдымда өмір зырлап.

Қайғысыз, уайымсыз күндер қандай,
Асқарға алып ұшқан армандар-ай.
Сәулелі сәттер тұрса күтіп алдан,
Сапарлар жалғасатын жол таңдамай.

Кедергі болмайтындай көрінетін,
Маңайдан күміс күлкі төгілетін.
Қызығын тіршіліктің қимағандай,
Батуға күннің өзі ерінетін.
Жүздері адамдардың жарқын еді,
Дос болу, бауыр болу – бар тілегі.
Сол жылдар жарығы мол қайда кетті,
Мекенін айтыңдаршы. Кім біледі?

Өткен күн, өткен жылдар қымбат маған,
Жасымды сағынышым құрғатпаған.
Елеске осы күні айналыпты,
Сәттер-ай мөлдір, тұнық сыр сақтаған.

Күндерді күн дейміз бе еленбеген,
Қалсыншы естелік боп менен де өлең.
Қимасым қалғандай-ақ өліп-өшкен,
Соңыма неге апырмай қарай берем...
Нұрперзент Домбай


13 қараша 2018 ж. 1 721 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031