Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жігіттердің жүрек жылуы

Жігіттердің жүрек жылуы

Әйтеке би кентінде тегін шаштараз жұмыс істейді. «Берекет» деп аталатын шаштаразда Нұрғазы Нәлібаев, Нұржан Оразхан, Әлфара Төлепберген есімді жас жігіттер келушілерге қызмет көрсетеді. Сондай-ақ олар шаш қию өнерін меңгеремін деушілерге де білгенін үйретуден жалықпайды.
«Жаспрожект» жобасы негізінде ашылған шаштараз ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелеріне қызмет көрсетеді. «Тегін шаштараз» жобасының жетекшісі Нұрғазы Нәлібаев. Оның айтуынша, «Жаспрожект» жобасы көптеген жастарға кәсіп бастауға мүмкіндік берген.
«Біз топта үш адамбыз. Өз жобамызды ұсынар сәтте көп ойландық. Барынша халыққа тиімді, қоғамға қажетті деген кәсіп бастауды жөн көрдік. Ортаға ойларымызды салып, пікір алмастық. Бірнеше жылдан бері шашатаразда жұмыс істеп жүрген Нұржан көп балалы аналардың көкейінде балаларының шашын алғызу кезінде жеңілдіктер болса деген тілектің бар екендігін жеткізді. Сол сәтте «Неге мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көп балалы отбасы мүшелерінің шашын қиятын тегін шаштараз ашпасқа?» деген ойға келдім. Бұл ойым жанымдағы екі жігітке де ұнап, мені қолдай кетті. Нәтижесі міне, біз бірігіп жұмыс істеудеміз. Қызметімізге зәру жандар тұрғындар арасында монша базар атанып кеткен аумақтағы «Айтоғжан» сауда орнына келсе бізді таба алады», – дейді Нұрғазы.
Айта кетейік, «Жаспрожект» жобасы кәсіп бастауға ниетті жастардың талпынысын құптап, бір миллион теңге шамасында грант береді. Осы қаржыны пайдалана отырып, алты ай көлемінде тұтынушыларға тегін қызмет көрсетіледі. Ал алты айдан соң кәсіпкер өзін-өзі қамтамасыз етіп, әрі қарай ісін өркендету үшін ақылы түрде жұмыс істейді. «Берекет» әлеуметтік шаштаразы да солай. Дегенмен, шаштараз жігіттердің келушілерге жағымды жаңалығы бар екен.
«Алты айдан соң ақылы қызмет көрсету басталады. Арнайы құрал-жабдықтар мен қажетті бұйымдар алу үшін бізге де қаржы қажет. Сондықтан кәсіпті кеңейту үшін ақылы жұмыс жасайтын боламыз. Ол кезде барлық адамдар келе алады. Бірақ, аптаның бір күнін мүмкіндігі шектеулі азаматтар, әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелерінің шашын тегін алуға арнасақ деген жоспарымыз бар», – деп Нұржан Оразхан бізді қуантып қойды.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген. Жігіттер тегін шаш алып берумен ғана шектеліп жатқан жоқ. Шаш қию тәсілдерін меңгергісі келетін бес талапкерге бар білгенін үйретуде. Олар аптаның сәрсенбі, жұма және сенбі күндері келеді.
«Алғашқы екі күнде үйренушілер жұмысымызды қарап, ауызша дәріс алды. Одан кейін шаш қиюды бастады. Қазір біршама қолдарын жаттықтырды десем болады. Жігіттердің ынтасы жоғары, қызығушылығы басым», – деген Әлфара Төлепберген әлі де келемін, үйренемін деушілер болса кеш еместігін айтты.
«Берекелі болайық деген ниетте бастаған ісімізге ризамыз. Қызметімізді пайдаланушылар алғысын айтып, үлкендер батасын бергенде төбеміз көкке бірелі жетпей қалады. «Батаменен ер көгерер» дейді ғой. Келешектен күтеріміз көп. Қолдан келсе көмекке ұмтылып жүргенге не жетсін», – деп ағынан жарылды Нұрғазы Нәлібаев. Расында да алғыс айтушылар қатары аз емес. Солардың бірі Әйтеке би кентінің тұрғыны, екінші топ мүгедегі Әбілқасым Алғашбаев: «Шаштараз – кім-кімге де қажет орын. «Берекет» шаштаразы ашылған күннен бастап, бізді өздері құлақтандырды, шақырды, қызметтеріне ризамыз. Еңбектері жана берсін деймін», – деген тілектестігін білдірді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

13 қараша 2018 ж. 1 694 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031