Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындарды тегін тасымалдайды

Тұрғындарды тегін тасымалдайды

Әйтеке би кентінде кәсіпкер Думан Нұрылла өзінің қоғамдық көлігімен әр жұма сайын жолаушыларды тегін тасымалдайды. Күн сайын кент ішінде 70 қоғамдық көлік қатынайтын болса, соның біреуі осындай қайырымды іс жасап отыр.
Көлік иесінің айтуынша, бұл жарнама емес, тек сауап үшін жасалған қарекет.
«Әйтеке би кентінде гүл және балалар киімін сататын дүкенім бар. Кәсіп істеп, табыс тауып отырғаннан кейін халыққа қызмет ету, қайырымдылық жасау – парыз, сондықтан «Газель» көлігін сатып алып, досым Еламанға тізгіндеуге бергенмін. Оның үстіне, ол «Газель» жүргізгенді жақсы көреді. Кентішілік бағытқа көлікті қосып қойдық. Сосын екеуміз ақылдаса отырып, әр жұмада халықтан ақы алмауға келістік. Қасиетті жұма күні халыққа осылай қызмет етіп, садақа қылуды жөн көрдік», – дейді Думан Нұрылла.
Қоғамдық көлік жүргізушісі Еламанмен тілдескенімізде жұма күні өзі де, кассир де ақысыз жұмыс істейтінін айтты.
«Көліктің маңдайшасына «Бүгін жолақы тегін» деген жазу іліп қоямыз. Әр апта сайын бір күн тұрғындарды ақысыз тасымалдасақ та бұл кәсіп өз-өзін ақтайды. Газбен жүретіндіктен, «Газельдің» шығыны да көп емес. Шүкір, табыс мол түспесе де, жан бағуға жетеді. Сол күні мінген адамдар риза болып, бата беріп, алғыс айтып жатады», – дейді Еламан.
Кәсіпкерге кент тұрғындары алғыс айтуда.
«Аялдамаға осы қоғамдық көлік келе қалса, қуанып кетемін, әсіресе жұма күні. Ол күні бізден жолақы алмайды. Рахметімізді олар ақы деп қабылдайды. «Көп тілегі – көл» деген, бұдан кәсіпкердің көсегесі көгермесе, жаман болмайды», – дейді осы қоғамдық көліктен түскен жолаушылардың бірі Әзима Тасыбайқызы.
Алдажар АЛПАМЫС
09 сәуір 2018 ж. 2 213 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 76

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930