Тәнті еткен тәттілер
Көпшілікке белгілі «Zhas project» жобасының аясында грантқа ие болып, жұмыс жасап жатқан жандардың бірі қазалылық Гүлдана Тоқашова деуге болады.
Жұмысына тиянақты, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын жан осы бағдарлама аясында өзінің кондитерлік өнімдер жасауға арналған жобасын ұсынып, мемлекеттің 1 миллион теңге сыйақысын иеленген. Мұнан соң, «Sweеt Kazalу» тәтті торттар мен тоқаштар орталығын құрып, жұмысын бастап кеткен. Бүгінгі таңда керекті құрал-жабдықтарын сатып алып, отыз келіншекке тәтті торттар жасаудың қыр-сырын үйретіп жатыр.
– Ең алғаш өзім тәтті торттар жасауды жеңгемнен үйрендім. Осынау бағдарламаның игілігін көріп, торт қамырын дайындайтын «миксер» мен арнайы пеш сатып алдым. Аналар мен қыз-келіншектердің басын құрап, түрлі тәттілердің қалай жасалатындығын тегін үйретіп жатырмын. Шүкір, жұмысымыз жақсы. Екі торт жасаймыз. Біреуін тұрмысы төмен, немесе мұқтаж жандарға берсек, екіншісін өзіміз «кофе-брейк» ұйымдастырып дәмін татамыз. Алдағы уақытта осы кәсібімді кеңейтіп, арнайы кондитерлік орын салғым келеді. Сөйтіп, өзімді және тағы да қолы епті қыздарды жұмыспен қамтысам деген жоспарым бар, – дейді Гүлдана.
Жалпы, аз уақытта өнімді жұмыс істеп үлгерген Гүлдананың торттарына қазірдің өзінде сұраныс жоғары.
– Гүлдананың қолға алып, жасап жатқан жұмысының игілігін көріп жатырмыз. Оның дәмі тіл үйірген торттарын үйреніп, отбасымды қуантудамын. Жұмыс барысында өзінің бар білгенін бізге сыпайы, ұғынықты етіп түсіндіріп жүргені үшін алғысым шексіз. Алдағы уақытта да тек биіктерден көріне беруіне тілекшіміз, – дейді Күләш есімді келіншек.
Айта кетерлігі, Гүлдананың қыз-келіншектерге тегін үйретіп жатқан игілікті жұмысы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Есет ТАБЫНБАЕВ