Берекелі істің бастамасы
«Алдымен экономика, сосын саясат». Иә, бұл тоқсаныншы жылдары еліміз есін жинап, тұтылған бұғаудан құтылғанда Елбасының ұстанған ұстанымы болатын. Осындай берік саясаттың нәтижесі аз уақытта жемісін беріп, елдің еңсесін тіктеді. Бұл күнде де аталмыш ұстаным өзінің бағытынан адасқан жоқ. Оның себебі, «кәсіп етем, нәпақа табам» деген жандарға көп мүмкіндіктің берілуі деуге болады. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің айналамыздағы түрлі кәсіп иесінің ісін дөңгелетіп жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды.
Сондай еселі еңбегінен береке тауып жатқан кәсіпкерлердің бірі – Балқия Қожаева десек қателеспейміз. Ол бүгінде Кәукей ауылында кондитерлік өнімдер шығарумен айналысады. Мұнымен қатар, Балқия жуырда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында грантқа қол жеткізіпті. Қазірде, Кәукей ауылынан наубайхана ашу жобасын жүзеге асыруда.
Өзінің еңбегіне деген адалдығының арқасында, кәсібін кеңейтуді қолға алған ол – қара нан, печенье, торт, таба нан, кекс, пицца, тоқаш секілді кондитерлік өнімдермен ауылдастарын қамтамасыз етіп отыр. Тұрғындардың сұранысына сай ақ адал қызмет істесем дейді.
– Жалпы, ауылға нан көбіне кент орталығынан келеді. Енді, Әйтеке би кенті мен Кәукей ауылының арасы едәуір жер екені белгілі. Кейде, келетін нан қатып қалып, жазғы уақыттары бұзылып кетіп жатады. Осы орайда, «Неліктен ауылдан өзімізде нан шығармасқа?!» деген ойға бекідім. Тәуекел етіп, жоба жасап, грантқа қол жеткіздім. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтсем деймін. Үлкен пештерге тапсырыс беру үстіндемін. Жаныма көмекші алып, бір адамды болса да жұмыспен қамту жайында жоспарым бар, – деп өз ойымен бөлісті.
Осы ретте, ауыл тұрғындарының өз өнімдерін шығарып, бірін-біріне қол ұшын беріп жатқаны жүрекке жылу ұялатады.
Есет ТАБЫНБАЕВ