Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекедегі мерейлі марапат

Мерекедегі мерейлі марапат

«Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған». Осынау сөз бала кезімізден құлағымызға сіңісті болғаны әмбеге аян. Қандай қоғамда да байланыс саласының орны бөлек. Кеше «Дүниежүзілік пошта» күніне байланысты Қазалыдағы пошта байланыс торабында ерекше шара өтті. Жасыратыны жоқ, өз басым көп уақыттар бойы сырт көзге томаға-тұйықтау көрінетін осынау іргелі мекеменің тыныс-тіршілі туралы өзгеше пікірде болып келгенімді несіне жасырайын? Ашығын айтсам, мұндағылар газет-журнал таратып, уақыт өтсе болды деп жайбарақат жүретін қауым шығар деп ойлаушы едім. Пікірімнің мүлде ұшқары екенін ұжым мүшелерімен жақын араласа келе білдім. Бұл жер отыны мол жағылған қазандай бұрқ-сарқ етіп тынымсыз қайнап жататын, түрлі бағытта жұмыс жүргізетін, жауапкершілігі мол ең мазасыз орта болып шықты. Оған қоса, әлденеше жылдан бері ұжымның тізгінін абыроймен ұстап отырған Жайлаубай Нұрбаев та - жұмыс десе жанып түсетін, ортақ абырой жолында өзге тұрмақ, өзінен де темірдей тәртіпті талап ететін азамат.
Мұнтаздай пошта ғимаратының ауласында қолдарына күрек-кетпен ұстаған шоғырды көріп, жөн сұрадық. Мекеме басшысы Жайлаубай Маханұлы бұл ағымдағы жылы құрылғанына ширек ғасыр толған Қазақстан поштасының құрметіне ұйымдастырылған 25 мың түп тал егу республикалық акциясы аясындағы шара екенін жеткізді. Өздерінің қарбалас жұмыстарының арасында игілікті шаруадан қалыс қалмаған ауызбіршілігі мол ұжымға біз де табыс тіледік.
Мерекелік жиын барысында «Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан пошта байланыс торабының ұжымын төл мерекемен құттықтап, Жайлаубай Маханұлын, Салтанат Әскербек, Алияш Шманованы «Алғыс хатпен» марапаттап, соңғысына жаңа үлгідегі партия билетін тапсырды. Ал мекеме басшысы Ж.Нұрбаев болса, бас маман Диляра Махамбетова мен хат тасушы Кенжегүл Қалиланы облыстық филал директорының мадақтамасымен марапаттады. Жиын барысында «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы қауіпсіздік секторының бастығы Қабланбек Әбдіраманов, аталмыш сектордың бас маманы Бақыт Сиқымов өздерінің ақ ниеттерін жолдады.
Мерекелік шарадан соң өткен семинарда «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы қауіпсіздік секторының бастығы Қабланбек Әбдіраманов жиналғандар алдында «Сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізер зияны және алдын алу», өзге де тақырыптар бойынша құнды деректерден бейнебаянмен үзінді келтіре отырып, хабарлама жасады. Семинарға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап қайтарды.
Жұмабек Табынбаев

11 қазан 2018 ж. 1 320 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 73

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 78

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 61

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930