Газет – оқырманымен ғана ғұмырлы
Әйтеке би кентінің тұрғыны Қосаман Сүлейменов «Қазалы» газетін бірнеше жыл бойы әр санын жинақтап, тігіп отырады. Газетті 2009 жылдан бері үзбей оқып келе жатқан тұрақты оқырманымыз газетті асыға күтетінін айтады.
«Газет – тәрбие құралы. «Қазалының» бетінде оқырманға ой салатын, мәдениеттілікке, еңбексүйгіштікке шақыратын мазмұнды материалдар мен тарихи тақырыптар жиі жарық көреді. Мен Ермек Жұмахметұлының іс-сапарда жазған жолжазбалары мен тарихи мақалаларын ерекше ықыласпен оқыдым. Газет тілшілерімен қоса қоғамдық негіздегі тілшілер қалам тербеген әр тақырып өзінше орынды дүниелер.
Өзім де «Қазалы» газеті редакциясында бір жарым жылдан аса уақыт жұмыс істедім. Шығармашылық саласында болмасам да әріптестерімнің әр газетті дайындау сәтінде қызу еңбек пен тынымсыз тірлік ететіндерін көріп, білдім. Бұл – ұжымдық жұмыс. Ауызбіршілікті, сыйластықты, үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан, мыңыншы санына жеткен басылым ұжымына ынтымақ-береке тілеймін. Мазмұны мен көркі бір-біріне келісті басылымның басқалардан бәсі биік болсын», – деп тілек білдірді біздің тұрақты оқырманымыз.
«Қазалы» – көпшіліктің қалаулы газеті. Оны үлкен де, кіші де қызыға оқиды. Басылым ұжымы оқырмандарына жағымды жаңалықтар мен танымдық мақалаларды, әсерлі әңгімелер мен еркін тақырыптағы жазбаларды жиі ұсынады. Оқырмандары да жетерлік. Мәселен, Әйтеке би кенті тұрғындарының бірі Күлән Әйімбетова жеті жылдан бері басылымның тұрақты оқырманымын дейді. Күлән апаның үйінен 2011 жылдан бергі сандары түгелімен сақтаулы тұрған «Қазалы» газетін көріп, ерекше сүйсіндік.
«Алғашқы жылдармен салыстырғанда газетте алға ілгерілеушілік басым. Жыл өткен сайын жаңарып, көлемі үлкейді. Басылымда көкейіңе тоқитын мағыналы әңгіме көп. «Қазалы» арқылы ауданымыздың, ауылдардың тыныс-тіршілігі мен жаңалықтарынан хабардар боламын. Қазалыдан шыққан өмірі өнегеге толы аға-апаларымыз туралы естеліктер, біздің өңірдегі тарихи орындар, бүгінгі таңда жетістіктерге жетіп, туған жердің мақтанышына айналған азаматтарды да басылым арқылы танып, біліп келеміз. Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін», – дейді «Қазалының» көзіқарақты оқырманы.
Бұдан бөлек, оқырман¬дарымыздан «Газетті үнемі оқып отырамын», «Әр санын асыға күтеміз» деген сөздерді естіп, ерекше қуанамыз. Біздің газетке тұрақты түрде жазылып, іздеп жүріп оқитын оқырмандарымыздың қатары бұдан әрі артады деген сенімдеміз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.