Талғат Ермегияев бес күнге тәртіптік изоляторға орналастырылды
«Сотталушы Ермегияев Т. түрмеде ұстау тәртібін өрескел бұзды деп танылды және осы үшін бес күн тәртіптік изоляторға орналатырылды», - деп хабарлады ҚР ІІМ ҚАЖ Комитетінің баспасөз қызметі.Мекеме бұған дейін Талғат Ермегияевтің жеңілдетілген жағдайда жазасын өтегенін хабарлаған болатын.
«ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 138-бабы бойынша максималды қауіпсіздік мекемесінде жеңілдетілген жағдайда сотталушының ай сайын 10 АЕК көлемінде азық-түлік өнімдері мен қажетті заттарды тұтынуға, жылына алты сәлемдеме немесе алты бандероль алуға, жылына 4 қысқа мерзімді және 4 ұзақ мерзімді жүздесу құқығы бар», - деп мәлімдеді комитет өкілдері.ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, сотталушы Талғат Ермегияев осы қылмыстық істі тергеу аясында қазіргі таңда Астанадағы тергеу изоляторында отыр.
Бұған дейін ІІМ сотталған «ЭКСПО» ұлттық компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияевке жазасын өтеу кезінде жақсы жағдай жасап бергені үшін ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің басшысы Әбен Н.С. және оның орыбасары Мұсаев Т.О ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынғанын хабарлаған болатын.
Сонымен бірге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мекеме қызметкерлерінің сотталушы Ермегияевке еш кедергісіз алкогольді ішімдіктер ішуге, ұялы телефон мен интернетті еркін қолдануға рұқсат беріп, шектеусіз кездесуді заңсыз ұйымдастырып отырғанын атап өтті.
Айта кетсек, күзетпен ұстаудың белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзған адамды ұстауға арналған камера тәртіптік изолятор деп аталады.