Өлшеусіз еңбектің өтеуі
«Тынымсыз еңбек етіп, бейнетіңнің зейнетін көру деп, осы бір құрмет пен шексіз ілтипатқа бөленуге ие болған кезімді айтар едім», – деп Күміс апа ағынан жарылды.
Аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұсынуымен Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы «Таң нұры» демалыс орталығына 3 күндік демалысқа 10 ұстаз-ардагер баратынын, соның бірі мен екенімді айтқанда ерекше қуандым. Сонымен кәсіподақ комитетінің төрағасы Ә.Раман бастаған ардагерлер жолға шықты. Сапар кезінде бір-бірімізбен танысып, қауқылдасып, өзімді құдды бір лагерге бара жатқан бала секілді сезінгендеймін.
«Қартайғанда бала болады» деген рас екен. Қызықты әңгімемен көзді ашып жұмғанша Түлкібас ауданы «Таң нұры» шипажайына да келіп жеттік. Көздің жауын алатын әсем табиғат, шипажай қызметкерлерінің жылы жүзбен қарсы алуы жанымызға жайлылық сыйлады. Қызылорда облысы бойынша әр ауданнан жиналған 90-нан аса ардагер бас қостық. Түрлі спорттық шаралар мен сайыстар өткізіліп, марапаттар берілді. Саяхат барысында жас шамамызға қарамастан 600-ден аса баспалдағы бар «Түркі басы» шыңына шығып, сылдырап аққан мөлдір таза суын ішіп, бабамызға құран бағыштадық. Керемет таза ауасымен демалып, тіл үйіретін дәмді тағамынан дәм таттық. Осылайша, 3 күндік саяхатымыздың қалай өткенін байқамай да қалыппыз. Күміс апа осындай демалыс ұйымдастырған жандарға алғысының шексіз екенін айтып, қызықты әңгімесімен бөлісті.
Елдің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардақты да, аяулы ардагерлерге қандай көмек көрсетілсе де артық емес. Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, жас қауымға бас-көз бола білген ардагерлердің орны қашанда ерекше.
Гүлнұр ЕРЕЖЕПОВА,
№4 «Шұғыла» бөбекжай балабақшасының
бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы