Астанадан алған әсер мол
Биыл Астана қаласының 20 жылдың мерейтойы. Осыған сәйкес Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен бір топ Сыр ұстаздары үстіміздегі жылдың 6-8 шілдесінде Елордадағы мерекелік шаралардың куәсі болдық.
Қызылорда қаласындағы Б.Шүкенов ескерткіші түбіндегі салтанатты жиында мұғалімдер қауымына тегін жолдамалар табысталып, алыс жолға аттандық. Осы бір қуанышқа бөленген ұстаздар қатарында қазалылық он бір ұстаз біздер де жүрдік.
Туристік саяхаттың бағдарламасы бойынша барған күннен бастап қонақ үйден бастау алған сапарымыз көрікті қаламыздың кереметтерін тамашалауға арналды. Зәулім де сәулетті ғимараттар бірінен соң бірі көз тартып, менмұндалап тұрды. Алған әсерімізді айтып тауыса алмаймыз.
Жиырма жыл ішінде Сарыарқа төсінен осындай көрікті қала тұрғызу көреген көшбасшымыз – Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасы деп білеміз. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын қосып, бір мемлекет аясында тату-тәтті өмір кешу ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздігіміздің жемісі екеніне және бір көз жеткізіп қайттық. Осындай көтеріңкі көңіл-күйге қол жеткізген облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті мен аудандық кәсіподақ комитетіндегі азаматтарға ризашылығымыз шексіз.
Феруза ӘБЕНОВА,
№2 «Айгөлек» бөбекжай балабақшасы
бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.