Ат баптау – асыл өнер
Қаршадайынан жылқы малының қыр-сырына қанығып, құрығы құтты әкесінен тәлім алған қазалылық атбегі Мырзағұл Жалмаханның есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Ол бала күнінен-ақ әкесі Жәлидің жанында жүріп сейістік өнерді меңгерген. Атадан әкеге, бертін келе әкеден балаға дарыған бұл асыл өнерді бүгінде ол балалары мен немерелеріне үйретіп жүр.
Жастайынан аттың жалында ойнаған Мырзағұл Жәлиұлының бүгінде асауға бас білдіріп жүргеніне 30 жылға жуықтапты. Ол осы уақыт аралығында әкесі берген ілімді тәжірибемен ұштастырып, кәнігі сейіс атанып үлгерді. Көпшілік оны атты алыстан таныр сыралғы әрі сыншы деп таниды. Бойына сіңген осы бір қасиеті оны ат аламандарында жаңылдырған жоқ. Оны сөз арасында өзі де айтып қалды.
– Ат баптауды атадан қалған асыл өнер деп білемін. Атам да, әкем де қылқұйрықтыға құрық салған жандар. Солардың қанынан жаралған соң, менің атқа жақын болуым таңданарлық жағдай емес. Бала күнімде-ақ атқа әуес болдым. Бала күнгі қызығушылығым мені осы жолға алып келді. Қазір сол атам мен әкем салған сара жолды жалғастырып келемін. Жалпы атбегілікке келгенім жергілікті жердің той-жиындарында ауылдың жылқыларын жарысқа қосудан басталды. Кейін сырт жақтың ат аламандарында ағылшын қанды жылқыларға көзім түсті. Соларды баптап, бәйгеге қоссам деген ой келді. Сөйтіп Ақтөбе қаласынан, Қырғызстаннан ағылшын қанды жылқыларды алып келдім.Қазір соларды жаратып жатқан жайым бар, – дейді Мырзағұл атбегі.
Бүгінде кісі ағасы біршама жасқа келсе де тағынан түспеген. Жанында жәрдемдесіп жүрген жақындары болса да, жылқыларына өзгелерді жуытқысы жоқ. Жем-шөбін өзі беріп, жылқыларының жалын тарап, жағдайын жасап әлек. Жануарлар да Мырзағұл ағадан басқаны жанына жолатпайды. Мұның себебін сұрағанымызда Мырзағұл аға:
– Жалпы жылқы малы қашаннан мінезді. Адамның ойын оқитындай да қабілетті. Олар бәрін сезеді. Өзіне жылы қабақ танытпағанды да алыстан ұғатын ақылды жануар ғой бұлар. Олардың қай кезде қандай әрекет жасайтынын күтпейсің. Нағыз атбегі ғана оны біле алады. Көбі атбегі болуды оның жем-шөбін беру деп ұғады. Бұл қате түсінік. Шебер атбегі жылқының психикасын, ішкі сырын, мінез-құлқын толыққанды меңгеруі керек, – дейді ол.
Ағамен әңгімелесіп жүріп жылқылар тұрған жаққа қарай аяңдадық. Тұяғымен жер тебініп тұрған жылқылардың жанына сәл жақындай бергенім сол екен, Мырзағұл аға жалма-жан: "Аттың артынан жүрме, қызым. Бұлар асау аттар, желігі басылмаған. Байқамасаң, жазым етеді. Бірақ қорықпа, олар қорыққанды да сезеді" деген ол аулада тұрған аттың ауыздығын тартты да, қораға қарай беттей берді.
Қорадан шыққан соң, Мырзағұл ағамен әңгімеміз ары қарай жалғасты. Ағадан "біршама бәйгелерде арғымақтарыңыз бас жүлдені қанжығалапты, сол турасында айтып берсеңіз" дедім. Ол: "Қызым, шыны керек, біраз ат жарыстарына сәйгүліктерімді қостым. Қызығы, көбі есімде қалмапты. Тек сол бас бәйгені ұтып алған сәттер ғана есімде. Арал ауданында өткен Сольтрес ауылының 95 жылдығында, Ақтөбе қаласында өткен аста, Ғани Мұратбаевтың туғанына 100 жылдығына орай, Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 240 жыл толуына орай өткен ат бәйгелерінде бас бәйгеге тігілген көлікті ұттық", – деп жауап берді аламанда атын оздырып жүрген атбегі.
Атбегінің айтуынша, атты баптау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені додаға түсетін аттың жайы қашанда бабында болу керек. Тіпті оған берілетін жем-шөп пен судың берілетін өзінің уақыт мен тәртібі бар. Ал егер азығы шамадан тыс артық берілсе, аяғына қан түсіп, ақсауы мүмкін екен.
– Жалпы өзім жаратып жүрген жылқыларға екі мезгіл, таңертең және кешке жем-шөбін беремін. Уақытылы суын ішеді. Күндіз 2-сағат міністе жүреді. Кейін 2-3 сағат қаңтарып қоямын. Ал бәйгеге аз уақыт қалғанда, кем дегенде 10-15 күн алдын аттың ащы терін аламыз. Күніне 2-3 сағаттан кем емес жүгіртіп, кейін шомылдырамыз, – дейді ол.
Арайлым ЖҮСІПОВА