Жылқыдан жүйрік жаратқан
Бала жасынан әкесі Кемаладиннің қасынан қалмай, жылқы малының жай-күйімен жақын танысқан Жасұланның күнделікті жұмысы қорадағы күрең қасқаны баптаудан басталады. Талай бәйгеде топ жарып, оқ бойы оза шапқан сәйгүліктің сырын білетін сейіске жануар да үйреніп алған. Иесі келгеннен тұлпар тұяғымен жер тарпып, теңселе билей кетеді. Төрт түліктің ішінде қылқұйрыққа ерекше ықыласпен қарайтын Жасұлан күрең қараға жем-суын беріп, жалын тарағанды жаны сүйеді.
Тектілігін танытып, иесіне сенімді серік бола білген сәйгүлік он бір мәрте бәйгеде бақ сынаған. Оның жетеуінде шашасына шаң жұқтырмай мәре сызығын бірінші болып кескен күрең қасқанының есімі аймақтағы жұртқа жақсы таныс. Жүйріктің жалын тартып мінген Тілеулес Райымбек пен Арыстан Айнадин есімді жас шабандоздар.
Кәукейлік ат жаратушы Жасұланның айтуынша, атсейіс ең алдымен жылқының тұқымын тани білгені абзал. Жүйрікті асылдандырып, бәйгеге баптауды әкесінен үйренген ат ұстаушы тіпті жануардың көңіл-күйіне қарап та бапкерлік жасайтындығын жеткізді.
– Жылқыдан жүйрік жаратудағы әркімнің өз құпиясы бар. Атсейіс ерте, таң қылаң бере қораға жақындағанда ат иесіне дыбыс береді. Сонда оқыранғаны мен пысқырынғаны, кісінегенінің де өз мәні, мағынасы бар. Малдың хошы болмаса, оған беретін жем-шөптің реттілігіне өзгеріс енгіземін. Болмаса, жетектеп жүріп, атты өзі қалаған жеріне жаямын. Атсейіс пен аттың арасында үнсіз байланыс болады. Оны бәрі бірдей аңғара бермейді. Балаңдай баптаған жануарыңның жай-күйін жақсы білгенде ғана сенен жақсы сейіс, жылқыдан жүйрік шығады, – дейді Жасұлан Мүсілімов.
Бұдан бөлек Расул қасқа, Жезкиік атты сәйгүліктерді сынға салған сейіс қазір күрең қасқамен бірге тай жаратуда. Атсейіс жылқыны күтіп-баптаудан өзге сәйгүлікті келеңсіз жайттардан сақтау мәселесіне де сақ қарайды. Халқымыздың жүйріктерді тіл-көзден қорғауға ерекше мән берген. Оның ішінде сәйгүліктің жабдықтарын аяқасты тастамай, оны құрметтеп ұстайды.
– Бала кезден әкем ат әбзелдерін биік әрі таза жерге іліп жүр. Жүйріктің жүгенін беталды жерге тастама. Тұлпарды көп арқандама. Оны мініске жаратпа, – деген ақыл-кеңесін көп айтатын.
Ал біз болсақ, Жасұлан жайлы жаза отырып «Әкеге қарап ұл өсер» деген тәмсілдің төркінін түсіндік.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ