Жылқы бағып, сәйгүлік баптаған...
Қазір ауылдық жерлерде қолындағы азын-аулақ малының басын көбейтіп, қожалық ашқандардың қатары артқан. Солардың бірі – Қ.Пірімов ауылының тұрғыны жас кәсіпкер Нұрсұлтан Бекжан.
Қ.Пірімов ауылына қарасты «Ақтамшық» учаскесінде орналасқан «Келманов Бекжан» шаруа қожалығы 2016 жылы құрылған. Қожалық негізінен мал басын көбейтумен айналысады. 350 гектар жері бар. Шаруашылықта бірнеше бас жылқы мен түйе өсірілуде.
Жас кәсіпкер Нұрсұлтанның атасы Бекжан көпшілікке сейістігімен аты таныс. Ол бала кезінен тайға мініп, атқа шапқан. Жылқы малының жағдайын жақсы таниды. Атбегі Бекжан Өтегенұлы баптаған сәйгүліктер бәйгенің алдын бермей, талай жүлдені алды. Тұңғыш жаратқан жүйрігі Тордөнен екі жыл бойы Қазалыдағы ат жарыстарында оқ бойы озық келді. Одан кейін де кермеге байлаған күліктері көп алдында абыройлы болды. Атбегінің Наурыз атты жүйрігі Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өткен аламанда дара келіп, иесіне темір тұлпар мінгізді. Аймақта өткен ат жарыстарының алдын бермейтін тұлпарларды баптаған Бекжан ағаның Ақбақай, Құлагер, Құралай, Көркем есімді жүйріктері де жүлдесіз қалған емес.
Бала күнінен жылқының жалын тартып мінген Нұрсұлтан да атасы Бекжан мен әкесі Серіктің қасында жүріп, талай нәрсенің сырын ұқты. Мектеп бітірген соң теміржолшы мамандығын меңгергенімен жылқы жануарына деген құмарлығы оны ауылға қарай тартып тұратын. Ойлана келе жас жігіт кәсіп ашып, жылқы басын көбейтуді мақсат етті. Қазір кәсіпкерліктің қыр-сырын терең меңгеру үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, арнайы сертификат иеленді. Енді мемлекет тарапынан берілетін несиеге құжат дайындауда.
«Қожалықта көкем отбасымен тұрады. Ол жаққа мен де жиі барамын. Жылқымен қатар бірнеше бас түйе бар. Бұл біздің атадан балаға мұра болып келе жатқан кәсібіміз. «Мал баққанға бітеді» деген сөздің жаны бар. Түліктер де бапты, күтімді, жағдай жасағанды қалайды. Сондықтан олардың жем-шөбінің құнарлылығы мен сапалық жағына аса мән береміз. Жылқы мен түйе мінсең көлігің, ал қымызы мен шұбатының дертке дауа, ауруға ем екендігі өз алдына. Жиі болмағанымен аратұра қымыз, шұбат әкеліп, аудан орталығына өткіземіз. Келешекке құрған жоспарым көп. Оның сәтті жүзеге асуына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен қаржылай көмек септігін тигізеріне сенемін», – дейді Нұрсұлтан Серікұлы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА