Менің әлемім...
Әркімнің өз әлемі, әдебі бар. Оны қалай құрады өз еркінде. Бұны хобби десек те болады. Өзіне ұнайтын сүйікті ісімен айналысу – жүрекке жылылық, миға тыныштық сыйлайды. Әр адамның табиғаты бөлек, таңдауы түрлі. Біреуді әдебиет әлемі қызықтырса, енді бірінің сурет салуға деген сүйіспеншілігі жоғары. Ал біздің бүгінгі кейіпкерлеріміздің әлемі мынадай.
Кітапқұмар Ктабия қарт
Жасы жетпіс бесті алқымдған Ктабия қарияның жеке кітапханасында мыңнан аса кітап бар. Бала күнінен кітап оқуға құмартып өскен ол студенттік шақтан бастап кітап жинауды әдетке айналдырыпты. Жай ғана жинап қоймай, кітаптардың барлығын оқып тауысқан. Білуге, білімге деген құштарлығы соншалық жүрген жерінде ең алдымен кітап дүкендеріне соғып, жаңа дүниелерді сатып алуға тырысқан. Бүгінде қазыналы қарт өзі тұратын Бекарыстан би ауылындағы кітапхананың да тұрақты оқырманы.
– Мен кітап оқымасам, отыра алмаймын. Өзім шыға алмаған күні немерелерімді жіберемін. Ауылдағы кітапханашылар сұратқан шығармамды лезде тауып, беріп жібереді. Кітап – адамға әлемге саяхаттауға мүмкіндік береді. Рухани байытып, жан дүниеңді молайтады. Кітап арқылы өмірге деген көзқарас кеңейіп, өзгелерді түсіну жақсара түседі, – дейді кейіпкеріміз.
Ктабия Құрманбаев еңбекке ерте араласқан жан. Ол Карл Маркс атындағы совхозда көмекші шопан болып жұмыс істеген. 1967-1972 жылдары Алматының Зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқып, зоотехник мамандығын алған. 1972 жылдың қыркүйек айымен 1973 жылға дейін Торғай облысы, Қима ауданы, Терісаққан совхозында бөлімше зоотехнигі болып қызмет істеген. 1973 жылдан 1975 жылғы шілде айына дейін Қазалы ауданы, Карл Маркс атындағы совхозда веттехник, еңбек ақы төлеу жөніндегі экономист қызметтерін атқарған. 1975 жылдың шілдесінен 1981 жылдың наурыз айына дейін Карл Маркс совхозында бас зоотехник болды.
Бұдан кейін әр жылдары Бозкөл совхозында бас зоотехник, Бозкөл Қаракөл қой совхозында ферма басқарушысы, Қызылқұм совхозында бас зоотехник болды. Ақжона ауылдық округі әкімінің аппаратында, Майдакөл ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман-бас есепші қызметін атқарды. Отбасында жары Саяш Сердалиевамен 4 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.
– Бала кезімізде үйде кітап өте көп болатын. Әкем барған жерінде кітап дүкеніне бас сұқпай қайтпайтын. Мәскеуден әкелген кітаптары да бар. Бұрындары жарық көрген «Жұлдыз», «Огонек» журналдарының бірнеше жылдық жинағы болды. Әдеби кітаптар, шытырман оқиғалар, саяси жазбалар бәрін бәрін оқитын. Л.Толстой, Анна Каренинаның шығармаларын, Пушкиинің өлеңдерін оқитын. Қазақ жазушыларының да кітабын тауысты деуге болады. Кітаптардың біразы көшіп-қонып жүргенде жоғалды. Көп кітапты сыйға тартты, – дейді Қонысбек Ктабияұлы.
Гүлзаттың гүлзар бағы
Әйтеке би кентінің тұрғыны Гүлзат Аралбайқызы гүл өсірудің нағыз маманына айналғалы қашан. Ол бірнеше жылдан бері бөлме гүлдерін баптайды. Әсемдікке құштар жан күнде таңертеңмен гүлдеріне су құйып, топырағын қопсытып, ыдысын тазалауды әдетке айналдырған. Әр гүлге баладай қамқорлық жасап, құлпырып өсуіне аса мән береді.
Бес баланың анасы Гүлзат Ешмұратова бақша баптаудың да қыр-сырын жетік меңгерген. Оның ауласына кірген жан құдды ертегі еліне тап болғандай күй кешеді екен. Есік алды жайқалған гүл, бақша жеміс-жидекке толы. Немерелері әжесінің құлпынайын жемей балабақшаға кетпейтін көрінеді. Жаз мезгілдерінде таңғы алтыдан тыным таппайтын Гүлзат Аралбайқызы бақшасын өзі суғарады. Ол еккен қызанақ, болгар бұрышы, қияр мен алма, өрік, жүзім, шие немерелерінің сүйікті асы.
Жолдасынан ерте айырылған Гүлзада Ешмұратова бес баласын жетілдіріп, барлығын қанаттандырды. Бүгінде он бес немеренің сүйікті әжесі. Қыздары тұрмыс құрып, ұлы шаңырақ көтерген. Сауда саласында еңбек ететін кейіпкеріміз бөлме гүлдерін өсіруді жас кезінен жақсы көргенін айтады.
– Гүлдерге қарау, суару, күтіп-баптау маған демалыс, тыныштық сыйлайды. Үйдің сәнін келтіріп ғана қоймай, адам жанына жылылық ұялататын қасиетке ие. Гүлдің жайқалып өсуі үшін оны қалай суаруды да білген жөн. Суды көп немесе аз құюға да болмайды. Гүл болса, шаңырағыңыз жайлы, ауасы таза болады. Өсімдіктер тек сән беріп қана қоймай, ауаны тазартып, оттегі бөледі. Әр гүлдің өзіндік ерекшелігі мен пайдасы бар. Мәселен, Фикус – ауаны тазартып, балғындатады. Әрі аллергияны қоздырмайды. Бұл гүлдің бөлетін биобелсенді заттары тез ұйықтап, жайлы жатуға көмектеседі. Ал «Бамбук пальмасы» – жиі суаруды қажет етпейді. Тек күніне бірнеше сағатқа күннің астына қоюыңыз керек. Бамбук пальмасы электромагнит сәулелерін бәсеңдететін қасиетке ие болғандықтан, компьютердің жанына орналастыруға болады. Үйде Хантемір Хантөре, Ханифа есімді немерелерім бар. Олар әлі кішкентай. Дегенмен өсімдікке жанашырлықпен қарауды, табиғатты аялай білуді осы гүлдер арқылы түсіндіріп келемін, – дейді Гүлзат Аралбайқызы.
Жанаргүл жасаған жауаһарлар
Жанаргүл Ильясова кішкентайынан қолөнерге құштар болды. Қыздарының бұл қабілетін ата-анасы да байқайтын.
Он баланың ортасында өскен Жанаргүлдің апаларының барлығы дерлік тоқыма тоқып, тігін тігетін. Алдағы әпкелеріне еліктеп Жанаргүлде өзіне қолғап, шұлық тоқып алатын. Қызының еңбекқорлығы мен қолөнерге деген қызығушылығын анық аңғарған әкесі: «Қызым, сенің қолыңнан келеді» деп жігерлендіріп, мұғалім мамандығын таңдауға кеңес береді.
Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінен «Кәсіптік оқыту» мамандығын меңгерген Жанаргүл Тлеубайқызы қазіргі таңда аудандық оқушылар үйінде «Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі. Ісмер ұстаздың қолынан шыққан дүниелер көздің жауын алады. Кез келген заттан көркем бұйым шығаратын шебердің қолы алтын. Ол тәрбиелеген шәкірттер де осал емес. Жас қолөнершілер Айша Сағидулла, Інжу Садық, Марина Жұмабек респуликалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы «Туризм энциклопедиясы» жас туристер байқауында топ жарса, «Қазақстан үміті» VІ Республикалық шығармашылық конкурсында Айдана Қарасай, Айжан Табынбаева бас жүлде алды. Марина Жұмабек, Ясина Әбілқасым, Көркем Жарылқасын бірінші орын иеленді.
Ал он саусағынан өнер тамған ұстаз Жанаргүл Ильясова Қызылорда облыстық оқу орталығы «Қолөнер» үйірмесі арқылы оқушының шығармашылық қабілетін шыңдаудағы қолданылатын әдіс-тәсілдер «Декупаж-бейнелеудің сәнді техникасы» тақырыбында жұмыс көрсеткені үшін арнайы сертификатқа ие болды. Қазалы аудандық білім бөлімінің «Тәуелсіз елім – тірегім» атты көркем еңбек пәні мұғалімдерінің көрмесінде «Жапсырмалау өнері» бойынша екінші орынды жеңіп алды.
– Барлық материал түрімен жұмыс жасаймын. Бисер тоқимын, күрішпен сурет саламын, қағаздардан, салфеткадан түрлі бұйымдар жасаймын. Бір реттік сткандарды да кәдеге жарата беремін. Әріптесім Зәуреш апайдан да үйренгенім көп болды, – дейді бізге қолынан шыққан туындыларды таныстырған Жанаргүл Тлеубайқызы.
Жанаргүлдің әр бұйымына зер сала қарасаң, асқан ыждаһаттылық пен еңбекті анық байқайсың. Көп сөзге жоқ, сабырлы жан өзіне тапсырылған жұмысты тап-тұйнақтай етіп атқарып шығатындығын әріптестері де жарыса айтты. Қолөнер – екінің біріне беріле бермейтін қасиет. Бойдағы талантты дамытып, кейінгі толқынға үйретіп жүрген ұстаздың шыдамдылығы мен шеберлігі көпке үлгі.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА