Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқыған озады

Оқыған озады

Бүгінгі балалар кітап оқымайды. Бұл қазіргі қоғамда жиі айтылатын әңгіме. Талқыласа, таусылмайтын тақырып. Неге кітап оқылмайды әлде балалар әдебиеті аз ба? Олар кітап оқу үшін ата-ана мен ұстаз қандай әрекетке барып жүр? Баланы қалай кітапқұмар етеміз?

Қызығушылықты қалай арттырамыз?
Қазалыдағы балалар кітапханасында 37 267 кітап қоры бар. Биыл 304 кітап келген. Кітапхана меңгерушісі Ақмоншақ Сайлаубекқызы жылына жобамен 3316 бала келеді дейді. Мұнда даярлық тобынды оқитын бүлдіршіндерден бастап, 9- сынып оқушыларына арналған кітаптар бар.
– Ең бірінші балаға ертегі кітаптар оқып беруден бастаған жөн. Қысқа әрі қызықты оқиғалар баланы жалықтырмайды. Қазір түрлі-түсті суреттермен көмкерілген, ерекше дизайнда жасалған кітап көптеп шығуда. Бұл баланың қызығушылығын арттырады. Бізге балабақшаның жоғары тобында тәрбиеленіп жүрген балалары жиі келеді. Бірге таңдап, өз ұсынысымызды айтамыз. Ерте жастан оқуға бейімдеуге құлшынысты ата-аналардың бары көңіл қуантады, – дейді кітапхана меңгерушісі Айнагүл Айтжанова.
Сондай-ақ балаларды тарту мақсатында түрлі іс-шаралардың ұйымдастырылып тұратынын тілге тиек етті. Барлық мереке назарынан тыс қалмайтын кітапхана қызметкерлері 2 сәуір – балалар кітап күнін айрықша атап өтеді. Кітап оқудың маңыздылығын, оны күтіп ұстау керектігін кішкентай оқырмандарға үнемі айтып отырады. Тұрақты оқырмандардан бөлек, күнделікті келушілердің саны артуда.
«Мені алғаш рет кітапханаға анам әкелген. Содан бері үзбей кітап оқып келемін. Жуырда Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» әңгімелерін» оқып шықтым. Қысқы демалыста әлем әдебиеттерімен танысуды ойлап жүрмін», – дейді біз кітапханада кезіктірген Қуандық Дайрабайдың анасындай аналар қатары артса, нұр үстіне нұр болар еді.

Неге балалар кітап оқымайды?
Бұл сұрақпен ұстаздар келіспейді. «Өйткені, баланың бәрі бірдей емес», – дейді олар.
– Оқушыларға кітап оқудың пайдасын үнемі айтып отырамыз. Сабақ барысында өтілген тақырыпқа орай тапсырма береміз. Кітапханаға барып, ізденіп дайындалып келеді. Өз беттерінше де әдеби кітаптарды алып оқитын оқушыларым бар. Қазір баланың назары ұялы телефон, гаджеттерге ауып тұрғаны рас. Дегенмен, олар мүлдем кітап бетін ашпайды деу қате, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Гүлсара Боранбаева
Ұстаздың сөзін кітапханашылар да құптап отыр. «Қазіргі балалардың талғамы да, сұранысы да басқа. Олар таңдап, талғап оқуға бейімделген. Қандай кітап пайдалырақ деп кеңес сұрайды. Алдымен қазақ жазушыларының шығармаларын ұсынамыз. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын», Ілияс Есенберлиннің «Жанталасы» мен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» кез келген бала оқуып шығуға тиіс керемет туынды. Бұл шығармаларды оқыған баланың басқа кітаптарды да оқуға қызығушылығы арта түседі. Өзін жалықтырмайды, түрлі кейіпкерлер мен қызықты сюжеттерге толы», – дейді кітапханашылар. Айтуларынша, келушілердің басым көпшілігі бастауыш сынып оқушылары. Олар ертегілер мен ұстаздары берген тапсырмаларға сай кітаптарды жиі іздейді. 8-9 сынып оқушылары фантастикалық жанрдағы шығармалар соңғы уақытта қорға келіп қосылған әдебиеттермен танысқанды жөн санайды екен.
Біз айтқан кітапханадан әлемдік әдебиеттерді де табасыз. Оның ішінде қазақ тіліне аударылған «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» шығармасы сұранысқа ие. Бұл әрбір бала бас алмай оқитын ең ерекше кітап болып отыр.

Психолог маман не дейді?
«Баланың білімге, кітапқа құштарлығын арттыру үшін онымен санасу маңызды», – дейді психологтар. Мамандардың пікіріне сүйенсек, әдетте, ата-анасының «мен бұл кітапты оқымаған едім, не туралы екен, қалай аяқталады?» немесе «бұл кітапты мен де оқығанмын. Мына кейіпкер туралы не ой түйдің?» деген сұрақ қоюының пайдасы зор. Ол сол кезде алға қарай талпынады. Тағы да оқи түскісі келеді. Білгенімен бөліскенді ұнатады. Өзі оқыған кітабын достарына әңгімелеп беруге асығады. Ол үшін сіздің кішкентай ғана пікіріңіз маңызды.
– Ұлым Дәулеттің мектепке барғанда сөздік қоры өте аз болды. Ойын толық жеткізе алмайтын. Осынысынан сабақ үлгерімі де нашарлады. Барлығын оқиды, біледі, бірақ жеткізе алмайды. Бұған қатты алаңдап, жан-жақтан ақыл-кеңес сұрай бастадым. Іздене жүріп кітап оқып, мазмұнын айтуға дағдыланған баланың ой-өрісі кеңіп, ойындағысын еркін айта алатындығын оқыдым. Уақыт оздырмастан сол күні баламды жетектеп кітапханаға бардым. Нәтижем жаман емес. Қазір 4-сыныпта оқимыз. Кітап оқудың арқасында білімі толысып, үйренгені көп болды, – дейді Айжан Әбілова.

Әр үйде кітап сөресі болса...
Баланың дүниеге деген таным-түсінігін қалыптастыруда ата-ананың рөлі ерекше. Өсіп-жетіліп келе жатқан бүлдіршіннің «анау не?», «мынау қалай?» деген сауал қоятыны заңдылық. Оның барлығына ыждаһаттылықпен жауап беру қажет. Ата-ананың ең жақсы тәрбиесі — баланың бір нәрсені түсінуге, зерттеуге деген құлшынысын одан әрі арттыру. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді қазақ. Баланың жұлдызын жағу, оның тілегімен санасу болашақта үлкен нәтиже берері сөзсіз. Мәселен, кітап оқуға баулудың өзі тәрбиенің төресі. Осы орайда әр үйде кітап сөресі болса деген тілек бар.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

01 қаңтар 2022 ж. 845 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930