Қара жолдағы қайғы: Кінәлі кім?
Алып-ұшқан студенттік шақтың алғашқы курсы еді. Бірінші рет емтихан тапсыруға асықтым ба, әйтеуір бірнеше күн бұрын сұраққа үздіксіз дайындалсам, бір күн бұрын өзімді дайындадым. Көңіл шіркін алып-ұшып тұр. Таң атпай оянып, сәндене бастадым. Әдемі киініп, күндегіден ерте автобус аялдамасына қарай беттедім. Жолдың арғы бетінен мінуім керек болатын. Оңым мен солыма алма-кезек қарадым да өзге көліктің жоқ екеніне көз жеткіздім. Жүргінші жолдан адымдап өте бере сол жағымда жүйткіп келе жатқан ақ машинаны көрдім. Тарс етті. Бірнеше шақырымға ұшырып әкетті. Аспан. Жан-жақтан «ойбайлай» жүгірген адамдардың дауысы әлсін-әлсін естілді де ғайып болды.
Ал мен болсам демімді бір шығардым да, еркін тыныстап жатырмын. Құдды қалықтап бара жатқандай.Көзге көрінген көк аспаннан балалық шағымның кадрлары көлбей өтіп жатыр. Мәз болып, күліп жатырмын. Бір ойым «Кеше моншаға түсіп алғаным жақсы болды ғой» деп іштей әзілдеп қоямын. Әлі жатырмын. Аялдамадан адамдар келемін дегенше өткен уақыт бір сағатқа созылғандай. Жәй болып жатыр. «Қарындас, бәрі жақсы болса біз кете берейік» деген жас жігіттің дауысы есімді жинады. «Қайда? Мені қаққаныңмен қоймай тастап бара жатсың ба? Мені ауруханаға апарыңыз» деп қоямын батырлығым ұстап. «Асығыс едік. Негізі келіншегімді емханаға апара жатқанмын» дейді ол дым саспастан. Жол бойынан қатты жүріп өтіп, мені 30 метрге ұшырып әкеткенін көрген тұрғындар әлгі жігітке айқайлай бастады. Солай дене жарақатын алып, тобығым шығып кеткен еді. Асыға күткен емтиханым да жайына қалды. Қызығы, әлі күнге дейін жаяу жүргінші жолынан жалғыз өтуге қорқамын. Қорқуға себеп те жоқ емес. Өзімен-өзі тротуарда кетіп бара жатқан, аялдамада көлік күтіп тұрған адамды да ытқытып кеп қағып жатыр ғой. Тосыннан келген апат талай адамды ажал құштыруда. Ауыл мен қала арасын жалғаған тас жолдағы трагедия да азаймай тұр. Мұндай жол апатының жиілеп кетуіне не себеп? Жүргізушілердің жауапсыздығы мен жүгенсіздігі ме? Қарапайым қауіпсіздік шаралары неге қауқарсыз? Күн ара жаңалықтардан, әлеуметтік желілерден беріліп жатқан қайғылы жол апаттары туралы ақпараттарды естігенде қоғам мен құзырлы органдардың алдынан шығатын сұрақтар бұл. Жасыратыны жоқ, бұл сауалдардан «қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек», «сақтықта қорлық жоқ» деген секілді құрғақ жауаппен «құтылып» кетуге болар еді. Алайда арасында емес, күн сайын орын алып жатқан қара жол үстіндегі қайғылы деректер кім-кімді де болса алаңдатпай қоймайды.
Суық статистика
Әлемде жылына жол-көлік апатынан шамамен 1 миллионнан аса адам қаза табады екен. Көлікке сұраныс артқан сайын, оны пайдалануда қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың көбейгенін байқауға болады. Біздегі жағдай да мәз емес. Тосыннан келген апат кімді де болсын аяп жатқан жоқ.
Күз айындағы дерек бойынша Қазақстанда биыл 9,9 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ranking.kz зерттеуінше, жол-көлік оқиғалары көбіне Алматы қаласында тіркеледі екен. Биыл ел бойынша барлық жол апатының 2600 оқиғасы осы мегаполисте тіркелген. Сондай-ақ алғашқы үштікке Алматы облысы (961 жағдай, өткен жылғыдан 37,6 пайызға азайған) мен Жамбыл облысы (695 жағдай, 39,4 пайыз аз) да кіреді.
Ең аз жол-көлік оқиғасы Ұлытау облысында тіркелді: 42 жағдай. Одан кейін Атырау – 218 жағдай және Қарағанды – 236.
Биылғы қаңтар-қыркүйек қорытындысы бойынша елде жол-көлік оқиғалары салдарынан 14 мың адам зардап шеккен. Жараланғандар 12,3 мың адамды құрады, оның ішінде 7,1 мың ер және 5,2 мың әйел адам бар. Сондай-ақ 2,8 мыңы кәмелетке толмағандар болды.
Ал сарапшылардың айтуынша, жыл басынан бері елімізде жол апатынан 1,7 мың адам қаза тапты, бұл бір жыл бұрынғыдан 2,1 пайызға аз көрсеткіш. Қайтыс болғандардың 1,2 мыңы – ерлер, 488-і –әйелдер. Олардың арасында 210 адам кәмелетке толмағандар болды, бұл бір жылғыдан 16 пайызға көп.
Қызылорда облысының Полиция департаменті тарапынан тіркелген әрбір жол-көлік оқиғасы талданып, белгіленген басым бағыттар бойынша шаралар қабылдануда. Бұл бағытта «Ekin Patrol G2» және «Вуево» мобильді кешендерінің қолданысқа енгізілуі нәтижесінде жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болғандар саны төмендеген.
Десе де жүргізушілердің жол ережесінің сақталмауы нәтижесінде жол-көлік оқиғалар саны 22,3 пайыз, жарақат алғандар 30,2 пайызға көбейген. Жол жүру ережесін бұзудың 171 мыңнан астам дерегі анықталса, оның 95 мыңнан астамы жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар. Олардың қатарында көлікті масаң күйде басқару, қарсы бағытқа шығу, жылдамдық асыру, ұялы телефон қолдану, жаяу жүргіншіге жол бермеу оқиғалары бар. Биыл 9 қыркүйектен бастап 192 мопед жүргізушісіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 620-бабымен (Жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын талаптарды бұзу) әкімшілік хаттамалар рәсімделген.
Өзіміздегі ахуалды білмекке Қазалы аудандық полиция бөлімімен байланыстық. Мамандардың айтуынша, 2022 жылы 40 жол оқиғасы тіркеліп, 45 адам дене жарақатын алған. 16 адам ажал құшыпты. Ал биыл 39 жол көлік оқиғасы орын алып, 10 адам қайтыс болған. 38 адам дене жарақатын алған екен.
Ауданда, жалпы облыс бойынша жол-көлік оқиғасын болдырмау мақсатында «Қауіпсіз жол», «Заңсыз жолаушы тасымалдаушы», «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі», «Автомобиль» жедел профилактикалық шаралары үнемі жүргізілуде.
Олимпиада. Альфард. Апат
8 ай бойы Қызылорда қаласында жұмыс істедім. Осы аралықта әрбір 2 апта сайын Қазалыдан такси қызметіне жүгіндім. Тұрақты. Әр таксиге мінгенімде түрлі оқиға орын алып еді. Әдеттегідей екі күн демалыс ештеңеге жетпейтін, сол үшін кешкілік жолға шығатынмын. Бірде «Индрайвер» қосымшасы арқылы такси іздеп, қызметіне жүгіндім. Баруға 4 мың теңге жолақы сұраған жүргізуші көлігінің «зың» екенін айтып ағынан жарылды. Келді. Жаңа көлік. Көбі осылай екі ортада қатынап нәпақа тапқысы келетіндер армандайтын – Альфард көлігі екен. Алдыңғы орынға жайғастым. Бірер минут жүрген соң қалың ұйқыға кеттім. Кенет ойбайлаған ызы-шудан оянсам, жүк көлігінің алдына шығамын деп қарсы келе жатқан көлікті аңғармай қалған екен. Абырой болғанда екі көлік те тежегішін басып үлгерді. Біраз аялдай тұрып, қайта жолды жалғастырдық. Бұл бір емес, бірнеше рет әрбір таксиге мінген сайын орын алған оқиғалар еді. «3 сағатта жетуім керек» деп асығып, жанығатын, ашуланып, өкпелеп жүретін жүргізушілер де аз емес.
– Көлік тізгіндеп жүргеніме бірнеше жыл уақыт болды. Қазалыдан Алматыға, Қызылордаға клиент аламын. Көлігім – альфард. Таза, жайлы. Бастысы тұтынушыларға бар жағдай жасалған. Бірнеше адамды мінгізіп, тас жолда жүрген соң жауапкершілікті мойныма аламын. Олардың үйімен аман-есен қауышуы үшін қатты айдамай, ережеге бағынамын. Бізде ватсап қосымша желісінде арнайы осы таксистерге арналған чат бар. Кезегіміз келгенде адам жинап жолға шығамыз. Кейде жігіттер асығып, жылдам жүріп, тұтынушылардың ашуына тиіп жатады. Бір ғана қателік өміріңді өксітетінін ұмытпаса деймін, – дейді аудан мен қала арасын жалғаған жүргізуші.
Әрине, барлық жүргізуші бірдей демейміз. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар, қарапайым көлік белбеуін ауылда жүрсе де тағатын жүргізушілер бар. Байыппен айдайды, сабырмен діттеген жеріне жетеді. Алайда жанығып, асығып көлік тізгіндегендер талай мәрте апатқа түсіп, бір өмірдің жалмауына себепші болды емес пе?
Есіңізде болса, Ақтөбе облысында таксиге мінген 5 оқушы мен 1 мұғалім жол апатына ұшырады. Әзірге олардың жағдайы туралы нақты ақпарат жоқ делінген ақпарат тараған еді. Артынша 1 мұғалім мен 2 оқушының қайтыс болғаны хабарланды. Қайғылы жағдай 19 желтоқсан сағат 9-00 шамасында Самара-Шымкент тас жолында болған. Көлікте оқушылар мен мұғалімдері болған. Олар республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне қатысуға бара жатқан. Осыған ұқсас оқиға әнеубір жылдары да болған еді. Осындайда сұрақ туындайды. Оқушылардың пәндік олимпиадасы неге күн қақап, тас жол тайғақ болғанда ұйымдастырылады екен? Неге осыны күн жылыда қолға алмасқа? Әлде болып жатқан трагедия олимпиада ұйымдастырушылардың қаперіне кірмей ме?
ТҮЙІН.
Мамандар басты айып темір тұлпар тізгіндеушіде дейді. Жүргізуші тәртібінің төмендігі – ең басты фактор екенін алға тартады. Айыбын арттырғанымен айылын тартқан жүргізушілердің тым аздығы кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Көлігін көңілдесі секілді сүйетіндер, есіріп есі кеткенше жүйткитіндер ойланса екен. Көлік жай ғана – темір. Ал адамның өмірі біреу ғана.
Айнұр ӘЛИ