Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Палатадағы пір

Палатадағы пір

Осы әңгімені естігеніме ұзақ уақыт өтсе де, науқастанған адамдар жайлы айтылғанда ойыма оралады да тұрады. Денсаулығым сыр беріп, бір жылда бірнеше қайтара аурухана қызметіне жүгінуіме тура келді. Төрт орынды палатада менен өзге екі келіншектің жасы қырықты алқымдаса, үшіншісі егде тартқан әжей болатын. Күн сайын дәрі егуге, система салуға келген медбикеге әже жағдай айтып, жартысын алатын әдетін жанындағылар біліп қалдық. “Балам, жетеді. Осының Алла емімнің жұрымын берсін”, – дейтін сөзі тағы бар. Бірде неге осылай істейтінін сұрағанымда, немқұрайлы: “Бәрібір жазылып шығамын. Бәлінсәнің пірі бар”, – деді қысқа қайырып. Күле жөнелгенім сол еді, Шолпан есімді келіншек тыжырына қарап, тежеп тастады.
– Күлме, апа дұрыс айтады. Оны өз көзіммен көргенмін, – деді.
– Көзіммен...– Уақыт көп, тыңдауға ықыласты екенімді ишаратпен ұғындырған болдым.
– «Саған өтірік, маған шын». Бұрын-соңды ешкімге айтпап едім. Әңгіменің реті болған соң... Оның үстіне сенің орынсыз күлкің ызамды кетірді, – деп тамағын кенеп алып, әңгімесін жалғады. – Осыдан екі жыл бұрын денемді күйік шалып, осы аурухананың хирургия бөліміне түстім. Алғашында ауырсынғанымен, екі-үш күнде жағдайым оңалып, айналама қарай ­бастадым. Бөлмеде үш адамбыз. Айгүл есімді “көршіміз” қолына жара шығып жатса, Айнагүл атты келіншек біз барғанда біраз жақсарып қалған екен. Үшеуіміз күнұзақ әңгіме дүкен құрып, сыралғыға айналдық. Арада үш күн өткен соң жанымызға ауыр жағдайдағы келіншек орналастырылды.
Хирургия күн сайын неше алуан, бір-біріне ұқсамайтын аурулар емделетін орын. Десе де, жаңа науқастың күйін көріп, іштей жеке палатаға шығару керектігін топшыладым. Сағат түнгі екілердің кезі болатын. Перзентханадан жеткен жас келіншек қатты қиналды. Босану кезінде сүйектерінің біріне зақым келген ол дертімен алысып әлек. Әлі ащы тері шығып үлгермеген оның, бір жағынан, омырауындағы сүті қиналтса, екіншіден, вакумде қалған баласы ойлантты ма, кім білсін, дене қызуы түсер емес. Бір сәт көзім ілініп кетіпті. Әлсін-әлсін жай-күйін бақылауға келген Зәуре есімді кезекші мейірбике тағы да келген екен, әңгімелері анық естіліп тұр. Ұмытпасам, балалары туралы сұрап жатыр. Қолындағы қағазға ұқсас дүниемен желпіп, науқасты салқындатып тұр. Ұйқылы-ояу жатқан мен бәрін сезініп жатырмын. Қаракөлеңке бөлмедегі заттарды сәл ашық тұрған есіктен енген болар-болмас жарық ап-анық көрсетіп тұр. Осы сәт үсті-басы жалба-жұлба белгісіз бір мақұлық келіншектің денесінен шығып, оның жоғарғы жағында жатқан Айгүлдің ауыратын қолына қонды. Манадан қалың ұйқыда жатқан ол біраз әуре-сарсаңға түсті. Арада 4-5 минут өткенде әлгі бас жақтағы жылу құбырына жайған шұлықтың үстіне жайғасты. Дөңгелек, жалба пішініне қарамастан, қолы, аяғы, үлкен қорқынышты көздері бар. Маған қарап қояды. Іштей қорқып, қазір жан тапсырып кететіндей, тілімді “кәлимаға” келтіріп, білгенімше Аллаға жалынып әлекпін. Сол кездегі күйімді тіпті айтып жеткізу қиын. Адам жаны шығарда қатты қиналатыны туралы естігенім бар еді. «Шыбын жаным» шыбын болып, мазам безек қағуда. Кезек маған келгенде “қонақ” ұзақ аялдамады. Бірақ сол аз уақытта жаным көзіме көрінгендей болды. Жазылып келе жатқан аяғым бұрын-соңғы сезінбеген шаншулап ауырғанда, төсегім малмандай тер болды. Құдды «жауап уақытында» өмір мен өлім арасында арпалысып жатқандаймын. Алайда жанымдағылардың мазасын кетіріп, ұйқысын бұзбайын деген оймен барынша шыдап бағудамын. Әлден уақытта «шақырусыз қонағым» денемнен ажырады. Сол сәт онымен бірге бойымнан үлкен жүк кетіп бара жатқандай сезіндім. Менен кеткен белгісіз құбыжық бұл кезде сынықтан құлан-таза айыққан Айнагүлге соқпай, есіктен енген жарыққа қарай шығып кете барды.
Ертеңіне болған жайттың барлығын қасымдағыларға айтқанымда, ауруханада мұндай жағдайлар болатынын естіп-білдік. Алайда әр адамға әртүрлі көрінеді екен. Әңгімені айтып отырып: «Қыздар, бар ауыртпалық артта қалды. Енді осы жерден барлығымыз жақсы болып, үйге қайтамыз», – дедім жақсылыққа жорып. Айтқандай, сол күні палатадағы үшеуіміз дәрігерлік тексерістен соң, «жақсы» деп танылып, ауруханадан шығарылдық. Соңғы орналастырылған Кәмшат есімді жас келіншекке біз шыққан күні сәтті ота жасалып, көп ұзамай балаларымен қауышыпты дегенді естідім, – деп әңгімесін аяқтады. Оқиғаны тыңдаған соң, «расымен, әже айтқан «пір» болғаны ма, әлгі белгісіз құбыжық жақсылық жаршысы ме екен?» деген ойда қалдым. Өмір түрлі түсініксіз, тылсым құбылыстарға толы...

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
10 шілде 2021 ж. 549 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 83

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930