Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі

Көлеңке

Тарс-тұрс еткен дауыстан көзін сығырая ашқан Баубек ұйқысын аша алар емес. Ағасымен шөп оруға келген. Жинап үлгермеген соң осында түнеуге тура келіпті. Осында дегені, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының арасы, яки екі орта. Сол маңда тұрған Жаңқожа батыр кесенесінің артқы жағы. Не түлен түрткенін қайдам, түн ортасында мың түртсе де мыңқ етпейтін бозбала бұ жолы сықыр еткеннен елегізіп кетті.
Дауыс жаңғырығы жан-жақтан күшейген. Ер адамдар «алып бер, көтерсеңші, ұста» деп бірінен соң бірі сөйлеп жатқандай. Кәнігі қызметшілердің дауысы. Зат тиеп, тарсыл-тұрсыл еткізеді. Айнала қап-қараңғы. Жазық дала. Түн ортасында бұлар кім деп аң-таң болған жігіт қисая тұрып, алысқа көз тастады. Жарық айдың нұры төгіліп тұр. Кенет жүк көлігінің көлеңкесі түсті. Қызық, рульде жүргізушісі жоқ. Бірақ есігі ашылып, қайта жабылады. Дауыстары бәсеңдемесе қаттырақ шығуда. Зат тасып, күңкілдесіп өздерімен өздері жүр. Жүр дейміз-ау, дауыс қана естіледі. Көліктің ғана көлеңкесі көрінеді. Қорқынышты түсімнен оянайын деп өз қолын өзі шымшып әлек. Бірақ, ояу. Жанында жатқан ағасын түртті. Тұрмайды. Солай бірер сағаты мәңгілікке созылғандай күй кешкен Баубек, ендігі қанша шөп орса да бұл жерге түнеместей болған.
Иә, көзімен көргендер осыған ұқсас түрлі әңгімені айтады. Оған бірі сенсе, енді бірі қабылдай қоймайды. Бұрын бір кісінің оқиғасын тыңдап жағамды ұстағанмын. Анша-мұншаға сене бермейтінмін. Екі ортадағы Жаңқожа батырдың кесенесінен өтерде көлік жылдамдығын баяулатып, әуенді бәсеңдетесің. Себебі, орын алған жол апатының бірнешеуі осында болған. Әлгінде айтқан кісі сол кездері жол апатына түсіпті. Түнделетіп осы жолдың бойымен келе жатқан екен. Алдынан аппақ киген қыздың бейнесі қолын созып, көлік тоқтатып тұр. Жақындаған сайын қыз алыстай түсіпті-мыс. Әп-сәтте әлгі бейне жүріп келе жатқан мәшиненің алдынан шыға қалады. Басып кетпейін деген оймен рульді солға бұра салғаны сол екен жолдан шығып, төңкеріліп қалыпты...
...Сәбит пен Жанат қаладан кент орталығына қонақтап келді. Достарымен өткен кеш түн ауа бітті. Ескі жигулиін оталдырып, үйіне асыққа жас отбасының ойында ештеңе де жоқ. Бұрыннан қатынап жүрген жол болған соң ба, алаңсыз, жақсы көңіл-күймен келе жатыр. Бір кезде қап-қара сұлба жол ортасында тұрғандай көрінді. Піссімілләсін айтып, жақындай түсті. Иә, анық көлеңке тұр. Адамның көлеңкесі. Қарайып бір орыннан қозғалар емес. Білген сүресін оқып, кәлимасын қайталай беріп еді, әлгі көлеңке бу секілді ауаға тарап кетті. Бұл көліктен түскен жарықтан анық көрініп тұр. Үстеріне біреу мұздай суды құйып жібергендей күй кешкен екеу жылдамдықты асырып, үйіне қарай асықты.
Осындай оқиғаларды естігенде онша-мұнша мән бермейтін едім. Бірде туған күнім болды. Сол кездегі Қазалыда дүркіреп тұрған кафенің бірінен шықтық. Жақын достар жиналған. Арқа-жарқа әңгіме. Содан не керек түн болғасын такси «городқа» онша қатынай бермейтін. Қазіргідей смартфонның экранын шертіп отырып, бағдарлама арқылы шақыру дегенің жоқ. Арамыздағы белсендісі «Давай жаяу қайтайық, закатты да күтеміз» деген ой салды. Барлығымыз да келісе кеттік. Ол кезде жарық бола бермейді ғой. Мәшинелер де аз. Ұзын жол. Тас қараңғы. Мана айтқан Жаңқожа батырдың да кесенесінің алдынан өтіп барамыз. Бірі қорқынышты әңгіме айтты да көңілімізге су септі. Қорқыныш басым. Әлгінде айтқан елес қыздар көрінеме деп тағы қорқамыз. Әр сыныпта бір күлдіргіш болады ғой. Сол көңілімізді көтеріп, қатты күлдіртті. Мүмкін даланы түнде шулаттық па білмедім. Жаңағы кесене жақтан кісінеген аттардың даусы шықты. Тағасының да тарсылы қатты естіледі. Бірақ ол жақта асфальт жоқ, құм тұғын. Мән бермедік. Күлдік. Ойнадық. Кенет оң қапталдан аппақ-аппақ, жанып тұрған 5-6 ат қатты кісінеп, алдымыздан шауып өтті. Ышқынып жүр. Өте әдемі, ірі, жалыны жалт-жұлт етеді. Тіпті аяқтары жерден 1-2 елі ұшып тұрғандай. Аң-таң боп біра-а-а-аз тұрдық. Әрірек жүріп жоқ болып кетті. Осы оқиға әлі күнге дейін есімде қалыпты. Кейде иесі босатып жіберген аттар шығар деп те ойладық. Бірақ түн жарымда бірнешеуі жүруі мүмкін емес қой. Барлық аттың түсі ақ. Мүмкін әлгінде кей жұртшылық айтып жүрген елестер расында осы жерде бар шығар, кім білсін?!
Қайтып келмес студенттік шақ. Қыздар болып пәтер жалдап тұрдық. Ол кезде бір үйден екінші үйге көшіп жүрміз. Солай бір пәтерге тоқталдық. Орталықтан, екі бөлмелі болса да, бағасы арзан. Онысына да мән бере қоймадық. Тек жататын жер болса болғаны еді. Пәтердегі алғашқы түн. Сағат 03.00 шамасы. Қатты дүрсілден шошып ояндым. Қарасам терезеден түскен ай жарығынан әлдененің көлеңкесі көрінеді. Қасымдағы қыздардың бірі деп қам-қарекетсіз ұйқыға қайта көштім. Жоқ, дүрсіл тоқтар емес. Көзімді ашып қайта қараймын. Манағы сұлба мелшиіп тұрып қалған. Қозғалмайды. Қасымдағыларды түгендесем, бәрі орнында, ұйықтап жатыр. Бұл не болды екен деп орнымнан тұрып, жаңағы көлеңкеге қарай беттедім. Мен жақындаған сайын ол алыстайды. Мен артқа шегінсем, ол жақындайды. Әйтеуір, солай асханаға да кірдім. Ешкім көрінбейді. Тек үнсіздік. Айнала мұп-мұздай.
Десе де, мұндай жағдайдың орын алуы бірінші рет емес еді. Бала күнімнен-ақ тылсым дүниенің барына кәміл сенетінмін. Мұндай оқиға біршама рет қайталанған. Әсіресе, жаңа пәтерге ауысқан сайын орын алатын-ды. Оң қапталымнан әлдененің демалған дауысы естілді. Айқайлап бөлмеге қарай қаштым. Орныма барып көрпе астына бүркеніп жатып алдым. Бір кезде асханадан қатты тарсыл естілді. Ұйқыдағы арулар дауыстан оянып, барлығымыз сол жаққа қарай жүгірдік. Барсақ айналаны қопарып тастаған. Ыдыс-аяқтар жан-жақта шашылып жатыр. Сол түнді таңға дейін көз ілмей өткіздік. Ертеңіне-ақ, әлгі пәтерді босатып, басқа үйге көштік. Бірақ, әлі күнге дейін осы оқиға жадымыздан өшпек емес. Сондағысы, «ыдыстарды сындырған кім екен?» деген сауалға жауап таппай әлекпіз...
Көзбен көріп, қорқынышты сезіп, осындай оқиғаға тап болғандары болмаса, басқалар мұндай әңгімеге сене қоймас. Бірақ, қай жерде болмасын тылсымның бары рас. Оған қаз-қалпында баяндап беретін кейіпкерлердің әңгімесі дәлел.
...Ымырт. Түскен тұман анау жерде тұрған ескі мектепті жауып тұр. Бұлдырлайды. Кеш ауа мұнда жақындаудың өзі ерлікпен тең еді. Сірә, бүгін де ешкімнің жүрегі дауаламаса керек. Адам қарасы көрінбейді. Тек еміс-еміс байғыздың дауысы естіледі.
Ескі ұстахана орнын Кеңес үкіметі орнаған тұста мектепке айналдырған. Көрші ауданда орналасқан калининдіктер мұны «Ақ школ» дейді. Ауылдағы бірең-сараң үйдің балалары барып сауатын ашады. Бір кабинет. Әр қатарда әр кластың оқушылары. Өзі аз. Алма-кезек білім алады. Дене шынықтыру сабағында барлығы тысқа шығып түрлі жаттығу жасайды. Әсіресе жоғары сыныптың қыздары үп-үлкен көрінген соң қимылдары де ерсі көрінетін. Ондайда есік алдында тоқу тоқып отырған әжелер аузын шүберекпен жауып, көзін шарасынан шығаратын. Мектептегі оқу уақыты біткенде ауыл балаларының осында келіп ойнайтыны тағы бар. Сонда бос мектептің іші тарсыл-гүрсіл болып, астан-кестеңі шыққандай дыбыс естілетін. Балалар тұра жүгіріп, үйді-үйіне қашатын еді. Бірде Сібірден айдалып келген Сергей осы жерге тұрақтайды. Ол кезде тоқал тамдар, терезесінен ызғар уілдейтін. Бір бөлмелік үйде толған бала-шаға. Сергейді үйге сыйдыру мүмкін емес. Тек шай ішерде осы мектептің оқушысы Ұлболсынның үйіне келетін. Анасымен әңгіме-дүкен құрып, біраз шер тарқататын.
Күн суық. Ызғар тамның шұрық-тесігінен өтіп барады. Кешкі асқа отырған отбасы. Ол кезде ас дейтіндей ас болсын ба, әйтеуір ебін тауып, жоқтан бар жасайтын Ұлболсынның анасы құрақ ұшып жүр. Бүгін Сергей тағы келді. Діріл қағып тұр. Мектептің бір бөлмесіне орналасқалы үрейшіл болып кеткен. Бұ жолы шалбары малмандай су. Сірә, дәретін жіберіп қойса керек. Ал ол көрші үйге келемін дегенше мұз қатыпты. Дереу үйге кіріп, ортада жанған отқа қыздырына бастады. Кепкен иіс пен ұшқан бу да балалардың жиіркенішін тудырмайтын еді. Сондада жанына отырып, орыс ағаның әңгімесін тыңдайтын.
– О, боже-е-е, – деді ол құлағын екі қолымен жауып. Арасында әрі-бері теңселіп қояды.
– Не болды, Сергей? Бүгін тағы шошып ояндың ба? – деді үйдегі отанасы.
– Түнімен ұйықтай алмаймын. Көзімді жұмсам болды, түрі ұсқынсыз, бойы кішкентай, үлкен, әйтеуір қап-қара малғұндар келіп қылғындырады. Көлеңкелер өте көп. Не дает мне покоя, о боже-е-е, – деген Сергей одан әрі теңселіп отыр, теңселіп отыр. Осыдан-ақ мектепте тылсым күш барына бәрінің көзі жеткендей еді.
Түн бата мектеп жанынан көзін жұмып өтетін тұрғындар мұндағы тылсымға әбден еті үйренген. Тіпті мектептің ар жағында үлкен-үлкен түйелер керуені көшетін. Ондайда үйдегі әжесіне асыққан балалар ентіге барып «керуен көшті» деуші еді. Сонда ауылдың кемпірлері сыртқа жүгіре шығып, «піссімілләсін» ауық-ауық қайталайды. Әлгі керуен сағымдай көзден ғайып болатын.
Бірде Ұлболсын ауырып, төсек тартқан әпкесінің үйіне бармақшы болады. Үйі ақ мектептің арғы жағында. Бару үшін мектеп ішінен кесіп өтуге тура келеді. Демалыс күндері болса керек. Өйткені адам қарасы мүлдем көрінбейді, далада тірі адам жоқтай. Тып-тыныш. Тамақ түйілген орамалын қолына қысып ұстаған Ұлболсын мектеп ауласына жақындады. Жүрегі әлденені сезгендей, дауаламай тұр. Бармаса әпкесі өкпелейді, үйге қайтса, анасының таяғы күтеді. Бар жігерін жиды да ішке енді. Түні бойы жерді жапқан ақ ұлпа қардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тізеден келетіні сонша, бір қадамды әрең жасайды. Бұл түрімен мектеп алдынан жүгіріп өту қайдан болсын. Әйтеуір шама-шарқынша жүріп келеді. Кенет мектеп жақтан тарс еткен дауыс шықты. Көз қиығымен қарап еді, ешнәрсе байқалмады. Тағы да тарс. Бұл жолы Ұлболсынның жүрегі өз орнынан шығып кетердей дүрсілін жылдамдатуда.
Тарс, тарс, тарс. Бір орында қозғалмай, мелшиіп тұрып қалған қыз екі көзін қолымен жауып алған. Ашқысы жоқ. Сәлден соң әлгі дауыс тоқтағандай болды. Жыртық қонышты етіктен өткен ызғар өңмеңіне дейін жеткендей. Денесі мұздап барады. Бір орында біраз тұрған соң оң көзін сығырайта ашып, мектеп жаққа көз тастады. Қарамағаны да жөн еді. Көрген көзі өзіне сенбей жыпылықтап қояды. Суық суды екі есе төбеден құйғандай ауызын ашты да қалды. Бұл сәтте мектептің терезесі ашық тұр еді. Желмен олай да бұлай теңселіп, тарсылдап тұр. Ең сорақысы сол, терезе алдында ақ көйлек киген кішкентай қыз сықылық қағып күліп тұр. Құдды қорқынышы үдеген қызды мазақтайтындай. Сықылық-сықылық етеді. Әрі қарай белгісіз…
…Ұлболсын көзін әрең ашты. Денесі жібіп, рахат күйге бөленіп жатқандай еді. Бірақ біреу сұлатып түсіргендей ауырлық жанын басып барады. Қасында бәйек қаққан анасы, ыстық сорпасын әкеліп «құлыншағым» дейді ауық-ауық.
– Апа, не болды маған?
– Түш, үндеме қызым, бәрі артта қалды.
– Мен анау, анау жерде… – дей бергені сол еді, анасы:
– Құлыным, білемін. Сен қорықпа, бәрі артта қалды. Сенің С-түссіз қар астында жатқаныңды көрген Сергей ағаң үйге алып келді. Енді тыныға ғой, – деді анасы баяу үн қата.
Анасының жылы алақанында тербелгеннен ләззат алған Ұлболсын ұйқыға балқи кеткендей еді. Бірақ Калининдегі «Ақ школ» көз алдынан көлбей өте берді, өте берді...
Айнұр ӘЛИ
21 қазан 2023 ж. 522 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 67

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 62

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930