Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәби сүйгім келеді...

Сәби сүйгім келеді...

Бүгінде ана болу бақыты бұйырмай, әке болуды аңсап жүрген жандар қатары қалыңдап барады. «Аузы күйген, үрлеп ішеді» деген мен тіпті журналист ретінде кейіпкерге: «Неше балаңыз бар?» деген сауалды қоймағалы қашшан. Сол сауал көкейімде тұрсада іркіп қаламын. Оған себеп, осыдан он шақты жыл бұрын бір кейіпкердің болмысын ашу үшін сұхбат барысында: «Аға, ізіңізді жалғап, кәсібіңізді қолға алады-ау деген ұл-қызыңыз бар ма? Балаларыңыздың қайсысы осы кәсіпке бейім?» деген сауалды қойдым. Кейіпкердің сұрақтан айналып өтіп, өзге тақырыпқа ауысқанын біле тұра екінші мәрте қайталағаным бар. Әлгі аға: «Қарындасым, біздің баламыз жоқ. Жеңгеңмен отасқаныма жиырма жылға жуықтады. Алла бізге де бір кешкентайдың тырнағын бұйыртар. Үміт үзбейміз» дегенде өзімді өте жайсыз сезіндім. Іштей: «Неменеге сл сұраққа қадалып қалдың» деп өзіме киініп тұрдым. Сол сәттегі ағайдың солғын тартқан жүзі мен алысқа мұңая қадаған жанары менің жадымда мәңгі сақталып қалды. Одан бері де он жыл өтті.
Әр кейіпкерді жазарда жұмысын, кәсібін, болмысын, алға қойған мақсатын ашық сұрағаныммен жеке басына келгенде «отбасыңыз туралы айтсаңыз» дегеннен әрі аспайтын болғанмын.
«Аңсаған сәби» – арманға қадам
Бедеулік пен белсіздік белең алып бара жатқан заманда жаны күйзеліп, көңілі құлазып жүрген жандарға «Аңсаған сәби» бағдарламасы үміт сәулесін сыйлағаны рас. Бірақ ана болсам деп армандаған жанның барлығы бірдей бағдарлама арқылы бақытқа жетті дей алмаймыз. Оның да өзіндік себебі бар. Аталған бағдарлама арқылы аңсағанына жетіп, ана атануға кімдердің мүмкіндігі бар көптің көкейіндегі сауалға нақты жауаптармен жөн сілтесек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Осы орайда, экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артты. Нәтижесінде мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие болды. Барлық шығын мемлекет есебінен төленеді. 2030 жылға дейін жалғасын табатын бағдарламаның жүзеге асуы, қатысу шарттары және жолдама алу туралы толығарақ төмендегі мақалада тоқталамыз.
Ресми деректерде елдегі әр алтыншы отбасына нәресте сүй бақыты бұйырмай отырғаны туралы жазылады. Оған экологияның нашарлауы, жастардың денсаулығының әлсіздігі себеп болып отыр деседі мамандар. Өзекті мәселенің оңтайлы шешімін табуды көздеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйегінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастап, экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтуді тапсырған еді. Тапсырманы жүзеге асыру үшін, бедеу ерлі-зайыптыларға қосымша репродуктивті әдістер мен технологияларды тиімді өткізу үшін денсаулық сақтау министрлігі атқарылуы тиіс іс-шараларды жүйелі жүргізуде. Анықталғаны елімізде «бедеулік» диагнозы қойылған 14 мыңнан астам әйел мен 100-ден аса ер адамның бар екендігі.
«Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Денсаулық сақтаудың жетекші бейінді мамандары мен ұйымдастырушылары қатарынан жұмыс тобы құрылды. Нормативтік-құқықтық құжаттар, атап айтқанда ЭКО жүргізу үшін көрсеткіштер қайта қаралды. Өңірлер бөлінісінде бедеулігі бар пациенттердің тізімі өзектендірілді. Бұл тізімге әйелдер мен қоса ерлерде енгізілді. Фертильді жастағы адамдар санын ескере отырып, өңірлер бөлінісінде ЭКО-ға 7 мың квота бөлінді. Үш жылда 20 мыңнан астам экстракорпоральды ұрықтандыру жасалған. Оның ішінде 8 мыңнан аса әйел жүктілікпен есепке алынса, 6 мыңға жуық бала дүниеге келген.
Бұл бағдарлама бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді. Олар репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер, жоғары фолликулярлық резерв.
Алайда мамандар үміткерді медициналық тексерістен өткізгеннен кейін экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы да мүмкін. Мәселен үміткердің жатырында туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы және денедегі қатерлі өскіндер болса, экстракорпоральды ұрықтандыру жүзеге асырылмайды.
ЭКО-ға жолдама қалай беріледі
«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында ЭКО-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару міндетті. Сол жерде үміткерді бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосады. Одан кейін тексерістен өтеді. 12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емшараға дайындық басталады. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру клиникасын өзі таңдайды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасы жылына бір рет тегін жасалады.
Экстрокорпаральды ұрықтандыру елімізде негізінен 1995 жылы басталған. 2010 жылдан бері мемлекет қаржы бөлді. Бұрын жылына 400-500 квота ғана берілсе, 2021 жылдан бастап 7 мыңға көбейген. Нәтижесінде 3 жылда 5 мыңдай отбасы сәбидің күлкісіне шомылып, бақытқа бөленген. Көмекке мұқтаж отбасылар қатары әлі де сирген жоқ. Қазіргі таңда елімізде 26 ЭКО орталық жұмыс істейді. Басым бөлігі жекеменшік клиника.
Қазір республикалық есеп бойынша 15 мыңға жуық ерлі-зайыпты бедеулік есебінде тұр. Жастар отбасын құрғасын 1 жылда бала сүйе алмаса, бірден квотаға өтініш бере алады. Бұған дейін тек қана 3-4 жылдан кейін өтініш жазу мүмкіндік бар болатын. Талап жеңілдегенмен бәрі де әйелдің денсаулығына тікелей байланысты.
Бұл ретте: «Антимюллерлік гармон 1-ден төмен болмау керек. ФСГ 12-ден жоғары болмауы шарт. Және аналық безінде оң жақ, сол жағында үш-үштен 6 фолекул болу керек. Өкінішітісі, аталған талапқа сай келмейтін нәзік жандылар қатары көп. ЭКО-ны бір рет жасаудың өзі шамамен бір жарым миллион теңге. «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы ковта алу жеңілдеп келеді. Мәселен, көмекті бір рет пайдаланған отбасы екінші жылы тағы да қатыса алады. Анализді қайта тапсырып, кезекке тұруға құқылы», – дейді бас акушер-гинекологы Индира Опабекова.
Бағдарлама бақытқа бөлей алды ма?
Жоғарыда айтқанымыздай бағдарлама аясында жыл сайын 7 мың квота бөлінеді. Яғни, міндетті медициналық сақтандыру қорынан шамамен 7 млрд теңге жұмсалады. Мемлекеттік көмекті әр отбасы жылына бір рет қолдана алады. Бағдарлама 2030 жылға дейін жалғасса, жеті жылда 49000 отбасының ата-ана атану мүмкіндігі бар.
Ал біздің Қазалы ауданындағы ахуал қандай? Қазалы аудандық теміржол ауруханасы және Қазалы ауданаралық орталық ауруханасыны мамандарына сұрау салдық. Теміржол ауруханасының бас акушер-гинеколг маманы Индира Опабекова биылдың өзінде қазалылық тоғыз ана ЭКО-ның көмегіне жүгінгендігін айтты. Олардың ішінде біреуі «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы квота алған. Жалпы бағдарлама жүзеге асқан сәттен төрт әйел тегін жасанды ұрықтандыруға жолдама алған. Оның үшеуі сәбиін өсіріп отыр.
– Биыл тоғыз ана ЭКО жасатты. Бесеуі бөбегін аман-есен қолына алды. Екі келіншек жүкті, сәби күтіп жүр. Өкінішке орай екі әйел түсік тастады. Солардың біреуі – «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы жолдама алған болатын», – дейді ол. Маманның мәлімдеуінше биылғы жылы келіншектердің барлығы дерлік өз қаражаты есебінен ЭКО-ға жол тартқандар.
Ал ауданаралық орталықтандырылған ауруханасы бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Айымкүл Келмағанбетқызы: «Жыл басынан бері үш әйел жасанды ұрықтандыру арқылы бала босанды. Екеуі үйіне шығарылды. Біреуі қазір перзентханада. Барлығының жағдайы жақсы. Тұрақты бақылауда», – деді. Жалпы аудандық аурухана бойынша 2021 жылдан бастап 4 әйел тегін жасанды ұрықтандыру жолымен сәбилі болған
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
12 желтоқсан 2023 ж. 102 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930