Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәрінен де бірлік қымбат

Бәрінен де бірлік қымбат

1 мамыр – Қазақстан халқы үшін жай ғана күнтізбедегі демалыс күні емес, бұл – елдігіміздің еңсесін тіктеп, ішкі тұрақтылығымызды айшықтайтын ерекше мереке. Бұл күн – мемлекеттігіміздің алтын діңгегіне айналған достық пен татулықтың нышаны. Қазақ елі бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдеріне ортақ отан.
Тарихтың сан түрлі кезеңдерінде тағдыр тәлкегімен келген талай нәсіл мен ұлт өкілдерін бауырына басып, бір үзім нанын бөлісе білген кең пейілді мекен. Бүгінде елде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері өз мәдениетін, тілі мен салт-дәстүрін сақтай отырып, біртұтас Қазақстан халқы ретінде мемлекеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
1 мамыр – халқымыздың бірлігі күні. Жалпы бұл мереке Кеңес Одағында ең танымал және ең сүйікті мейрамдардың бірі болды. Алайда ел халқының тек бестен бір бөлігінен басқасы Халықаралық ынтымақтастық күнінің неліктен 1 мамырда атап өтетінін білмейді.
Бұл күн – Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекелердің бірі. Елдің барлық өңірлерінде дерлік 1 мамыр тойланады. Мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше. Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында өмір сүріп жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқанын тойлайды. Елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді. Бүгінде «Достық» атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар мерекеде ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетіледі. Халықтың көңіл-күйін көтеру үшін түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады.
2-бет
Тарихқа көз тастасақ, 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Өзара түсіністік, ұстамдылық, әртүрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті сіңісе білді.
Халық Кеңес дәуірінде іс жүзінде мемлекеттік мерекеге айналған 1 мамырды бүкіл әлем жұмысшыларының ынтымақтастығы үшін емес, мамыр мерекелері мен Жеңіс күні тамаша еңбек дәстүрлерін және өткен соғысты еске түсіріп, бақшаларды аударып картоп, сәбіз, пияз өсіруге мүмкіндік беретіндігі үшін жақсы көрді. 1 мамыр КСРО кезінде ауқымды тойланған. Сол кезде халық «Бейбітшілік, еңбек, мамыр!» деген ұран жазылған плакаттар мен гофрленген картоннан жасалған үлкен қалампырларды қолдарына ұстап, салтанатты түрде көшеге шыққан екен. Сондай-ақ, кейбір балаларға және парадқа қатысатындарға КСРО құрамына кіретін елдердің ұлттық киімдері тігіліпті. Ал үлкендер пальтосының жағасы мен плащтың түймесіне қызыл бантиктер тағып жүрсе, қыздар шаштарын қызыл лентамен өріп, қолдарында жалаушалар мен гүлшоқтарын ұстап жүрген. Кеңес одағы республикалары үшін 70 жылдан астам уақыт бойы мамыр мейрамының «Бейбітшілік, еңбек, мамыр!» ұраны жұмысшылардың халықаралық ынтымақтастық күні болып қалды. Ал кейіннен Кеңес Одағы тарап, әрқайсысы өз алдына мемлекет болып құрылғаннан кейін, тәуелсіз мемлекеттердің кейбіреулері мерекеге біршама өзгеше мән беріп, өз халықтарының әдет-ғұрыптарын сақтай отырып бұл күнді демалыс күні ретінде қалдырды. Бүгінгі күні Халықаралық 1 мамыр мерекесі әлемнің 66 елінде өздерінің дәстүрлеріне сай атап өтіледі. Әлемде біздің еліміз сияқты бір шаңырақ астында әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанына мақтана алатын елдер көп емес. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап бейбітшілігіміз мығым. Сол үшін Қазақстан көптеген елдер үшін үйлесімділік пен бірліктің үлгісі болды.
Бұл мерекенің мәні тек салтанатты жиындармен ғана шектелмейді. Бұл – әрбір азаматтың Отан алдындағы жауапкершілігін сезінетін, өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қарайтын сәті. Жаһандық геосаяси жағдайлар құбылған заманда ішкі ауызбіршілікті сақтау – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. Бірлік күні бізді ортақ мақсатқа жұмылдырып, «көптүрліліктегі бірлік» қағидатын нығайта түседі. Мерекеде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мәдени іс-шаралар, көрмелер мен фестивальдер өтіп, әр ұлттың өзіндік ерекшелігі паш етіледі. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын жалғап, жастардың бойында патриотизм мен өзге мәдениеттерге деген құрметті қалыптастырудың таптырмас құралы. Біздің басты міндетіміз – ата-бабамыздан мұра болып қалған осы тыныштық пен татулықты көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттау. Шаңырағымыз биік, босағамыз берік, бірлігіміз мәңгі, тірлігіміз баянды болсын!

Айнұр ӘЛИ
01 мамыр 2026 ж. 22 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031