Үкілеген үш үміт
Осыдан тура жиырма жыл бұрын қазалылық Шәкіровтер шаңырағы шаттыққа бөленді. Оған себеп – 2002 жылдың желтоқсан айының он жетісі күні отбасының келіні дүниеге үшем әкелді. Бұл қуанышқа Шәкіровтермен бірге Қазалы халқы бәрекелді десті.
Жүйіткіген уақыт зымырап өте шықты. Бүгінде сол кездегі үш сәби, бойтүзеп, бойжеткенге айналды. Дариға, Динара, Әлия есімді арулар Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев есімімен аталатын білім ордасын білім алды. 9-сынып бітірді деген куәлік қолға тиісімен өздері бала күннен арман еткен медицина саласының маманы болу үшін Қызылорда қаласына жол тартты. Ата-ананың да қалауы перзенттерінің таңдауымен дөп түсті.
Қызылорда медициналық жоғары колледжінен Дариға мен Динара «Дантист», Әлия «Мейірбике ісі» мамандықтарын меңгеріп, туған жерге оралды. Қазіргі таңда Дариға мен Динара «Ақкербез» тіс емханасында, Әлия Қазалы қалалық «Шипагер» емханасында еңбек етіп жүр.
– Отбасында бес баламыз. Ағамыз Айдарбек және сіңіліміз Айару. Әкеміз Алдажар Сағымбаев Жүйке аурулар интернатында аға санитар, анамыз Бақытгүл Сағымбаева «Ақерке» балабақшасында тәрбиеші көмекшісі болып жұмыс істейді.
Біздің есімімізді әжеміз қойған, – дейді өзін үшемдердің үлкенімін деген Дариға.
Үшемдердің түр-сыйпаты бір-біріне ұқсағанмен мінездері әртүрлі. Әңгіме барысында сұрақтардың басым көпшілігіне бірінші болып жауап берген Дариғаның мінезі ашық, көңілді, адамдармен тез тіл табысатындығын аңғардық. Ал Динара сабырлылы екен. Үнемі көңілді жүретін көрінеді. Әлия болса мейірімділігі басым. Ақкөңіл ару кім-кімге де қамқор қолын созсам деп тұрады.
Үшеуіне ортақ қасиет – еңбекқорлық. Жалқаулануды жанымыз сүймейді деген қыздар қай істі болмасын ертеңге қалдыруды құп көрмейді. Бұл ретте ата-ана Алдажар мен Бақытгүлдің де еңбегі орасан. Ұл-қызын ізетті, ибалы, инабатты болуға баулыған жандар ұрпағының болашағынан зор үміт күтеді.
Айтпақшы, үшемдерге қатысты қызықты оқиғалар жиі орын алып тұратын көрінеді. Әсіресе түрлері қатты ұқсас Дариға мен Динараның басынан бұндай жайттар жиі өтіпті. Бұған екеуінің бір топта оқығандықтары да әсер еткен болар.
– Бір күні сабақта Динара сабаққа дайындалмаған мен сол кезде ауысып Динараның орнына сабақ айтып жақсы баға алғанмын, – дейді Дариға Шәкірова.
Ұ.ТАЛАПБАЕВА